Дипломдық жұмыс: Мектепке дейінгі педагогика | Мемлекеттік балабақшада тәрбие жұмысын ұйымдастыру ерекшелігі
Мазмұны
КІРІСПЕ . . . . . . . . . . . . ………… . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 3
І МЕМЛЕКЕТТІК БАЛАБАҚШАДА ТӘРБИЕ ЖҰМЫСЫН ҰЙЫМДАСТЫРУДЫҢ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ
1.1 Мемлекеттік балабақшада тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру ерекшеліктерінің педагогикалық негіздері………………………………………………….7
1.2 Қазақтың ұлттық тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру ерекшеліктері . . . .23
ІІ МЕМЛЕКЕТТІК БАЛАБАҚШАДА ОҚУ-ТӘРБИЕ ҮРДІСІН ҰЙЫМДАСТЫРУ ӘДІСТЕМЕЛЕРІ
2.1 Мектепке дейінгі балаларға тәрбие берудің жайы…………………………………31
2.2 Отбасы мен балабақшаның тәрбие жұмысын ұйымдастыру маңызы . . . .38
2.3 Тәжірибелік-эксперименттік зерттеу жұмыстарының нәтижесі…………….39
ҚОРЫТЫНДЫ . . .. . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 55
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ. . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . .58
Зерттеудің көкейкестілігі. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзінің «Қазақстан болашағы — қоғамның идеялық бірлігінде» атты еңбегінде: «Ұлттық мәдениетке, ана тілге еркіндік беру, оны тәлім-тәрбие құрылымына айналдыру, тәрбие мәселелесінде ұлттық ізгілік пен өркениетті әлемдік имандылық үрдісінің ортақ мүддесін жаппай сезіну және оны кіріктіре пайдалану арқылы іске асыру керек» — деп атап өткен. Мұндай тәрбие жұмысын әдетте мектепке дейінгі тәрбиеден, яғни, балабақшадан бастаған дұрыс [1].
Қазіргі таңда халқымыздың баға жетпес асыл мұралары оқу-тәрбиелеу үрдісінде қолданылып келеді. Әйтсе де, олардың балабақшаларда қолданылуы өз деңгейінде болмай отыр. Әдетте адамның жеке басының қасиеттері бес жасқа дейін қалыптасады. Сондықтан да баланың жан-жақты қалыптасуы үшін мектеп жасына дейінгі балалардың бойына жақсы, жағымды қасиеттерді сіңіре білу керек.
Бала әр нәрсеге құмар, қызыққыш, ол өзінің айналасында болып жатқан өзгерісті, тамаша құбылыстарды сезінуге тырысады. Оның жан-жақты дамып, жеке тұлға болып тәрбиеленуіне, тілінің дамуына ең алдымен ата-анасы міндетті. Бала тілінің дамуы негізінен эмоциялық ортаға, әр баланың отбасында қалыптасқан әкесі мен анасының, атасы мен әжесінің, үлкен мен кішінің қарым-қатынасына тығыз байланысты. Баланың өзге адамдармен қарым-қатынасының негізі өзінің отбасында қалыптасады.
Қай заман, қай қоғамда болмасын адамзат баласы жас ұрпақ тәрбиесіне зор мән берген. Өркениет жолында алға ұмтылған ұлт, ең алдымен, жастарға оқу-білім және тәрбие ісін дұрыс жолға қоюы тиіс. Ұлттың бүгіні де, болашағы да тәрбиелі ұрпаққа байланысты. Толық жетіліп қалыптасқан ұлттың сана қабілетінде, түсінік-талғамында, мінез-құлқында, өзіне тән ерекшелік менталитеті болатынын ғылым дәлелдеп отыр.
Қоғамымыздың іргетасын нығайту үшін бүгінгі бүлдіршіндерге үлгілі тәрбие беру – қазіргі қоғам алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі. Имандылық, ізгілік, адамгершілік, елжандылық және де басқа кісілік қасиеттер балабақшада, мектеп қабырғасында қалыптасады. Бұлар арқылы өскелең ұрпақты алға талпындыруға, Отанды сүюге, ата-аналарға, үлкендерге деген кішіпейілдікті бойына сіңіруге, салауатты өмір сүруге, залалды әдеттерден аулақ болуға тәрбиелеуге тиіспіз.
