Трамп Назарбаевтың отставкасын қалай қабылдады – АҚШ басшысының хаты жарияланды

0

Саясат

Қысқа сілтеме алу

1 0 0

Дональд Трамп Нұрсұлтан Назарбаевтың билікті конституциялық тәртіппен тапсыру туралы шешімін қолдайтынын жазды

НҰР-СҰЛТАН, 13 мамыр — Sputnik. Желіде АҚШ басшысы Дональд Трамптың Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жазған хаты жарияланды. Оны Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай жариялады.

1 мамырда жазылған хатта Дональд Трамп Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан президенті өкілеттігін тоқтату туралы шешіміне түсініктеме берген. Естеріңізге сала кетейік,  Елбасы 2019 жылдың 19 мамырында отставкаға кеткен болатын.

«Сіздің еліңіз үшін тарихи сәтпен құттықтаймын. 30 жылға жуық басшылық жасағаннан кейін табысты мирас қалдырып барасыз.  Билікті конституциялық тәртіппен тапсыру туралы шешіміңізді қолдаймын», — деп жазды Дональд Трамп.

Америка президенті Назарбаевтың өткен жылғы Ақ Үйге сапары Құрама Штаттар мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған маңызды қадам болды деп атап өтті.

​»Біз елдеріміз арасындағы қарым-қатынастарда үлкен жетістіктерге жеттік және америкалық бизнестің Қазақстанмен экономикалық ынтымақтастықтың одан да маңызды бағыттарын табуды жалғастырып жатқанына қуаныштымын», — деді Трамп.

Қазақстан Назарбаевтың басшылығымен жетістікке жетті, деп жалғастырды АҚШ президенті. Ол Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен де осындай тығыз қарым-қатынас жасаудан үміттенетінін айтты.

Назарбаев Трамппен қашан кездесті

2018 жылдың қаңтарында Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-та ресми сапармен болды. Елбасы мен АҚШ басшысы Дональд Трамп саяси және қауіпсіздік мәселелері бойынша, сондай-ақ сауда және инвестиция саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға уағдаласты.

Бұдан бұрын Назарбаев лидерлер тікелей телефон арқылы сөйлесуге келіскенін мәлімдеген болатын. Елбасы Трамп «өңірдің мәселелері бойынша» кеңескісі келетінін атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылдың 19 наурызында Қазақстанның президенті өкілеттігін тоқтатты. Конституцияға сәйкес, мемлекет басшысы лауазымын сенат төрағасы болған Қасым-Жомарт Тоқаев иеленді.  



sputniknews.kz