«Сонша не өртенген?»: Алматылықтар қаладағы қолқаны қабатын күйіктің иісіне шағымдануда
Алматы тұрғындары әлеуметтік желілерде қалада күйіктің иісі шығатынын айтып шағымдануда. Олар қаланы жайлаған иістен демалу мүмкін емес екенін айтып, алаңдаушылық танытты.
Желі қолданушыларының сөзінше, қаланың барлық ауданында күйіктің иісі сезіледі. Қаланың әр бөлігінде тұратын тұрғындар желіде шағымдарын жазуда.
«Күйіктің иісі шығып тұр. Демалу мүмкін емес. Сонша не өртенді екен?».
«Сағат 9-да қаланың әртүрлі аудандарында қолқаны қабатын сасық иіс шығып тұр. Ауаның ластану деңгейі қыстағы көрсеткішке жеткен. Қаскелеңдегі қоқыс үйіндісі өртенгені туралы жазуда. Демек, бұл түтінде түрлі улы заттар бар. Абай болыңыздар, сыртқа тек аса қажет жағдайда шығыңыздар. Терезені жауып қойыңыздар».
«Сасық иіс тауға да жетті. Каменское Платода да сасық иіс шығып тұр және біртүрлі тұманды байқадым».
«Алмалы ауданында да түтіннің иісі шығады. Сыртқа шығып, тұншығып қала жаздадық».
Өз кезегінде ТЖК 16 мамырдың түнінде Алматының маңындағы тұрмыстық қалдықтар полигонында өрт болғанын хабарлады. Дәл осы себепті қалада күйікті иісі жайлаған.
«16 мамырда түнгі сағат 2-нің шамасында Алматы облысы Қарасай ауданы Әйтей аулынан 7 шақырым жердегі қоқыс полигонында шамамен 1 гектар жерде қатты тұрмыстық қалдықтар өртенген. Зардап шеккендер мен құрбандар жоқ. Өрт сөндіріліп жатыр», — дейді ТЖК-дағылар.
stan.kz