Бүгінгі өскелең ұрпақтар-болашақ Қазақстан азаматы. Олар ескінің көзіндей, жаңаның өзіндей болып ХХІ ғасыр есігінен еркін еніп жүре алатын дүниежүзілік мәдениетті танитын, өзін сыйлата алатын, рухани дүниесі бай, интеллект деңгейі жоғары, білімді де білікті болуы шарт.
Мектепке дейінгі балабақша жасындағы балаларды тәрбиелеу мәселелері әр кезде педагогтардың назарында болған. Мектепке дейінгі тәрбие және оқудың мазмұны, формалары мен әдістері мәселесін дамытуға үлес қосқандар Е.А. Аркин, Н.А. Ветлугина, Р.И Жуковская, А.В. Запорожец, Т.А.Маркова, А.М. Леушина, А.И. Сорокина, Е.И. Тихеева, А.П. Усова, т.б. болды [2].
Мемлекеттік балабақшада мектепке дейінгі тәрбие жұмысын жан-жақты ұйымдастыра отырып, бүлдіршіндерді тәрбиелеу болашақ қоғам мүддесі үшін еңбектене білетін, рухани ойлау дәрежесі биік, Отанын сүйгіш еңбекқор, іскер ізденімпаз, қабілетті адам даярлау мақсатына бағытталады.
Өскелең ұрпақты жан-жақты тәрбиелеу, болашағына жол сілтеу бүгінгі күн тәрбиесіндегі бірден-бір қажетті, кезек күттірмес мәселе. Қазіргі кезеңде біздің елімізде тәрбие тек мектепке дейінгі ұйымдарда, мектепте ғана жүргізіледі деп түсініп, тәрбиеге кей ата-ананың аса мән бермеуі аян. Мұндай тәрбие баланың санасында әдепке, тәртіпке деген немқұрайлық көзқарас тудырып, көптеген балалардың қайырымсыздығын, мейірімсіздігін байқатып отыр.
Сондықтан бүлдіршіндерді тәрбиелеудің алғы шарттары – тәрбиенің тал бесігі отбасы, балабақша тәрбиесінен мектепке дейінгі кезеңнен басталып, мектеп қабырғасымен жалғасып және одан әрі дамыту міндеті туындайды.
Мектепке дейінгі балалардың сензитивті кезең ретінде танымдық және шығармашылық белсенділіктерін қалыптастырудың тұлғалық негізділігі, жеке тұлғаның дамуы туралы теориялық ұсыныстардың негізі Л.С.Рубинштейн, Л.И.Божович, Л.А.Венгер, Л.С.Выготский, П.Я.Гальперин, А.В.Запорожец, Д.Б.Эльконин, Т.Тәжібаев, М.Мұқанов, Қ.Жарықбаев, Ә.Алдамұратов, Х.Т.Шерьязданова т.б. ғалымдардың еңбектерінде қаланды [3]. Бұл еңбектер жеке тұлғаны қалыптастырудың әдіснамалық негізін құрайды. Танымдық әрекет, жеке тұлғалық даму, белсенділікті арттыру Ш.А.Амонашвили, Т.И.Шамова, Ж.А.Қараев, Т.С.Сабыров, А.Е.Абылқасымова, Р.Ш.Садықова, С.С.Смаилов, Р.С.Омаров, А.С.Мустояпова, А.Х.Аренова, Ә.М.Мұханбетжанова, А.Ғ.Қазмағамбетов, Ш.Х.Құрманалина, Ж.С.Сардарова т.б. ғалымдардың еңбектерінде орын алған [4].
Мектепке дейінгі тәрбие мәселелері жөнініде ғылыми-теориялық және әдістемелік зерттеулер Б.Б.Баймұратова, Қ.А.Аймағамбетова, А.К.Меңжанова, М.С.Сәтімбекова, М.Т.Тұрыскелдина, А.Е.Манкеш, Қ.М.Меңдаяқова, Ә.С.Әмірова, Ф.Н.Жұмабекова, Ж.С.Хасанова, А.Т.Искакова, А.Х.Казетова т.б. мектепке дейінгі білім беру ториясы мен әдістемесі Ұ.Т.Төленова, Н.С.Сайлауова, Г.З.Таубаева, К.М.Метербаева т.б. еңбектерінде зерттелген [5].
