«Өз көзіме өзім сенбедім»: Көпбалалы ана мемлекет тарапынан 212 мың көлемінде жәрдемақы алды — Қазақстан жаңалықтары
Аса мұқтаж және көпбалалы отбасыларға мемлекет тарапынан әлеуметтік көмек тағайындала бастады, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі.
Көпбалалы Асхат пен Ақтолқын Әлібековтер осыған дейін бес перзенті үшін 10500 теңке мөлшерінде әлеуметтік көмек алып тұрған.
Бес қыз тәрбиелеп отырған олардың бірі Ақтөбе қаласындағы арнаулы оқу орындарының бірінде қызмет жасаса, енді бірі қаладағы мектепте еңбек етеді. Ең кіші – егіз қыздары Жанерке мен Назерке төрт жасқа келсе, үйдің үлкені – он төртте.
«Елімізде мен сияқты көпбалалы аналарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетінін естігенде қатты қуандым. Биыл 1 сәуірден бастап тиісті мекемеге құжат тапсыру жұмыстары жүргізілетінін біліп, мен де қамдандым. Ол үшін жеке куәлігім мен жолдасым екеуіміздің еңбек табысымызды растайтын анықтама, сосын балаларымның туу туралы куәліктерінің көшірмесі қажет болды. Осы құжаттарды 12 сәуір күні Алматы ауданы әкімдігі ғимаратындағы халыққа қызмет көрсету орталығына тапсырған едім», — дейді Ақтолқын.
Ерлі-зайыптылардың айлық табысы 100 мың теңгеге жетер-жетпестей екен. Отбасына алдын ала арнайы мамандар келіп, тұрмысын көріп, жәрдемақы көлемін есептеп те берген көрінеді.
«Бұған дейін қалалық жұмыспен қамту орталығының мамандары үйімізде болып, әлеуметтік карта толтырып, ай сайын біздің отбасымызға 106 мың теңге көлемінде атаулы әлеуметтік жәрдемақы тиесілі екенін есептеп берді», — дейді.
Әлібековтер отбасы мемлекет тарапынан көрсетілген жәрдемге дән риза. Қуаныштары қойынына сыймаған олар Елбасына алғыстарын жаудырып, адал ниеттерін білідірді.
«Сәуір, мамыр айларына 212 мың теңге көлемінде атаулы әлеуметтік жәрдемақыны қолыма алғанда қатты қуандым. Өз көзіме өзім сенбедім. Бұл — мен сияқты аналарға мемлекеттен көрсетіліп отырған үлкен қолдау. Сол үшін де Елбасыға ерекше алғысымды білдіремін», — деп, қуанды көпбалалы отбасы.
stan.kz