Еурокомиссия Орталық Азия бойынша жаңа стратегия қабылдады

0

15 мамырда Еуропа комиссиясы Орталық Азиямен қатынасын дамытудың жаңа стратегиясын қабылдады. Стратегия Орталық Азиядағы постсоветтік елдермен «тығыз, заманауи және үзілмейтін» серіктестік орнатуды көздейді. 16 беттік құжатта Еуропа комиссиясы бес елмен – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстанмен қатынаста нені көздейтінін жазған.

Комиссия осы құжат арқылы 2007 жылы қабылданған стратегиясын жаңартып отыр.

Құжатта «2015 жылы Брюссель мен Қазақстан қол қойған кеңейтілген серіктестік пен әріптестік туралы келісім (EPCA) Брюссельдің аумақтағы жұмысының негізі болады» деп жазылған. Қазір Еуропа одағы Қырғызстан және Өзбекстанмен осындай құжатқа қол қою бойынша келіссөз өткізіп жатыр.

Стратегияда адам құқықтары мен азаматтық қоғамға қолдау көрсету жайы да айтылады.

«Еуропа одағы аймақтағы адам құқықтарының, азшылықтардың, балалар мен әйелдер құқықтарының сақталуына, сөз бостандығы мен БАҚ-та пікір алуандығының болуына, алалау мен азаптауды жоюға септеседі» деп жазылған құжатта.

Azattyq