Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ БҰҰ «Академиялық ықпал» Жаһандық хабына жетекшілік етеді

0

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың білім және ғылым көшбасшыларына БҰҰ-ның Жаһандық хабын 2020 жылға дейінгі тұрақты даму бағытын басқару абыройлы ісі сеніп тапсырылды. БҰҰ-ның жаһандық коммуникациясының Бас хатшысы Алисон Смейлдің қолы қойылған сертификат университетімізге үстіміздегі жылдың 12-сәуірінде БҰҰ-ның «Академиялық ықпал» бағдарламасының штаб-пәтерінен келіп түсті, — деп Студенттік баспасөз орталығы.

ҚазҰУ Орталық Азия елдерінен алғашқы болып 2011 жылы әлем мойындаған БҰҰ-ның адам құқығы, сауаттылық, тұрақты даму және келіспеушіліктерді шешу тәрізді он қағидасына қолдау көрсетіп, «Академиялық ықпал» бағдарламасына қосылды. Университет «Цифрлы Қазақстан» міндеттерін белсенді жүзеге асыра отырып, ғылыми-академиялық орталық ретінде өзінің биік позициясын сақтап келеді. ҚазҰУ жас зерттеушілерді ғылыми-білім беру ортасына Қазақстан президентінің жаһандық энерго-экологиялық бастамаларын қолдауға бағытталған «Жасыл көпір ұрпақтан ұрпаққа» бағдарламасы арқылы тартады.

Елбасы мен Ресей президентінің кездесуі барысында ҚазҰУ және УРФУ арасында «Жасыл көпір ұрпақтан ұрпаққа» қозғалысын халықаралық дәрежеге көтеруге келісім жасалды.

Қазіргі таңда Қазақстанның 25 жоғары оқу орындары БҰҰ-ның «Академиялық ықпал» бағдарламасына қосылған. БҰҰ-ның жаһандық мәселелерді шешу бойынша академиялық ортаның және жастардың интеллектуалдылық деңгейін көтеру бағытында университеттер альянсы құрылған.

ҚазҰУ-дың UNAI хабы ретінде тіркелгені жөніндегі арнайы сертификаттың тапсырылуымен бірге оқу ордасына жаңа міндетемелер жүктеліп, ғылым мен тұрақты даму бағытындағы жұмыстарға белсене қатысу жауапкершілігі жүктеледі.

БҰҰ өкілдерінің және АҚШ елшілігінің қолдауымен ҚазҰУ Алматы қаласындағы бүкіләлемдік студенттердің бағдарламасы «БҰҰ моделі —  Жаңа жібек жолына» қосылып, болашақ мамандардың БҰҰ қағидаларына сай әлемдік мәселелерді шешудің алғышарттарын жасап үйренеді. Жеті жылдан астам уақыт бойы университетте Global Classroom халықаралық бағдарламасы жұмыс жасап келеді. Және аталған халықаралық жоба АҚШ-тың Колумбия университетімен бірігіп жүзеге асырылуда. ҚазҰУ БҰҰ-ның қолдауымен бірнеше рет халықаралық ғылыми-теориялық конференциялар өткізді. Сонымен қатар, ҚазҰУ ЮНЕСКО-UNITWIN бағдарламасы аясында аймақтағы тұрақты дамудың беделді мүшесі ретінде тіркелген. Ал ҚазҰУ қалашығы  «Ақылды ұлт» үшін «Ақылды қала» қағидатына сай болып, «Жасыл қала» міндеттерін орындады. Ең маңыздысы ҚазҰУ Колумбия университетінің тұрақты даму институтымен бірігіп қызмет жасап отыр.

ҚазҰУ мен БҰҰ арасындағы қарым-қатынас уақыт өткен сайын тығыз ынтымақтастыққа ұласып келеді.

2018 жылы 2-мамырда Ғ. Мұтанов бастаған ғалымдар тобы ұлы ойшыл Әл-Фараби құрметіне орай БҰҰ-ның штаб-пәтерінде ұйымдастырылып жатқан конференцияға қатысады деп күтілуде.

 

Айсұлу Алкожаева

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушысы


Тегтер:ҚазҰУ