Қызылорда облысындағы мүмкіндігі шектеулі балаларға жаңа технологиялар көмегімен білім беру нәтижелері

0

Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 07 желтоқсандағы №1118 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасы» бойынша мүмкіндіктері шектеулі балаларды оқыту мен тәрбиелеу мәселесіне ерекше мән берілген. Үйде білім алатын мүгедек балалар жеке мүмкіндіктері мен қажеттіліктері ескеріле отырып, компьютерлік техникамен және компьютерлік қамтамасыз ету жинақтарымен қамтамасыз етіліп, қашықтықтан білім беруді ұйымдастыру жолға қойылатындығы атап көрсетілген.

Қызылорда облысы бойынша, 3826 мүмкіндігі шектеулі бала болса, оның ішіндегі үйден оқитын бала саны 701 болып отыр.

Мүмкіндігі шектеулі оқушыларды үйден оқытуды жаңа технологиялар көмегімен ұйымдастыру – оқу материалдарын түрлендіру арқылы сабақтың түсіндірілуін жеңілдетіп, оқушының сабаққа деген белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді.

2009 жылдың желтоқсан айында, облыс әкімінің  қолдауымен  Қызылорда қаласындағы 7-11 сынып аралағында үйден оқытылатын 33 балаға ноутбук компьютерлері, басқа да ұйымдастыру техникалары сыйға беріліп, интернет қызметін бір жыл тегін пайдалануға мүмкіндік берілген болатын/1/.

Аталған 33 оқушының бір жыл бойы  білім сапасы қадағаланды. 33 оқушының 4 оқушысы оқуға түскен, 7 оқушының білім сапасы жоғарылаған, 17 оқушының білім сапасы өзгеріссіз қалған, 1 оқушы мектепке қайта оралған, 4 оқушының білім сапасы түрлі себептерге байланысты төмендеген.

Сонымен қатар, аудандарда үйден оқытылатын мүмкіндігі шектеулі балаларға Оңтүстік Корея мемлекетінен келген 280 компьютер бөлінген болатын. Мысалы, Сырдария ауданы бойынша аталған компьютерлерден 15 үйден оқитын оқушы алған. Осы 15 оқушының бір жыл ішінде: 3 оқушысы мектепті бітірген, 6 оқушының білім сапасы жоғарылаған, 2 оқушының білім сапасы өзгеріссіз қалған, 4 оқушының білім сапасы төмендеген.

  Сурет 1. Қызылорда қаласы бойынша компьютер алған үйден оқытылатын мүмкіндігі шектеулі оқушылардың білім сапасы, Сурет 2. Сырдария ауданы бойынша компьютер алған үйден оқытылатын мүмкіндігі шектеулі оқушылардың білім сапасы 

Жалпы алғанда, Қызылорда облысы бойынша аталған бағытта атқарылған жұмыстар өз нәтижелерін көрсетуде. Қызылорда қаласы бойынша аталған 33 оқушының 11  (33   пайыз) оқушысында,Сырдария ауданы бойынша 15 оқушының 9 (60 пайыз) оқушысында  елеулі  оң өзгерістер байқалады.

Компьютерлік технологиялар, білім беру процесінде мұғалімді толық алмастыра алмайтындығы ақиқат. Бірақ түрлі жағдайларда білім алуға деген қолжетімділігі   шектеулі   оқушылар  үшін,компьютерлік технологиялар көмегімен (қашықтықтан оқыту технологиялары арқылы) қосымша білім беру тиімділігі жоғары екендігі жоғарыда келтірілген мысалдармен дәлелденуде/2/.

Бүгінгі таңда Қызылорда облысы бойынша, мүмкіндіктері  шектеулі жеткіншіктердің сапалы білім алуына, олардың           жаңа   технологиялармен қамтамасыз етілуі мен сол технологияларды меңгеріп кетуі бағытында атқарылған жұмыстар жалғасын табуда. 2011 жылдың 21 қаңтарында ҚР Білім және ғылым министрі Б.Т.Жұмағұловтың қатысуымен Қызылорда қаласындағы №264 мектеп-лицейінде өткізілген  облыс  ұстаздарымен  кездесу жиынында 3 оқушыға ноутбук және басқа да ұйымдастыру техникалары таратылып, интернет қызметімен қамтамасыз етілді.

  Сурет. ҚР Білім және ғылым министрі Б.Т.Жұмағұловтың қатысуымен мүмкіндігі шектеулі балаларға ұйымдастыру техникасын тарату сәттері

Жергілікті «Қызылорда қоғамдық теледидары» телеарнасы арқылы мүмкіндігі шектеулі бараларды «Қашықтықтан оқыту» бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыстарды  насихаттау  мақсатында «Үйден оқыту» айдары ашылып, онда үйден оқытылатын оқушылармен он-лайн режимінде өткізілген интерактивті сабақтар көрсетілуде.

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасы барлық балаларға тең дәрежедегі білім беру мен оларды сапалы тәрбиелеу кепілі ретінде айқындалып, мүмкіндігі шектеулі оқушылардың да білім алуына қажетті негізгі мақсаттарды айқындап көрсеткен.

Еліміздегі барлық баралардың біршама бөлігін құрайтын мүмкіндігі шектеулі балалардың білім сапасын жоғарылатудағы аталған бағыттағы жұмыстар, республикада бойынша алғаш рет 2009 жылы Қызылорда облысында бастау алғанын атап өтуіміз де қажет.

Мемлекетіміздің әрбір азаматы – ұлттық құндылық, әрбір баласы – еліміздің ертеңі екенін  ескерсек,  әрбір  мүмкіндігі шектеулі оқушының сапалы білім алып, азамат болып қалыптасуына жағдай жасау міндетіміз болып табылады. Мүмкіндігі шектеулі бір оқушының болса да білім сапасының жоғарылауы, ұлтымыздың саналы келешегіне қазіргі уақыттан бастап жинақталынып жатқан қор деп түсінуіміз қажет.

 

Әдебиеттер

  1. Қызылорда облысы бойынша жалпы орта білім беру жүйесінің 2009-2010 оқу жылына арналған даму көрсеткіштері// Әдістемелік құрал, Қызылорда, 2010. 2326 б.

Автордың аты-жөні, тегі: Ж.А. Жонтаева , С.Қ. Асқаров, Е.Ы. Бидайбеков, С.С. Үсенов