Шешенстандық құқық қорғаушы Титиев өзін шартпен босатуды сұрады

0

Ресейлік «Мемориал» құқық қорғау орталығының Грозныйдағы бөлімшесінің басшысы Оюб Титиевтің адвокаты құқық қорғаушыны шартпен босатуды сұрап, өтініш түсірді. «Мемориалдың» хабарлауынша, төрт жылға сотталып, кесілген мерзімнің үштен бірін өтеген Титиев өзін шартпен босатуды сұрай алады.

Шали қалалық сотына Титиевтің адвокаты өтінішті 15 мамырда түсірген. Қорғау тарапы Оюб Титиевтің жазасын өтеу кезінде қоныс колониясының ішкі тәртіптерін сақтағанын, ешбір бұзақылық жасамағанын анықтаған. «Шешім мамырдың соңында не маусымның басында шығуы мүмкін» деді адвокат Петр Заикин.

Оюб Титиев былтыр 9 қаңтарда ұсталған. Тергеу органдары оның көлігінен есірткі тапқанын хабарлаған. Титиев көлігіне есірткіні полицейлердің өздері тастағанын айтады. Құқық қорғаушының жақтастары Титиевтің ісі қолдан жасалғанын, саяси астары барын мәлімдеген.

Биыл 18 наурызда Шешенстанның Шали қалалық соты құқық қорғаушы Оюб Титиевті «есірткі сақтағаны» үшін төрт жылға бас бостандығынан айыруға үкім еткен. 12 наурызда соттағы соңғы сөзінде Оюб Титиев сот өзін айыптайтын үкім шығаратынын мәлімдеп, өзіне қарсы сот процесін «барлық құқық қорғаушы ұйымдарға берілген белгі» деп атаған.

Халықаралық ұйымдар мен құқық қорғаушылар Оюб Титиевке ара түсіп, бірнеше рет мәлімдеме жасады. Еуропа кеңесі парламенттік ассамблеясының (ЕКПА) құқық қорғау саласында тағайындаған Вацлав Гавель атындағы сыйлығы өткен жылы Оюб Титиевке берілді. Титиев адам құқығын қорғаудағы батылдығы үшін Мәскеу Хельсинки тобының сыйлығымен марапатталды.

Azattyq