Қылмыстың 70 пайызы ұрлыққа тиесілі

0

Ұрлықтан зардап шеккен жандар көбейіп, наразылықтар артып барады. Соның ішінде пәтерлерді тонау, қалтаға түсу, автомобильдерді айдап кету немесе бөлшектер ұрлау, қалтафондарды қағып кету сияқты ұрлықтар көбейіп бара жатыр. Қазір барлық қылмыстың 70 па­йыз­­дан артығы ұрлықтың үлесінде. Азаматтарға да, мемлекетке де зиян келтіріп жатқан осы қылмыс түріне қарсы құқық қорғау органдарының жұмысы мардымсыз болып отыр. Мәселен, былтырғы жылдың 8 айын­дағы ұрлық 119785 болса, биылғы жылдың сәйкес мерзімінде ол 202076-ға жетті. Соның ішінде үй тонау қылмыстары 20 пайыздан асқан. Мал ұрлығы 3468-ге жеткен. Сенатор басқа да ұрлық түрлерінің өршіп отыр­ғанын тілге тиек ете келіп, Премьер-Министрге жоғарыда атал­ған сауалын жолдаған еді. Оны В.Волков­тың бірнеше әріптестері де қолдап, қолдарын қойған. Жуырда сол сауалға жауап келді. 

Онда Құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі кешенді жоспарды және басқа да құқықтық құжат­тар­ды іске асыру шеңберінде бөтен адам­дардың мүл­кін ұрлауға қарсы көптеген шара­лар жүргізіліп жатыр. Мысалы, қалтафондардың ұрлығына қарсы «Байланыс туралы» заңға енгізілген өзгерістердің негізінде 2019 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енетін «Абоненттік құ­р­ы­лымдарды тіркеу тәртібі» бекітілді. 

Кейбір көлік құралдарын ұрлау трансұлттық сипатта болғандықтан оған қарсы ынтымақтастық орнату жөнінде ТМД-ға мүше елдермен келісім жасалып, ол 2017 жылдың желтоқсан айында ратификацияланды. Қазақстан мен Ресей Федера­ция­сы ішкі істер министрліктерінің бірлескен алқасының шешімімен 2019 жылдан бастап екі елдің арасында ақпараттармен алмасу электронды түрде іске қосылады. Бұл ұрланған автокөліктердің қозғалысына бақылау жасауға мүмкіндік береді. 

Сонымен бірге автомашиналарды бөлшектеу және қосалқы бөлшектерін сататын сауда орындарының жұмы­сын заңнамалық тұрғыдан реттеу үшін тиісті мемлекеттік органдар «Автомо­биль көлігі туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар әзірлеу үстінде. 

Мал ұрлығын тыю мақсатымен ІІМ Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап еліміздің түкпір-түкпірінде 28 стационарлық ветеринарлық тірек ашады. Олар «Ауыл шаруашылығы мал­дарын сәйкестендіру» дерекқорына кі­ріп, ұрланған малдың қозғалысын ба­қы­лауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ «Кейбір заңнамалық актілерге агро­өнеркәсіп кешені мәселелерін реттеу бойынша өзгерістер мен толық­тыру­лар енгізу туралы» заң жобасы Пар­ламент­тің қоржынында жатыр, онда жергілікті атқарушы органдарға мал­ды есептеу мен бағу тәртібін әзірлеу және осы тәртіп бұзылғанда әкімшілік жауап­кер­шілік жүктеу өкілеттіктері берілген. 

Бұдан басқа «Кейбір заңнамалық актілерге меншік құқын қорғау мен арбитражды күшейту мәселелері бо­йынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау шеңберінде Парламент Мәжілісінде Қылмыстық кодекске толықтырулар енгізу мәселесі қарастырылуда. Ол қылмыстың «бірінші рет емес» сипатына келетін қылмыскерлерді ауыр қылмыс жасағандар категориясына ауыстыруды және мал ұрлығына жауапкершілікті заңның бөлек нормасымен («Мал ұрлығы» 181-1 бап) қарастыруды көздейді. Сондай-ақ ұрлықтың алдын алу мақсатымен ұрланған дүниені сатып алудың жауапкершілігін арттыру да көзделген. 

Металл сынықтарын ұрлауға қарсы күрес бойынша Инвестиция және даму министрлігі қатысы бар мемлекеттік органдар және ұйымдармен бірлесіп, оларды шетке шығаруды заңды тұр­ғыдан реттеу және осы бизнесті лицензиялау мәселелерін қарастыруда, делінген жауапта. 

Дайындаған Жақсыбай САМРАТ, 

«Егемен Қазақстан»