Музыкалық білім беру үрдісінде инновациялық технологияны пайдалану мүмкіндіктері
Білім берудегі инновациялық үрдістер бүгінгі таңда уақыттың басты талабы ретінде қоғамдық дамудың құрамдас бөлігі болып табылады. Еліміздің əлемдік білім кеңістігіне бағдар алуының басты өзегі – өскелең ұрпақтың жаңа білімге деген құндылық бағдарын қалыптастыра отырып, олардың танымдық жəне рухани қажеттіліктерін қанағаттандыру жəне жан-жақты дамыған, шығармашыл жеке тұлғаны қалыптастыру. Ол да болса, жоғары білім беру жүйесінің Болон процесінің идеяларын толықтай қабылдап, өз жұмысының мазмұнын осы үрдіспен байланыстырумен ерекшеленеді. Оның басты идеясы – оқу нəтижелерін жоспарлау, құрастыру, яғни жоғары оқу орындарының, оның ішінде əрбір оқытушының, əр пəннің міндеті болып танылуда.
Қазіргі заман жаңашылдық, жаңа көзқарастар, жаңалықтар заманы десек, оған сəйкес инновациялық технологиялар оқу-тəрбие үрдісінде кеңінен, қарқынды да белсенді қолданылуда, ол өз кезегінде музыкалық білім беру барысында мəтіндік, дыбыстық, кескіндемелік, бейнематериалдарды жаңаша қолдануға мүмкіндік береді. Ол білім алушының танымдық іс-əрекетін белсендіруге, шығармашылығын дамытуға, музыкалық мəдениетке деген қызығушылығын арттыруға, жалпы жеке тұлғаның рухани əлемінің қалыптасуына ыңғайлы да ұтымды деп танылады. Оқытудың инновациялық технологияларын болашақ маманның құзіреттілігіне ықпал ететін білім алушылардың инновациялық жəне шығармашылық тəжірибелер жинақтауына ықпал етеді.Оқытудың белсенді əдістері, шындығында интерактивті, себебі белсенді əдістер ықпал ету əдістерінен оқытушы мен білім алушылардың қарым-қатынастарына ұласады. Ал ол болса, тұлғаның өзін-өзі дамытуының жолы болып табылады.
Соңғы жылдары Республикамызда білім алушылардың оқу-танымдық əрекетін белсендіру, инновациялық технологияларды оқыту үрдісіне пайдалану, оқыту əдіс-тəсілдерін жетілдіру мəселелері М. Жампейісова, А. Жолдасбекова, Қ. Нағымжанова, Б. Тұрғынбаева, Қ. Сарбасова, Р. Омарова, жəне т.б. зерттеулерде орын алған. Педагогикалық технологиялардың түрлері өте көп, десек те, оқыту үрдісінде Ж.Қараевтың деңгейлеп оқыту технологиясы, Қ. Əбдіғалиевтің шоғырландырып қарқынды оқыту технологиясы, М. Жампейісованың блокты-модульдік технологиясы жəне т.б. қолданыс табуда.
Оқытудың инновациялық технологияларын білім беру мазмұны сабақтастығының сақталуына, білім алушылардың психологиялық ерекшеліктеріне байланысты таңдап, тəжірибеде сынап қараудың маңыздылығын атап айтқан жөн. А. Шалабаева инновациялық оқытудың ерекшеліктер қатарына мынаны жатқызады: жеке тұлғаға бағдарланған технологияларды оңтайлы қолдану арқылы инновациялық білім берудің дамуы; ғылыми мектеп негіздеріне сай кəсіби құзіретті мамандар даярлау жүйесін жасау; кəсіби білім беру жəне инновациялық қызметті кіріктіру қабілеттілігі; оқу орнының отандық жəне шетелдік өзекті ортамен ынтымақтастық инфрақұрылымын дамыту; оқу орнында жалпы жəне кəсіби құзіреттілікті дамытуда бəсекелестік қалыптастыру; жаңа мақсаттарға сəйкес ұйымдастыру құрылымын жəне басқару мен өзін-өзі басқару əдістерін жасақтау.
Қазіргі таңдағы жалпы музыкалық білім берудің басты мақсаты – инновациялық технологияларды кеңінен пайдалана отырып, қазақ халқының əдет-ғұрпын, салт-дəстүрін, өнерін қадірлейтін, оның өмірмен байланыстылығын түсінетін эстетикалық жəне музыкалық танымы дамыған рухани бай жеке тұлғаны тəрбиелеуге бағытталып отыр. Тұлғаның мақсатқа бағытталған даму жүйесiн құруды талап ететiн эстетикалық тəрбие беру музыкасыз, оның жас ұрпаққа түрлi де жан-жақты əсерiн, оның қабылдануы мен тəрбиелiк рөлiн зерделеусiз мүмкiн емес. Олай болса, музыка жайында бірер сөз қозғасақ, кезкелген халықтың өзіне тəн ұлттық мəдениеті, ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи-этнографиялық ерекшеліктері болады, солардың басты бір арнасы – музыка.
