Амстердам соты Қазақстанның Қашаған туралы арызын кері қайтарды

0

Амстердам апелляциялық соты 7 мамырда құны 5,2 миллиард доллар тұратын Нидерландтың KMG Kashagan B.V. компаниясындағы «Самұрық-Қазына» мемлекеттік қоры акцияларына салынған тыйымды күшінде қалдырды. Бұл туралы 13 мамырда Әділет министрлігі хабарлады.

Акцияларға Қазақстан үкіметі мен Молдова азаматы Анатол Стати арасындағы дау аясында тыйым салынған болытын.

Статиге сілтеме жасаған Informburo.kz сайтының хабарлауынша, сот шешімі Қашаған акцияларын кері қайтаруды бастауға мүмкіндік береді.

Қазақстан әділет министрлігі Амстердам апелляциялық сотының шешімі «Стати тарабы Нидерланд аумағында қандай да бір соманы өндіріп алады дегенді білдірмейді» деп мәлімдеді. Министрлік ақпаратында «Нидерланд соттарында негізгі екі сот талқылауы аяқталғанға дейін акцияларға салынған тыйым сақталатыны» айтылған.

«Бұл талқылаулар Нидерланд сот жүйесінің төрелік шешімді тануына және орындауына, сондай-ақ Статимен дауда тарап болып табылмайтын «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының заңды және нақты тәуелсіздігіне байланысты» делінген министрлік мәлімдемесінде.

Қазақстанның мұнай-газ саласына инвестиция салған молдовалық бизнесмен Анатол Стати мемлекеттік органдар өзін «инвестициясын тым арзанға сатуға мәжбүрлеу үшін қыспаққа алғанын» айтады. Астана бұл айыптауды терістеп, Статиді «алаяқтық жасады» деп кінәлайды.

Azattyq