Жоғарыда аталған ғылыми еңбектер тәрбие жұмысын ұйымдастыру мәселесін біркелкі зерттелгенін айқындайды. Дегенмен мемлекеттік балабақшада балалардың тәрбие жұмысын ұйымдастыру ерекшеліктері арнайы қарастырылмаған. Осы жас аралығындағы білім мазмұнында балаларға тәрбие жұмысын ұйымдастыру, ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінде қарастырылатын негізгі міндеттерінің бірі болып табылады.
Мектепалды даярлығының педагогикалық ұстанымдарына сәйкес тәрбие жұмысын ұйымдастыруда өзіндік тұлғалық сапаларды меңгертумен қатар, балалармен белсенді қарым-қатынас іс-әрекетіндегі бірқатар талаптар мен шарттар орындалуы қажет.
Сонымен, бүгінгі күні мемлекеттік балабақшада балалардың тәрбие жұмысын ұйымдастыруға деген қажеттіліктің артуы мен оның теориялық және әдістемелік тұрғыдан жеткілікті қарастырылмауы арасында қайшылық орын алып отырғандығы белгілі болды. Осы аталған қайшылықтың шешімін іздестіру, зерттеу проблемасын айқындауға және зерттеу жұмысымыздың тақырыбын «Мемлекеттік балабақшада тәрбие жұмысын ұйымдастыру ерекшелігі» деп таңдауымызға себеп болды.
Зерттеу мақсаты: мемлекеттік балабақшада тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру ерекшеліктерінің теориялық негіздерін анықтау және әдістемесін жасап, оның тиімділігін тәжірибелік эксперимент арқылы тексеру.
Зерттеу нысаны: балабақшадағы мектеп жасына дейінгі балалардың үдерісі.
Зерттеу пәні: мемлекеттік балабақшада тәрбие жұмысын ұйымдастыру.
Зерттеудің ғылыми болжамы: егер мектепке дейінгі балаларды мемлекеттік балабақша қызметінің дамытушы орта негізінде үйлесімді жүзеге асырылса, онда мектепке дейінгі балалардың дамуы жаңа сапалық деңгейге көтеріледі, өйткені мұндай ортада ұйымдастырылатын оқу және ойындық іс-әрекеттер балалардың тәрбие жұмысын ұйымдастыруға жағымды ықпал етеді.
Зерттеу міндеттері:
— мемлекеттік балабақшада тәрбие жұмысын ұйымдастыру ерекшеліктерінің теориялық негізін жасау;
— мемлекеттік балабақшада тәрбие жұмысын ұйымдастырудың көрсеткіштері мен деңгейлерін белгілеп, анықтау.
— мемлекеттік балабақшада тәрбие жұмысын ұйымдастырудың әдістемесін жасау және тәжірибелік-эксперимент арқылы тиімділігін тексеру.
Зерттеудің әдіснамалық және теориялық негіздері мектепалды даярлықта балалардың жеке тұлға ретінде қалыптасуы мен дамуындағы философиялық таным теориясы, тұтас педагогикалық үдерістегі тұлғаның қалыптасу теориясы, тәрбие жұмысын ұйымдастырудағы ізгіліктік, іс-әрекет, тұлғалық тұрғылар туралы философиялық қағидалар, тәрбие жұмысын ұйымдастырудың психологиялық, педагогикалық тұжырымдамалары.
Зерттеу базасы: № 7балабақша.
Зерттеудің әдістері: Мемлекеттік балабақшада тәрбие жұмысын ұйымдастыруға байланысты мемлекеттік құжаттарды зерделеу, зерттеу бағыты бойынша философиялық, психологиялық, педагогикалық, оқу-әдістемелік әдебиеттерге талдау жасау, озық педагогикалық тәжірибелерді сараптау, әңгіме, сауалнамалар жүргізу, бақылау, педагогикалық экспериментті ұйымдастыру және алынған қорытынды нәтижелерді өңдеу, қорыту.