Музыка əлемі – адамзат мəдениетінің байлығы ішіндегі мұхиттай шексіз, ғажайып дүние. Ұлы ойшыл əл-Фараби көрсеткендей: «Музыка – жақсы мінез-құлықты, адамның қоғамдық мұраттарын қалыптастыруда елеулі рөл атқарады. Эстетикалық сезімдерді туғызу арқылы адамның өзін-өзі тəрбиелеуіне, бойындағы нашар қасиеттерден арылуына ықпал етеді», расында, музыка – адамзаттың рухани азығы, жан серігі жəне тілімен айтып жеткізе алмайтын ұшқыр қиялы, нəзік сезімі, адам жанын жарқындататын өнер. Сондықтан да ол балаларға қатты əсер етеді. Бірақ, жан дүниеге ой тастаған əуенді бір ғана сөзбен жеткізу мүмкін емес, музыканы жан-дүниесімен түсінетін адам ғана əуен ырғағымен қабылдайды. Себебі, «Музыка – жүрек тілі», яғни сезім, қобалжу, көңіл күйдің тілі деп ұққан жөн. Олай болса, музыка шынайы өнер, адамға əсер етіп, құдіретті эмоциялық орасан зор күші арқылы тұлғаның музыкалық-эстетикалық талғамын оятады.
Музыка күшi оның жан-жақты əсер ететiндiгiнде: ерiк-жiгерге, ақыл-ойға, ойлауға «логикалық сезiмге» байланысты. Жалпы, ұлы ғұламалар əлФараби, Ибн-Сина т.б. жеке тұлғаның рухани дамуына өнер мен мəдениеттің əсері турасында мағлұматтар, оның ішінде музыка өнерінің теориялық жəне тəжірибелік негіздерін дамыту жайында тұжырымдар, маңызды зор ғылыми еңбектер қалдырған. Ұлы педагог В.А. Сухомлинскийдің «Гимнастика денені түзесе, музыка адам жанын түзейді» деген пікірі бекер айтылмаса керек, музыка адамның рухани азығы, жан серігі жəне тілмен жеткізіп айта алмайтын ұшқыр қиялы, нəзік сезімі. Ол өзінің көркемділігі жəне маңыздылығымен бала жанын баурап, ақыл-ой сана сезімдерін кеңейтіп, жақсы мінез-қылықтарын біртіндеп қалыптастыруға əсерін тигізеді. Музыка өнерінің тағы бір ерекшелігі адамның көңіл-күйін ортақтандырады. «Табиғат дүниесіндегі сұлулықтың ғажабы аспан шырақтарында, ал жердегі дыбыс сұлулығы – əн, күй сазында» – дейді шығыс философы, музыка зерттеушісі, ғұлама ғалым Əбунəсір əл-Фараби. Француздың ұлы жазушысы Р.Роллан: «Музыка – тамшы сияқты, там – тұмдап жүрекке енеді де, жанды желпіндіреді», – деп айтқанындай, музыканың тілі сөйлеу тіліне қарағанда ұлттық болмысқа көп жақын, адам бойындағы ұлттық рухани байлығының қайнар көзі. Ұлттық қасиет пен ұлттық тілді бойына ең мол сіңірген құбылыс деп музыканы айтуға болады.
Музыкалық дыбыс – өзіндік мəні мен маңызы, қадірі мен қасиеті, ерекшелігі бар дыбыс. Мəні – адамның аңсаған арманы, қуанышы мен күйінішін, өмір құбылыстарын сан алуан сиқырлы иірімдер арқылы санаңа жеткізіп, жүрегіңе құйып беретіндігінде болса, ал маңызы – сиқырлы да сүйкімді ырғақтарымен, тебіреністі тербелістерімен адамды дүние сырын түсінуге, сұлулықты сезінуге жетелейді. Дүние сырын түсіне, сұлулықты сезіне білген жеке тұлғаны рухани бай тұлға деп атай аламыз. Оның негізгі мақсаты мен міндеттерін іске асыруы мен табысты болуы едəуір дəрежеде мұғалімнің іскерлігіне, шеберлігіне, білімділігіне байланысты болмақ. Оқушының бейiмдiлiгiне, қабiлетiне, шеберлiгiне бағыт берiп, тұлға ретiнде қалыптасуына мұғалiм мүмкiндiк жасап, бiрiгiп жұмыс істеп, балалардың қызығуын тудырады, қабiлетiн ұштайды, ал оған тəрбиелiк бағыт беру мұғалімдердің өзiн-өзi тəрбиелеуге, жетiлдiруге жəне бiлiм алуға бейiмдейдi.
