Бірғаным Әйтімова: Киноиндустрияға айрықша назар қажет
Бұрынғы бір орталыққа бағынған мемлекеттік баспалар мен полиграфиялық кәсіпорындар жекешелендірілді, бәсекелестік ортаға берілді. Сөйтіп, нарықтық экономикаға бет бұрған тұста кітап пен баспа саласы қиын жағдайларға тап келді. Кітап шығару күрт кеміді.
Соңғы уақыттарда Интернет жылдам дамып келе жатқанына қарамастан, жер бетіндегі адамдардың көп бөлігі, әлі де болса, сиқырлы қобдишадағы кинодан бас тартар емес. Оған дәлел еліміздегі жыл санап кинотеатрлар санының артуы. Кино түсіру саласына жұмсалатын инвестициялар көлемі де жыл сайын артып келеді. Ұлттық кинематография Еуропа, Азия және Америкадағы өнер орталықтарынан серіктестерді көптеп таба бастады. Елдегі кино нарығының ауқымы тар және жергілікті киностудиялар түсірген фильмдерді жұртқа көрсетуден түсетін пайда жалпы кассалық түсімнің он пайызына да жетпейді. Ал ресейлік дистрибьюторлар Қазақстанға экспорттап отырған Голливуд студияларының фильмдерінен түсетін пайда кассалық түсімнің шамамен жетпіс пайызын құрайды.
Осыған байланысты, мемлекет тарапынан кітап шығару және киноөндірісі қызметтеріне қатысы бар салаларды дамыту мәселелеріне ерекше назар аудару қажет, бұл үлкен қаржылық және шығармашылық ресурстарды талап етеді. Осы салаларды дамыту арқылы, отандық кітап және кино өніммен толтыруға мүмкіндік туады.
Қазіргі уақытта елімізде қызметтің басым түрлерін жүзеге асыру үшін 11 арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді. Аймақтар қазіргі заманғы өнімділігі жоғары, бәсекеге қабілетті өндірістерді жедел дамыту, экономика салаларына және өңірлерге инвестициялар, жаңа технологиялар тарту, сондай-ақ халықты жұмыспен қамтуды арттыру мақсатында құрылған. Аймақ қатысушылары үшін Салық кодексінде және «Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы» заңда корпоративтік табыс салығына, жер салығына, мүлік салығына, қосылған құн салығына қатысты жеңілдіктер көзделген.
Біз осы мәселелерді ескере отырып, Үкіметтен кітап өндірісі мен баспа ісі, киноөндіріс салалары бойынша отандық компаниялардың аймақ режімінде жұмыс істеу мүмкіндігін қарастыруды және осы мәселені нормативтік құқықтық реттеу жөнінде тиісті шаралар қабылдауды сұрап отырмыз.
Бірғаным ӘЙТІМОВА,
Сенат депутат