Қырым татарларының басынан өткен қасірет ұрпақ жадында қалды
ҰЛТ ЖАДЫНАН МӘҢГІ ӨШПЕЙТІН МАМЫР
Мамырдың 1-і күні шарлар мен транспаранттар көтерген шерулер, одан кейін салтанатты парад, әскери оркестр және қағаз баннерлермен өткен Жеңіс күні. Ал үйде — отбасындағы үлкен адамдардың қырым татарларының депортациясы туралы естеліктері, ата-бабалардың басына барып құран бағыштау, мал таситын вагонда (1944 жылы қырым татарларын осындай вагондарға тиеп, атамекенінен шалғайдағы Орталық Азиядағы Оралға жер аударған) өлім аузынан қалған Севье әженің көзіндегі мұң. Бала күнінен мамыр айы Руслан Оразовтың жадында «қиын әрі қайшылыққа толы ай» ретінде қалған.
Депортация кезінде Севье бес жаста еді. Әкесі 1941 жылы соғысқа кеткенде, Севьенің анасы Бақшасарайға жақын орналасқан Қарабай ауылында бес баласымен жалғыз қалған. Олар 1944 жылы сол маңда тұратын ондаған мың басқа қырым татарларымен бірге «оккупанттарға көмектесті» деп айыпталып, күштеп көшірілген. Руслан халқының басынан өткен қайғы-қасірет туралы әжесінің үлкен әпкесі, депортация кезінде 16 жаста болған Селиме мен ағалары Османның әңгімесінен естіп білген.
Таң қылаң бере есік қаққан қызыл әскер, жиналуға берілген санаулы минуттар, жақын маңдағы теміржол вокзалына жеткізілген әйелдер мен балалардың жылаған даусы. Ары қарай ұзақ жолда Севье сүзекке шалдығып, өмір мен өлім арасында жатқан. Жолдағы станциялардың бірінде сарбаздар Севьені өлдіге санап, поездан лақтырмақ болғанда (ол кезде өлген адамдарды жерлеуге рұқсат етілмегендіктен, оларды көмусіз лақтырып кететін болған), ол қолын қимылдатып үлгерген. Бұл оны ажалдан сақтап қалған.
Севьенің отбасын Оралға жеткізген. Онда совет билігі «сенімсіз элементтер» деп таныған азаматтар мен жер аударылған бұрынғы кулактар тұрған.
Бала күнінде әкесінің арғы ата-бабалары туралы әңгімеден естігендерін еске алған Руслан олардың депортациядағы өмірінен мынадай үзінді келтіреді:
— Тұтқындар сияқты өмір сүрген. Комендатураға белгіленіп отырған. Мектеп өздері тұрған жерден сегіз километр жерде орналасқан. Әжем 3-сыныпты бітірген соң, шамамен тоғыз жасында, басқа депортацияланған жасөспірімдер сияқты оталған ағаш бұтақтарын кесуші боп жұмысқа шыққан. Үлкендер ағаш отап, өзенмен ағызып отырған, кейде беліне дейін суға батып тұрып жұмыс істеген, — дейді ол.
Русланның айтуынша, Энвер атаның отбасын 1944 жылы Ферғана алқабына депортациялаған. Оның анасы балаларды Ферғанаға дейін аман жеткізгенімен, Өзбекстанға келе салып, кіші қызынан айырылып қалған. Ашық аспан астында тұратын отбасы тандыр пешінің жанында қонып жүрген. Үш жастағы ойын баласы пешке түсіп кетіп, тірідей жанып кеткен. 1960 жылдары Энвер атаның отбасы Қазақстанға көшіп, Русланның әжесі мен атасы осы жерде кездескен.
Есейе келе, өз қатарластарымен бірге депортацияға ұшыраған қарттардың куәліктерін жинап жүріп, Руслан жер аудару туралы сұмдық оқиғалар естіген.
— Олар жол үстіндегі әйелдер вагон ішінде басқа ер азаматтар алдында дәрет сындыруға қысылып, қуығы жарылып өлгенін айтты. Жаңа туған сәбилер тірі қалу үшін аналары саусақтарын қанатып, сонымен емізген. Конвоирдың көзі түскен қыздарды қорғауға ұмтылған қарттар мен жасөспірімдер сол жерде атылған. Жолда су мен тамақ бермеген. Сондықтан далада жаңбыр жауған кезде халық вагоннан қолдарын шығарып, қимылсыз тұрып, алақандарына жаңбыр суын жинаған.