Зерттеудің негізгі кезеңдері:
Бірінші кезеңде зерттеу мәселесі бойынша философиялық, психологиялық, педагогикалық, ғылыми-әдістемелік талдау жасалды. Мемлекеттік балабақшада тәрбие жұмысын ұйымдастыру барысы туралы ұғымдар мен түсініктер талданды, зерттеудің ғылыми аппараты негізделді.
Екінші кезеңде мемлекеттік балабақшада тәрбие жұмысын ұйымдастыру мәселесі бойынша шетелдік және отандық педагогикалық озық тәжірибелер зерделеніп, мәселенің қазіргі жағдайы анықталды. Мемлекеттік балабақшада тәрбие жұмысын ұйымдастыру тиімділігі тексерілді.
Үшінші кезеңде тәжірибелік-эксперимент жұмысының нәтижелері қорытындыланып жүйеленді.
Диплом жұмысының құрылымы: Дипломдық жұмыс кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан, пайдаланған әдебиеттер тізімі мен қосымшадан тұрады; жалпы көлемі бет.
І МЕМЛЕКЕТТІК БАЛАБАҚШАДА ТӘРБИЕ ЖҰМЫСЫН ҰЙЫМДАСТЫРУДЫҢ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ
1.1 Мемлекеттік балабақшада тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру ерекшеліктерінің педагогикалық негіздері
Егемен елiмiздiң тiрегi – бiлiмдi ұрпақ. Қазақ халқының өмiрiнде тәрбие жеке отбасының ғана мұраты болған емес, ұрпақ болашағы ежелден ортақ мүдде деп түсiнiлген. Біздiң болашағымыз – өсiп келе жатқан жас ұрпақ. Жас ұрпақ ел-тiрегi, ертеңiмiздiң кепiлi.
Дүние жүзінде, оның ішінде Қазақстанда толық жетілген тұлғаны тәрбиелеу және соған байланысты әлеуметтік-экономикалық, психологиялық мәселелер күннен күнге күрделене түсуде. Осыған орай, бүгінгі күні әрбір ұрпақтың жеке тұлға болып қалыптасуында тәрбие шешуші фактор болуы заңдылық.
Дені сау, ұлттық сана сезімі оянған, патриоттық сезімі қалыптасқан, рухани ойлау дәрежежсі биік, мәдениетті, парасатты, ар-ожданы мол, еңбекқор, іскер, бойында басқа да игі қасиеттер қалыптасқан ұрпақ тәрбиелеу. Негізгі құзыреттілікке, жалпы азаматтық және ұлттық құндылықтар негізінде тұлғалық мәдениетке ин бала тұлғасын дамыту.
Мектепке дейінгі білім берудің мемлекеттік ұйымдары нормативтік-құқықтық актілермен бекітілген мектепке дейінгі ұйымдар қызметінің нормалары мен ережелерін сақтау кезінде оларға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру үшін мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жөніндегі қызметті жеткізушілердің тізбесіне қосылады.
Мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбие мен оқытудың негізгі міндеттері:
-Ұжымға тәрбиелеу, балалардың өзара ұжымда қарым-қатынасын қалыптастыру, Отанға деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу, әр түрлі ұлт өкілдеріне қадір тұту және сыйлау;
— Баланың өмірін сақтау және денсаулығын нығайту, толыққанды дене бітімін дамыту, Қазақстан Республикасы халықтарының ұлттық дәстүрі негізінде салауатты өмір салты құндылығын қалыптастыру;
— Толық кеңістікті құру және мектеп жасына дейінгі баланың жеке дамуын кешенді сүйемелдеудің қамтамасыз ету;
— Баланың сөйлеуін және ана тілін, қарым-қатынас мәдениетін дамыту, сауат ашу негіздерін меңгеруге даярлау;
— Мектеп жасына дейінгі балалардың адамгершілік құндылық бағдарын адамның оң мінез-құлқы, нормасы, тәртіптік ережесі, қазақстандық қоғамда қалыптасқан халықтық салт-дәстүр үлгісінде қалыптастыру;
— Өз Отаны мен туған өлкесіне сүйіспеншілігін, мемлекеттік рәміздерге құрметпен, қоршаған орта, отбасы, түрлі ұлт өкілдеріне адамгершілікпен қарауға тәрбиелеу;
— Балада қоршаған дүние, өзі және әлеуметтік ортасы туралы алғашқы түсініктің тұтас бейнесін қалыптастыру [6].