Білім беру саласындағы талаптарға сай озық технологияларды меңгермейінше сауатты, жанжақты педагог-маман болу мүмкін емес. Бүгінгі таңда музыка мамандарының алдында тұрған маңызды мəселелердің бірі – осы ата-бабаларымыздай музыканың құдіретін терең түсініп, оны өзінің рухани азығы етіп, адам өмірін нұрландыруға ат салысуда инновациялық технологияның мүмкіндіктерін кеңінен пайдалана отырып, музыкалық білімді азамат тəрбиелеу. Ал оның түп тамыры, негізі музыканы қабылдай білуде жатыр. Музыка таза эмоцияға əсер ете отырып, адамның қиялы мен көңiл күйiне байланысты қабылданады. Баланы музыка тыңдауға тарта отырып, оны саналы түрде қабылдауға баулу, музыкалық тəрбие беру жұмысындағы күрделі міндеттердің бірі, ол білім алушының тұлға ретінде музыкалық мəдениеттілігін қалыптастырудың алғышарты болып есептеледі. Сол туындыларды терең сезіне білген тыңдаушы музыкалық-эстетикалық талғамы жоғары, адамгершілігі мол, мейірімді, жанжақты, мəдениетті тұлға болып өсері хақ.
Əсем де көркем музыкалық əлемнің тылсым құбылыстарын терең түсінуде бірден-бір тиімді көмек көрсететін білім берудегі инновациялық технологияның мүмкіндігі зор десек, білімдегі инновациялық үрдістің нəтижесі теория мен практиканың тоғысында пайда болатын – теориялық та, практикалық та жаңалықтарды пайдалану болып табылады. Мұнда білім жүйесіндегі инновация білім мақсатына жаңашылдықты енгізуді көздейді, оқыту мен тəрбиенің жаңа əдісі мен түрлерін, жаңа мазмұнын əзірлеуге, қолданылып отырған педагогикалық жүйені тарату мен енгізу; білім беру жүйесінің мақсатын, мазмұнын, əдісін, түрлері мен басқа да құрамдас бөліктерін көздейтін жүйелі сипаттағы білім мен тəрбие беруді жүзеге асырады.
Бүгінгі білім беру саласындағы инновациялық технологияның техникалық жаңалықтарының ішіндегі айрықша орын алатын интерактивті тақталар, олар педагогтардың оқу үрдісін көрнекі, анық етеді, сондай-ақ кері байланысты сапалы жүзеге асырады. Интерактивті тақта барлық курсты оқыту үшін таптырмайтын құрал, бұл визуалды ресурс оқытушының жаңа материалдарды білім алушыларға өте тартымды, əсерлі жəне тез жеткізуіне көмектеседі. Бұл тақта ақпараттарды əртүрлі мультимедиялық ресурстардың көмегімен жеткізуге мүмкіндік береді: қиын мəселелерді жеңіл түсіндіріп, кестелерді, музыкалық туындыларды тыңдаутуда ұтымды да өте ыңғайлы.
Тəжірибеде қолданып келе жатқан мультимедиялық бағдарламалар жайында айтатын болсақ, жиі қолданылып жүрген бағдарламар қатарына ActivStudio, Final, Sibelius, Microsoft Power Point жəне т.б. бағдарламаларын жатқызуға болады. Оның келесідей мүмкіншіліктері бар.
ActivStudio бағдарламасының көмегімен презентация жылдам құрып, практикалық сабақтарды жүргізе аламыз, оны дəстүрлі жəне интерактивті тақта ретінде қолданып, жазу жазып, сызу сыза аламыз, файл беттерін флипчарт түрінде сақтап, оны кез келген топтарда ашып көрсете аламыз, сабақ жоспарының флипчартына суреттерді қойып, фильмдер мен дыбыстарды қосып, музыканы тыңдата аламыз, оқу жоспарларын орындау барысында сабақтың құрылысының орындалуы тез, əрі жылдам жəне уақыт үнемделетінін байқаймыз жəне т.т.
Final бағдарламасы – бұл музыкалық бағдарлама. Ол арқылы ноталық станда тікелей жұмыс жасауға болады. Композиторлар үшін өте қолайлы. Сабақ барысында (лекциялық сабақтар, концертмейстерлік кластарда) музыкалық сауаттылықты, əн үйрену, музыка тыңдау жəне т.б. көптеген іс-əрекеттерді орындауға қолайлы жəне ұтымды болып танылады. Бұл бағдарлама арқылы хор, оркестр, ансамбль партитураларын енгізуге жəне тыңдауға болады.
