Ертегі: Жұмбақшыл патша қыз бен Қарақұл
«Бір бағланым бар, сол бағланнымның майы көп пе, еті көп пе?» – деген екен. Сонда патша қыздан бұл сауалды өзі таба алмайтын болған соң, қызға екінші рет тағы елші жіберіпті. Рұқсат қылсын, бұл сауалды табатын адамды іздеп табайын, өзім таба алмадым деп жауап береді. Қыз патшаның табатын адамды іздеуіне рұқсат етіпті.
Патша рұқсат алған соң, ел-жұртының барлық жақсы адамдарын жинап, қыздың сұрауын айтады: «Бір бағланым бар, майы көп пе, болмаса еті көп пе?», – деп. Жұрттың бар жақсысы бұған жауап бере алмады. Сонда патша жасауылдарына бұйырады. Адамның жаманын, шөптің жаманын, құстың жаманын тауып келіңдер, сонан сұраймын деп, іздетіп жіберіпті. Жасауылдар өздерінің білуінше шөптің жаманы деп, құс қонбас деген шөпті алыпты, құстың жаманы деп байғыз деген құсты алыпты, енді адамның жаманын іздеп жүріп бір ас болып жатқан, көп адамның жиналған жеріне келіпті. Малды көп сойып, қонаққа келген адамдардың бәрі де тойған уақытта, тамақ асқан жерошақ басында бір Қарақұл жүр екен. Бастан құлақ, сирақтан тұяқ та тимей жүрген Қарақұлды тауып жасауылдар өздерінің ойынша: «Адамның жаманы осы болар деп» ойлап, Қарақұлды патшаға алып келе жатқанда Қарақұл жасауылдардан сұрайды: «Мені қайда апарасыңдар?»–деп. Сонда патшаның жасауылдары айтыпты: «Біздер сені патшаға алып барамыз, бізге патша шөптің жаманын, құстың жаманын және адамның жаманын алып кел», – деп еді. «Шөптің жаманы деп құс қонбасты, құстың жаманы деп байғызды, адамның жаманы деп сені апарамыз», – депті. Сонда Қарақұл айтады: «Шөптің жаманы құс қонбас емес, ебелек деген шөп, себебі ол жанғанда жалыны жоқ, сөнгенде шоғы жоқ. Құстың жаманы байғыз емес, сауысқан. Адамның жаманы мен емес, адамның жаманы күшік күйеу. Бірақ бұлардың бірі де патшаның сұрауына жауап бере алмайды, ал мен жауап берер едім, мен бір байдың құлымын, менің құным мың ділда. Сол бағамды қожама беріп, сатып алса, менің баруға ықтиярым бар», – депті. Жасауылдар бұл сөзді патшаға барып айтады. Патша естісімен, жылдам Қарақұлды жалдап алған кісіге бір мың ділда беріп, сатып алып келуге бұйырады.
Патшаның әмірін жылдам орнына келтіруге тырысып, Қарақұлдың қожасынан Қарақұлды бір мың ділдаға сатып алып, Қарақұлды патшаға алып келеді. Келген соң патша Қарақұлдан сұрайды: «Бағлан қозым бар, еті көп пе, болмаса майы көп пе?» дейді. Қарақұл патшаға: «Қыздың барлық сұраған сауалына сол жерде жауап беремін», – депті. Бұдан соң патша уәзірін ертіп, Қарақұлды алып, қыз патшаға келеді. Қыз патша әуелі патшадан сұрайды: «Бір бағланым бар, соның еті көп пе, болмаса майы көп пе?», – деп. Патша жауап берген: «Қозыңыздың еті көп», – деп. Бұдан соң патшаны басқа бөлмеге қойып, уәзірден сұраған: «Бір бағланым бар, соның еті көп пе, майы көп пе?» – деп. «Еті көп» деп жауап берген. Сонан соң уәзірді де бір бөлмеге қамап қойып, Қарақұлдан сұраған: «Бір бағлан қозым бар, еті көп пе, майы көп пе?» – деп. Сонда Қарақұл айтқан екен «майы көп», – деп. Қыз патша: «Майы көп дегеніңнің себебін айт», – дейді. Сонда Қарақұл айтқан: «Семіз бағлан дегеніңіз, тақсыр, сіз өзіңіз, май деп сіздің бұқара халқыңызға қылған адалдығыңыз бен жақсылығыңыз деп ойлаймын, жақсы дағдылы патшаның халқына жақсылығы көп болар деп, өзіңізді бағланға, бұқараға қылған жақсылығыңызды майға ұқсаттым» дейді. Сонда қыз патша бір үйге Қарақұлды кіргізіп, алдына табақ қойып, үстіне бір қарбыз бенен пышақты бірге қояды, Қаракұл қарбызға пышақты шаншып, үйден шығып кетеді. Далаға шыққан соң патша, мен уәзір, Қарақұлдан сұрайды: «Қыз патшаның сауалына не деп жауап таптың?» деп. Қарақұл айтады: «Мен еш нәрсені білмеймін, менен еш нәрсе сұраған жоқ», – депті. Өзінің тапқанын жасырған соң, патша ашуланып, Қаракұлды дарға асуға әмір қылады.
Сонда да Қарақұл патшаға шын сөзін айтпайды. Қарақұлды асу үшін дардың түбіне алып келген кезде, Қарақұлдын дарға асылатын хабары қыз патшаға естілген екен. Қыз патша баяғы қарбыз бен пышақты қолына алып келіп, Қарақұлды асайын деп жатқандардың түбіне пышақпен қарбызды қақ бөліп, үн жоқ, түн жоқ жүре беріпті. Сонда Қарақұл айтыпты: «Мені енді патшаға алып бар, рас сөзімді айтатын уақыт жетті», – депті.
Жасауылдар патшаға Қарақұлды алып келген соң, Қарақұл патшаға айтыпты: «Мен қыз патшаның сауалына былай деп жауап бердім: Бағлан қозы дегеніңіз сіздің өзіңіз, май дегеніңіз бұқара халқыңызға қылған жақсылығыңыз деп, әрине, патшаның бұқара халыққа қылған жақсылығы көп болар деп ойлаймын дедім. Сонан соң қыз патша маған бір бүтін қарбызды әкеліп берді. Оның мәнісі, осы қарбыз жарылмай расыңды айтпа деген сөз еді. Мен бұған түсініп, пышақты қарбызға шаншып кеттім, ол: осы пышақпен бауыздаса да айтпаймын дегенім еді, сондықтан бұл сөзді сіздерге айтпадым. Өлсем де айтпас едім. Қыз патша бүгін қарбызды дардың түбіне әкеліп жармаса. Қыз патшаның сауалын тапқанымның бір мәнісі тағы мынау: егерде маған жақсылық қылып қарбызды жармаса, мен өлер едім, міне менің ойымша, майы көп деп айтқандығымның дұрыстығы осы.
Қыз патша сауалына жауап тауып берген Қарақұлға тиіп, барша мұратына жеткен екен.