Қарапайым әдеттерді тәрбиелей отырып педагог балдырғанның бар істі шын пейілмен әрі саналы атқаруына қол жеткізеді, яғни сыртқы ұнамды мінездері оның ішкі жан дүниесін, оның ережеге деген көзқарасын айқындайды. Атақты педагог Сухомлинский: «бала кезде үш жастан он екі жасқа дейінгі аралықта әр адам өзінің рухани тәрбиелік нәрсенің бәрін де ертегіден алады. Ертегінің рухани тәрбиелік мәні зор. Ол балаға рухани ләззат беріп, қиялға қанат бітіретін, жас баланың рухының өсіп жетілуіне қажетті нәрсенің мол қоры бар рухани азық» деп атап көрсеткен.
Болашаққа оқу-бiлiм сәулесiн таратқан халқымыздың ағартушы- педагогы, қазақ даласында тұңғыш мектеп ашқан, Ыбырай Алтынсарин, ұлы ғұлама Абай Құнанбаев, көрнектi қоғам қайраткерi, ғалым-ұстаз Ахмет Байтұрсынов, қазақ жерiнде тұңғыш ұлттық педагогика, психология пәндерiнiң негiзiн қалаған Мағжан Жұмабаев, Жүсiпбек Аймауытовтардың ұрпақ тәрбиесiне қосқан үлесi, қалдырған мұрасы кешегiнi бүгiнгiмен жалғастырып келе жатқан игiлiгi мол қазына екенi сөзсiз. Олардың шығармашылық асыл мұралары бұл күнде жас ұрпаққа тәрбие мен бiлiм беру жүйесiнiң төрiнен орын алып, тәрбиенiң дәрмендi құралдарының бiрiне айналып отыр.
М.Дулатов «Балқыған жас баланың ойына, қанына, сүйегіне ұлт рухын сiңiрiп, ана тiлiн үйретiп шығару керек» десе М.Жұмабаев «Әрбiр ұлттың баласы өз ұлтының арасында ұлт үшiн қызмет қылатын болғандықтан, тәрбиешi баланы сол ұлт тәрбиесiмен тәрбие беруге мiндеттi» деген. Балаларды тәрбиелеудi жаңа әдiс тәсiлдерiнiң бiрi ұлттық тәрбие. Қазақ халқының меймандостық салты ұлттық санаға сiңiп, меймандос халық болдық. Ол салт-сананың бастауы, игi әдет одан әдет-ғұрып, одан әдеп, әдептен дәстүр, дәстүрден салт-сана қалыптасады. Ұлттық тәрбие ұлттық мәдениеттi өркендетудiң қайнар көзi болып табылады [7].
Мектепке дейінгі педагогиканың ғылым ретіндегі бастамасы XVII ғасырға тән. Бұл кезде славян педагогы Ян Амос Коменский (1592-1670) мектепке дейінгі тәрбиенің алғашқы жүйесін жасады. Ол өз еңбектерінде бала тәрбиесінің дамуындағы прогресшіл идеяларды басшылыққа алып, тәрбиеде баланың жеке басының дамуы мен ерекшеліктерін ескеру қажет деп есептеген [8].
Атақты француз ойшылы, жазушы-педагогы, философы, аса ірі ағартушыларының бірі Жан-Жак Руссо (1712-1778) тәрбиенің өзіндік теориясын жасаған. Ол феодалдық қоғамнан туындаған әлеуметтік әділетсіздікті, баланың жас және жеке даму ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескермеген тәрбиешіні қатты сынаған. «Эмиль немесе тәрбие туралы» еңбегінде баланың жетілуін жас шамасына қарай кезеңдерге бөлуге әр кезеңдегі тәрбие міндетін, мазмұнын, оқу-тәрбие әдістерін белгілеуге әрекет жасаған.