Sibelius бағдарламасы – бұл да музыкалық бағдарлама. Бұл бағдарлама арқылы ноталықстанның бар мүмкіндіктерін пайдалана отырып, нота енгізудің үлкен мүмкіншіліктеріне ие. Лабораториялық, практикалық сабақтарда, концертмейстерлік кластарда атқарылатын іс-əрекеттерді əнді сүйемелдеу, дауыс жаттығуларын жасау, ноталарды енгізіп, айту, музыкалық сауаттылықты меңгеруіне, бейне түсірілімдерді көруге, жалпы енгізілген музыкалық шығармаларды жəне т.б. ісəрекеттерді орындауға кең мүмкіндіктері бар. Сонымен қатар хор, оркестр, ансамбль партитураларын енгізуге жəне тыңдауға, енгізілген ноталарды баспадан шығаруға болады. Ең бастысы енгізілген нота қай аспапқа лайықты енгізілсе, сол аспаптың тембрі, яғни дыбыстық бояуын сақтай отырып, оның үнін өңдеулер арқылы ести аламыз. Ол да болса, білім алушының музыкалық аспаптардың дыбыстық бояуын еркін ажырата алуға баулиды.
Microsoft Power Point бағдарламасы арнайы презентацияларды өткізуге жəне оны сабақ барысында слайд түрінде қолдануға негізделген мүмкіндіктері өте көп бағдарлама, мəселен, презентацияларды құрып, өткізуге, лекциялық материалдарға арнайы эффектілер қосуға, негізгі кезеңдерді көрсетуге, көрсеткіштерді қосуға, қосымша ақпараттарды (бейне, дыбыстар, суреттер, тыңдауға арналған музыка) енгізуге жəне т.б. болады.
Сонымен, мультимедияның оқу үрдісіндегі орны ерекше деп айтуға болады. Бұл ұғымды кең мағынада қарастырсақ, білім алушыға аса тиімді ықпал ету мақсатымен əртүрлі бағдарламалық жəне техникалық құралдарды пайдаланатын ақпараттық технологиялар құрамын білдіреді. Белгілі бір ортада əркімнің ақпаратты қабылдауы əртүрлі жүзеге асатыны баршамызға мəлім: бірі – тікелей оқығанда, енді бірі тікелей тыңдағанда, ал үшіншісі бейнені қарағанда қаласа, кейбіреулер тыңдау жəне көру арқылы қабылдайды. Білім алушы ауызша баяндау кезінде бір минутта ақпараттың бір мың шартты бірлігін, ал көру мүшелерін «іске қосқанда» осындай жүз мың бірлікті қабылдауға жəне қайта өңдеуге қабілетті екендігі тəжірибе жүзінде анықталынған. Мультимедия құралдары мен технологиялары көмегімен аудиокөріністің ақпаратты өңдеудің қазіргі заманғы тəсілдерін қолдану арқылы білім алушылардың үйрену құлшынысын арттыру мен оқыту қарқындылығын күшейту мүмкіндігін қамтамасыз етуге болады.
Мультимедия технологиялары ақпараттың көптеген түрін мағыналы да үйлесімді кіріктіруге мүмкіндік туғызады. Бұл компьютер көмегімен ақпаратты мынадай əртүрлі формада ұсынуға мүмкіндік туғызады: сканерлеген бейнесуреттерді, сызбаларды, ноталық жазулар мен слайдтарды қамтитын кескіндер; дауыстың дыбыстық жазбалары, дыбыстық əсерлер мен əуен; бейне, күрделі əсерлі бейне; анимация мен анимациялық имитация.
Мультимедияны оқу үрдісінде пайдалану музыка мамандарының оқу материалдарымен өзбетінше жұмыс істеуіне мүмкіндік туғызады, яғни музыкалық туындыларды қалай меңгеру, ақпараттандыру құралдарының интерактивті мүмкіндіктерін қалай қолдану жəне жұмыс істеуді қалай іске асыру керектігін өзі шешеді. Сонымен, музыка маманы ең алдымен өзі білім алу үрдісінің белсенді қатысушысы болып табылады.
Бүгінгі таңда білім саласының алдында жүйеленіп, дайындалып берген білімді, дағдыларды меңгеретін, қайталайтын ғана емес, шығармашылық бағытта жұмыс істейтін, тың жаңалықтар ашатын, біртума ойлау қабілетімен ерекшеленетін жеке тұлға қалыптастыру міндеті тұр. Демек білім беру үрдісінде инновациялық технологияны тиімді пайдалану міндеттерін жүзеге асыру үшін кəсіби маман өскелең ұрпақтың табиғи мүмкіндіктерін, қабілетін дамытып, дүниежүзілік деңгейдегі жоғары мəдениет пен қажетті білім қорын жинақтаған, өз алдына жауапты шешімдер қабылдай алатын, əр істе белсенді шығармашылық əрекет жасайтын жеке тұлғаны тəрбиелеуге аса назар аударуы тиіс.
Автордың аты-жөні, тегі: А.Ш. Исағұлова, А.Е. Есімжанова, М.С. Сұлтанова