Севье әженің соғыстан оралған әкесі отбасын қиналмай тапқан. Депортацияланғандарға жер ауыстыру тыйымы жойылған кезде, ол әйелі мен балаларын алып, Қазақстанға көшкен. Алматы облысы Шелек ауылы маңындағы Табаксовхозға келіп, басқа ондаған қырым татарларының жанына қоныстанған. Олар аптап күн астында темекі плантациясында жұмыс істеп, бақша өсірген. Қырым түбегіне көшуге рұқсат берілмеген, ал әйтеуір Қырымға табаны тигендерді, күштеп кері қайтарып отырған.
— Қазақстанға көбінің [депортацияанған қырым татарлары] келгісі келген. Өйткені жергілікті халық [депортацияланғандарды] түсінген, өздері де репрессия мен 1930 жылдардағы аштықты көрген. Аштық Украинада, Қырымда да болған, — дейді ол.
АТАМЕКЕНГЕ ОРАЛУҒА ТАЛПЫНЫС
1950 жылдардың екінші жартысында депортацияланған халықтардың көбіне жеңілдік жасалған. Совет билігі қалмақ, балқар, шешен, ингуштардың ұлттық автономиясын қайта қалпына келтірген. Бірақ бұл «жылымық» қырым татарларын айналып өткен.
Совет одағында қайта құру жарияланған 1980 жылдары қырым татарлары Мәскеуге ұжымдық хаттар жазып, туған жеріне қайтуға рұқсат сұраған. Руслан Оразовтың айтуынша, оның атасы Қазақстандағы қырым татарлары атынан дайындалған хатқа қол жинаған. 1989 жылы СССР Жоғарғы кеңесі қырым татарларының тарихи отанына қайту құқығын заңды деп тапты.
Руслан Оразовтың туыстары осы жарлықтан кейін көп ұзамай Қырымға кеткен. Бірақ түбекке оралған қырым татарларын ешкім құшақ жая қарсы алмаған.
— Оларды жұмысқа алмаған, жер бермеген. Билік уәдесін орындамаған. Адамдар жерлерді өздігінше иеленіп, үй сала бастаған. Оларды осылай жасауға дейін жеткізген. Құрылыс материалдары болмаған. Қажет жабдықтарды осы жақтан алдырған. Совет одағы ыдырай бастағанда, жиһаз бен құрылыс материалдары көп уақыт шекарада қалып қойған, — дейді Руслан.
Бар қиындық артта қалды, туған жерге оралдық дегенде халық жаңа қиындықтарға кезіккен.
2014 жылы ақпанда түбекте «жасыл адамдар» пайда болды.
Руслан Оразов Ресей Қырымды қосып алардан алдын өткізілген референдумға дейінгі жағдайды былай сипаттайды:
— Бәрі алдап-арбаудан, интервенциядан басталды. Қырымдағылармен сөйлескенімізде, олар көзге түсетін белгісі жоқ техника мен қарулы адамдар жүргенін айтты. Қырымдықтар әскери базада бұғатталған украиналық әскерилерге ас-су беруге барған.
Оның айтуынша, 2014 жылы наурыз оқиғаларынан кейін «салмақты және ұзақ уақытқа қалыптасқан жағдай» қандай болатыны түсінікті болды.
«УНУТМА» — «ҰМЫТПА»
Руслан Оразов қазір Қырымда болып жатқан оқиғаларды мұқият бақылап отырады. Түбекте тұратын туыстарымен жиі сөйлеседі: олардың кейбірі жаман ештеңе болған жоқ десе, екіншілері жаңа билікке қатысты негативті көзқарас ұстанады. Жас жігіт ақпаратты жаңалық сайттары мен әлеуметтік желілер мен месенжерлердегі қырым татарларының топтарынан алады. Ол белсенді Решат Ахметовты ұрлап өлтіргені, Эрвин Ибрагимовтың жоғалып кеткені, «экстремизм» айыбымен ондаған қырым татарының тұтқындалғаны туралы және басқа ұрланған адамдар жөнінде ақпаратпен таныс. 9 мамыр қарсаңында қырым татарлары өз қаржыларына қалпына келтіріп, екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан ата бабаларының атын жазған Мамашай мемориалын вандалдар бүлдіргенін, мешітке өрт қойылғанын да біледі.