Иоганн-Генрих Песталоций (1746-1827) швецарияның ұлы демократ-педагогы. Песталоций тәрбиенің негізгі міндеті баланың адамгершілік қасиетін қалыптастыру, адамгершілікті өндірістегі еңбекпен ұштастыру деп тапқан [9].
Н.Құлжанованың белсене араласуымен сонау 20-жылдардың өзінде-ақ мектепке дейінгі қазақ педагогика ғылымының іргетасы қалана бастады. Мәселен, 1924ж. Орынборда «Мектепке дейінгі балаларды тәрбиелеу» атты педагогикалық жинақ, нұсқау кітабы жарық көрді. Кейіннен «Әйел теңдігі» журналында осы ізгілікті іс әрмен қарай жалғастырылды. Журнал беттерінде қазақ балабақшаларының озат тәжірибелері, онда жүргізіліп жатқан түрлі тәрбие жұмыстарының жай-жапсары, мақсат-міндеттері жайында көптеген мақалалалары жарияланды. Осы журналдың мектепке дейінгі тәрбие бөлімін басқарған Н.Құлжанова осынау көшпелі қазақ елінде бұрын-соңды болмаған бала тәрбиесінің жаңа түрін аяғынан тәй тұрғызуға себепші болды [10].
Адамзат қоғамы даму тарихында қалыптасқан тәрбие мен оқыту теориясы мен практикасын дамыту саласындағы маңызы мен тәрбиелік мүмкіндіктері жайлы Я.А.Коменский, К.Д.Ушинский, В.Г.Белинский, Н.К.Крупская, А.С.Макаренко, Н.Н.Хан, В.А.Сухомлинский, Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев, А.П.Сейтешов, М.Ә.Құдайқұлов, А.А.Бейсенбаева, К.К.Жампейісова, Г.Т.Хайруллин, В.В.Трифоновтар маңызды педагогикалық ой-пікірлер қалдырды [11].
Сондай-ақ халықтың қалыптасқан тәрбие тәжірибесін оқу-тәрбие үдерісінде пайдалану туралы Г.Н.Волков, Я.И.Ханбақов, М.Сейфуллаева, Т.Г.Тимошина, С.Қ.Қалиев, М.Х.Балтабаев, Қ.Б.Жарықбаев, Ә.Табылдиев, С.А.Ұзақбаева, К.К.Қожахметова, Ж.Ж.Наурызбай, Қ.Қ.Шалғынбаевалар өз еңбектерінде тұжырымдады [12].
Қазақ халқының ұлы ақыны М. Жұмабаев ата-ананың әділдігімен, адамгершілік парасаттылығымен тәрбиеленген, ұстаздары А.Байтұрсынов пен М.Дулатовтан дәріс алып, олардан үлгі-өнеге алған ағартушы, әрі педагог болған [13].
Мағжан баланы балабақшада жас күнінен тәртіпке үйретудің қажеттілігіне баса назар аударады, бұл арада ол халықтың қалыптасқан әдет-ғұрып мәдениетіне сүйенгені анық. «Баланы құбылмайтын, ұсақтықпен қажытпайтын, баланы еркіне жіберу оны ерлікке, батылдыққа үйретсе темір тәртіпке бағындыру, оны шыдамдылыққа, табандылыққа үйретеді», — дейді.
Мағжан педагогикасындағы негізгі категориялардың бірі – баланың өзін-өзі тәрбиелеуі. Қандай тәрбие, тәрбиешінің басқаның әсері мен үлгісі болмасын сайып келгенде адам — өзін-өзі тәрбиелейді, адам тәрбие ісіне араласқанда ғана оның ықпалы күшті болады. Сондықтан балабақшаның міндеті – баланың өзін-өзі тәрбиелеуге дайындау, яғни өз тіршілігі мен іс-қимылына сын көзімен қарауға, өз мінез-құлқына бақылау жасауға, оны үнемі жетістіруге үйрету деп санайды. Мағжан бұған ерекше назар аударады. Адамның өзін-өзі бақылауы, әрдайым өзіне-өзі есеп беруі оның өз қатесін көруіне, оны жоюына ойландырып, итермелейтін болады. Ол «адамның өзін-өзі тексеруі – оның дұрыс жолға түсуінің бірінші шарты, қатесін білген адам өзін тексермесе ілгері баса алмайды» — деп теориялық дұрыс, практикалық өте маңызды тұжырым жасайды [14].
