Грузияның премьер-министрі елдің білім саласындағы тәжірибесімен бөлісті
Қысқа сілтеме алу
Мамука Бахтадзе Грузияда білім реформасын жүзеге асыру ұлттық идеяға айналғанын айтты
НҰР-СҰЛТАН, 16 мамыр – Sputnik. Грузияның премьер-министрі Мамука Бахтадзе білім саласын дамыту тәжірибесімен бөлісті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
«Біз кешенді білім реформасын қолға алдық. Бұл Грузия тәуелсіздік алғаннае бері жасап отырған ең батыл қадамы деуге болады. Аталған білім реформасы — революциялық бастама. Өйткені біз болашақ ұрпағымызды түбегейлі өзгертуді көздейміз. Қазіргі кезде осы бастама ұлттық идеямызға айналды», — деді Бахтадзе XII Астана экономикалық форумының пленарлық мәжілісінде.
Тағы оқыңыз: Қазақстан мен Грузия премьерлері не туралы сөйлесті?
Оның айтуынша, білім реформасына арналған заң әзірленіп жатыр. Оған сәйкес, жыл сайын ішкі жалпы өнімнің 6 проценті білім беру саласына бөлінетін болады. Аталған сома Грузия бюджетінің 25 процентіне тең.
«Ал, ең бастысы, заң бойынша бізден кейінгі үкіметтер алдағы жылдары адам капиталын дамытуға, ол үшін осы салаға қыруар қаржы салуға міндетті болады. Яғни ел басшылығы болашақ ұрпақтың дамуына ақша салып отырады. Ашық әрі жаңаша ойлайтын адамдар экономиканың қозғаушы күші болады», — деп атап өтті Грузияның премьер-министрі.
Тағы оқыңыз: Грузия Қазақстанға 20 жыл бұрынғы қарызын қайтарады
Қазір Грузия біраз реформаларды қолға алды. Алайда білікті мамансыз оның бәрін іске асыру мүмкін емес. Сол себепті білім реформасына үлкен басымдық беріліп отыр.
«Грузияның болашағына инновациялар қажет. Бірақ адам капиталы, яғни кәсіби мамандар болмаса, реформаларды сапалы жүзеге асыру мүмкін емес. Озық білім — біздің болашағымыз», — деп атап өтті Бахтадзе.
sputniknews.kz