Руслан Оразов Ресейде қырым татарларының меджлисі «экстремистік ұйым» деп танылып, 2016 жылы оның қызметіне тыйым салынғанымен келіспейді.
— Меджлис ешкімге кедергі келтірмеген. Оны экстремистік ұйым деп атады. Меджлис сөзін аударғанда «жиналыс» деген мағына береді, парламент сияқты. [Мұстафа] Джемилев те, [Рефат] Чубаров та халықты жинай алатын (Джемилев — қырым татарларының көшбасшысы, Чубаров —меджлис төрағасы, Ресейге бағынышты Қырым билігі олардың түбекке кіруіне тыйым салған. — Ред.). Кім не айтса да, олар беделді тұлғалар. Менің ойымша, халықты басшысыз қалдыру үшін оларды әдейі қудалады. Қазір Қырымда көзге түсетін көшбасшы жоқ. Ал ондай тұлға керек, — дейді Руслан Оразов.
Мұстафа Джемилевтің күресі. (Деректі фильмнен үзінді — орысша.)
Оның пікірінше, түбектің байырғы халқына қысым күшейе береді. Қазір Қырым территориясында әскери күш басым. Тағы бір маңызды фактор – демография. Қырым татарларының көшбасшысы Мұстафа Джемилевтың айтуынша, соңғы бес жылда Мәскеу аннекцияланған түбекке Ресейдің әртүрлі өңірінен 850 мың мен бір миллион арасында азаматтарды көшіріп әкелген.
Соңғы жылдары қырым татарларының туған жеріндегі жағдайы бірқатар халықаралық ұйымдар мен әлемдік державалардың назарын аударып отыр. Еуроодақ, Amnesty International, БҰҰ адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиисарының басқармасы Мәскеудегі меджлис қызметіне салынған тыйымды сынады. Осы жылы Латвия (Совет одағы құрамында болған балтық республикасы) қырым татарларының депортациясын «геноцид» деп атады. «1944 жылғы оқиғаларды «геноцид» деп есептейсіз бе?» деген сұраққа, Руслан Оразов сенімді жауап берді.
— Басқа мемлекеттер де Латвия үлгісін қайталаса, оларға алғыстан басқа айтарым жоқ.
Қазірге дейін қырым татарлары депортациясын «геноцид» деп екі мемлекет қана мойындаған. Бірінші болып бұл қадамды 2015 жылы Украина жасады.
Мамырдың 18-і күні өтетін қырым татарлары депортациясының 75-жылдығына Руслан Оразов сақадай сай дайын. Ол күні «Унутма» («Ұмытпа») деген еске алу шарасы өтеді. Руслан бұл шараны ұйымдастыруға он жыл қатарынан қатысып келеді. «Бұл менің міндетім» дейді ол.
Депортация зұлматын ұмытпаған ақ самайлы қарттар мен олардың балалары, немере-шөбелері «Ватандаш» деп аталатын қырым татарларының мәдени орталығына (Қазақстанда түрлі дерек бойынша, екі мыңнан астам қырым татары тұрады) жиналады. Бұл күні жиналғандар құран оқып, ұлт басына түскен сындарлы кезеңде қаза тапқандарды еске алады. Дұғадан кейін олар бұрынғы НКВД ғимаратына барып, 1930 жылдары қазақ жерінде болған, түрлі дерек бойынша, бір жарым миллион адамның өмірін қиған аштық құрбандарының ескерткішіне гүл қояды. Ескерткіште хал үстіндегі баласын құшақтаған ана бейнесі қоладан құйылып, оның аяқ жағына шайқалған шаңырақ белгісі — төңкерілген қазан қойылған.
«Унутма» шарасынан кейін Руслан мен «Ватандаш» жастар қанатының өкілдері ақсақалдарды үйлеріне жеткізеді. Қарттарға денсаулығын күтуді тапсырып, қолдарын сүйіп, олармен келесі мамырға дейін қоштасады. Келесі қиын әрі қайшылықты мамырға дейін.