Сонымен, М.Жұмабаев өзінің «Педагогика» атты оқу құралында балаға дене және жан тәрбиелерін беруді теориялық жағынан тұжырымдап, тәрбиені олардың жас ерекшеліктеріне ескеріп жүргізуді негіздеген екен деп толық айтуға болады [14,- 125б.].
Дана ақын, халықтың ырысы «Құтты бiлiктiң» негiзiн қалаушы Жүсiп Баласағұн – адамның мiнез құлқы мен оның қоғамдағы орнына ерекше тоқталады. Адам – бұл дүниеге қонақ, сондықтан ол артына ылғи да жақсы сөз бен жақсы iсiн қалдырып отыруы қажет. Ол үшiн әр кез жаман қылықтан сақтанып, адалдықпен жүрiп-тұруы тиiс деген ойлары бiзге жақсы мәлiм [15].
Адамдардың бір-бірімен қарым-қатынас жасауы, адам бойындағы түрлі жақсы-жаман қасиеттер туралы Жүсіп Баласағұнның атақты «Құтты білік» поэмасында кеңінен баяндалған. Ұлы ойшыл осы шығармасында жоғары мұратты қоғамға лайықты қағидаларды сипаттай келе, адамның мінез-құлық нормалары мен ережелерін, әр түрлі қоғамдық дәрежедегі жіктердің басқарудағы міндеттері мен қызметтерін белгілеп берді [15,-96б.].
Жүсіп Баласағұн өз еңбегінде бала тәрбиесіне де баса назар аударып, бұл орайда бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі мен жауапкершілігін атап көрсетеді («Егер бала тәртіпсіз болса, оған әкесі де кінәлі»). Ғұлама ғалым өз өсиеттері арқылы адамдарды өтірік айтудан сақтандырып, өмірде жақсылық жасауға шақырады («Қастық қылма, арамдықты сайлама, Тый құлқынды, жақсылық ет қайда да»).
Ұрпақтардың табиғи түрде алмасуы қай кезде болмасын маңызды қоғамдық міндет болып табылатын алдыңғы ұрпақтардан келесі ұрпақтарға әлеуметтік тәжірибені жинақтап жеткізетін тәрбие үрдісі орындалатын білім және тәрбие беру жүйесіне қоғамның аса көп көңіл аударуын талап етіп отырған.
Тәрбие мақсаттарын тереңінен білу педагогтарда негізінен айтқандай адамды қалыптастыруы қажет екені туралы, өздерінің іс-әрекеттеріне не нәрсе саналылық, айқын бағыт, қисындылық беретіні туралы көзқарас тудырады.
Сонымен қатар тәрбие мақсаттарының одан ары айқындалуы оның міндеттерінің қалыптасуына ықпал етеді. Тәрбиенің мақсаттары мен міндеттері тәрбиелік жұмыстардың мазмұнын анықтауға тікелей қатысты.
Тәрбие мазмұны – әр тұлғаның өмірдегі өз орнын өзі белгілеуіне қамтамасыз етуге, оның өзін-өзі жүзеге асыруы үшін жағдайлар жасауға бағытталған, қоғамның экономикалық және әлеуметтік даму көрсеткіштерінің бірі. Сонымен бірге, тұлғаны ұлттық және әлемдік мәдениетке тәрбиелеу, өз қоғамына тығыз байланысты, және сол қоғамды жетілдіруге ұмтылған адам және азамат қалыптастыру қамтамасыз етіледі.
Тәрбие мазмұнының мәселесі тәрбие бағдарламаларымен тығыз байланысты. Нақты бір білім беру мекемесіндегі тәрбие мазмұны мекеменің өз бетінше жасап, қабылдап іске асыратын білім беру бағдарламаларымен анықталады. Тәрбие бағдарламалары тәрбиенің негізгі мақсаттары мен міндеттер шеңберін анықтап, тәрбие мазмұнының сипаттамаларын, ерекшеліктерін, негізгі бағыттарын ашып көрсетеді….