Алматы марафонында ұсталған белсенді Сүлейменова судьяға сенімсіздік білдірді
15 мамырда Алматы қалалық соты Алматы марафоны кезінде баннер іліп, «бейбіт жиын өткізу ережесін бұзғаны» үшін 50 500 теңге айыппұлға кесілген белсенді Сүйінбике Сүлейменованың аудандық сот шешімінің үстінен түсірген апелляциялық шағымын қарай бастады. Бұған дейін Сүлейменованың адвокаты Рәзия Нұрмышева аудандық сот оның аяғы ауыр екенін ескеріп, айыппұлды 30 пайызға азайтқанын айтқан.
Сүлейменованың Азаттыққа айтуынша, 15 мамырда өткен сотта Сүйінбике өзінің апелляциялық шағымын қарағалы жатқан судья Нұрлан Құрманғалиевке сенімсіздік білдірген. Бұған дейін Құрманғалиев марафон кезінде баннер ілу ісінде кінәлі деп танылып, 50 500 теңге айыппұлға кесілген тағы бір белсенді Айгүл Нұрболатованың ісін қараған. 14 мамырда апелляциялық сот Нұрболатованың шағымын қанағаттандырылмаған.
«Ісімнің жария түрде әділ әрі тәуелсіз, бейтарап, кәсіби сотта қаралу құқығым бұзылғандықтан судьяға сенімсіздік білдірдім» деді Сүлейменова Азаттыққа. Оның сөзінше, судья сот отырысының өтетін уақытын адвокаты мен белсендіге ескертпеген. Адвокат сол себепті сотқа қатыса алмаған. «Бұған қоса Нұрболатованың апелляциялық процесінде судьяның біліксіздігіне куә болдым» деді Сүлейменова.
Алматы қалалық сотының баспасөз қызметінен комментарий алудың сәті түспеді.
Бұл шағым бойынша сот отырысы 16 мамырға сағат 15.00-ге шегерілді.
21 сәуірде Алматыда марафон кезінде «Шындықтан қашып құтылмайсың» деген жазуы бар баннер ілгені үшін белсенді Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті сот 15 тәулікке қамап, қатарында Сүйінбике Сүлейменова да бар үш азаматқа «бейбіт жиын өткізу ережесін бұзды» деп айыппұл салған. Төлесова мен Толымбеков 5 мамырда абақтыдан мерзімінен бір тәулік бұрын босап шыққан.
Бұл іс қоғамда қызу талқыға түсті. Сәуір айының аяғында әлемнің түкпір-түкпірінде оқып жатқан Қазақстан студенттері Чехия, Франция, Ұлыбритания мен Венгриядағы Қазақстан елшіліктері алдында қамалған белсенділерді қолдау акциясын өткізді. Мұндай қолдау шаралары Канада, Италияда, Ресей, АҚШ-да өтті.
Халықаралық құқық қорғау ұйымдары — Freedom House, Amnesty International және БҰҰ-ның Адам құқығы бойынша Орталық Азиядағы кеңсесі Қазақстан билігін Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті босатуға шақырған.