Ұлы Отан соғысы: қазақстандықтардың жеңіске қосқан үлесі

0

Екінші дүниежүзілік соғыс қалай басталды?

1939 жылдың 1 қыркүйегінде фашистік Германия Польшаға шабуыл жасады. Кейін Англия жəне Франция бұл мемлекетке қарсы соғыс жариялаған соң, екінші дүниежүзілік соғыс басталды. Ал 1941 жылдың 22 маусымында фашист әскерлері Кеңес Одағына соғыс ашты. Оған әлемнің 72 мемлекеті қатысып, 62 миллион адам ажал құшты.

Брест қамалы

1941 жылдың 22 маусымында фашистік Германия КСРО-ға тиесілі Брест қамалына (Беларусь) шабуыл жасаған соң, Ұлы Отан соғысы басталды.

Ресейлік тарихшылардың мәліметіне сәйкес, 1941 жылы қамалды 7 000 сарбаз қорғаған. Оның 1 мыңға жуығы Қазақстаннан барған жауынгерлер.

Жау шабуылынан кейін аман қалған Брест қамалының қорғаушылары партизандар қозғалысына қосылды. Олардың қатарында 190 қазақстандық болды. Біразы Беларусь жерінде жерленген.

Қазақстанның жеңіске қосқан үлесі

КСРО-да жүргізілген 1939 жылғы халық санағы бойынша Қазақстанда 6,2 миллион адам тұрған. Соғыс жылдары кеңес әскері қатарына 1 миллион 200 мың қазақстандық шақырылды. Оның 601 мыңы туған жерге оралған жоқ.

Қазақстаннан барған әскерлер майдан даласында ерлікпен шайқасты. 100 000-нан астам отандасымыз жауынгерлік ерліктері үшін медаль-ордендермен марапатталды.

Шамамен 500 қазақстандық Кеңес одағының батыры, 100-ден астам адам «Даңқ» орденінің иегері атанды. Ал қазақстандық 4 ұшқыш: Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Иван Павлов, Сергей Луганский «Кеңес Одағының батыры» деген құрметті атаққа 2 мәрте иеленді. Қазақстандықтар арасында алғаш болып бұл атақты танк әскерінің генерал-майоры, павлодарлық Кузьма Семаченко (1941 жылдың 22-маусымында) алды. Панфиловшы, полковник Бауыржан Момышұлынан (11 желтоқсан 1991) соң бұл атақ ешкімге берілген жоқ.  

Днепр үшін болған шайқаста 18 жастағы Жәнібек Елеусізов қазақтар арасындағы ең жас «Кеңес Одағының батыры» атанды.

Кеңес Одағы батырларының қатарында қазақтың екі батыр қызы: мерген Әлия Молдағұлова мен пулеметші Мәншүк Мәметова да бар.

Ал Рақымжан Қошқарбаев Рейхстагқа Жеңіс туын тіккені үшін «Жауынгерлік Қызыл ту» орденінің иегері болды. 2001 жылы  «Халық қаһарманы» атанды.

Ұлы Отан соғысы кезінде Қазақстан армия мен флот үшін офицерлік кадрлар және резервтік күштер дайындауға үлес қосты. 1941-1945 жылдары КСРО-дағы әскери оқу орындарына 42 мыңнан астам жас қазақстандық білім алуға аттанса, нақтыланбаған ақпарат бойынша, Қазақстанның аумағында соғыс жылдары жұмыс істеген 27 әскери оқу орны 16 000 офицер дайындап шығарған.

Партизандық соғыс

Қазақстандық сарбаздар жау тылында қоршауда қалып, партизандық күреске араласқан. Ұлы Отан соғысы жылдары 3 500 қазақстандық партизан отрядтары қатарында болды деген мәлімет бар.

Тарихшылардың айтуынша, олар Украина мен Беларусь елдерінің батыс аудандарында, Молдавия мен Балтық жағалауларында фашистік Германияға қарсы соғысқан. Олардың ішінде Қасым Қайсенов, Тоқтағали Жанкелдин, Әди Шәріпов, Сәтімбек Төлешов, Нұрым Сыдықов, Ғалым Омаров, Ғалым Ахмедияров сынды батыр партизандармен қатар Нұрғаным Байсейітова, Тұрғаш Жұмабаева, Жамал Ақәділова есімді қазақ қыздары да жау әскерлеріне қарсы күрескен.

Тыл еңбеккерлерінің ерлігі

Соғыс кезінде Қазақстан 30,8 миллион пұт астық, 14,4 миллион пұт картоп және көкөніс, 15,8 миллион пұт ет, 3 млн 194 мың центнер сүт, 17,6 мың центнер жүн, 2,5 млн дана жылы киім және басқа да өнімдерді майдан даласына жіберді.

Қазақстандық тыл еңбеккерлері майданға 110 000-нан аса жылқы, жаудан азат етілген аудандарға саны 500 000- нан асатын мал жіберген.

Сұрапыл соғыс жылдарындағы өнеркәсіп

Фашистік Германия КСРО-ның батыс аудандарын басып алған соң, 1941-1945 жылдары Сібір мен Қазақстан негізгі әскери-өнеркәсіп базасына айналды.

Ұлы Отан соғысының алғашқы айларында кәсіпорындардың барлығы тылға көшіріле бастады. Қысқа уақыт ішінде Қазақстанның аумағына 142 кәсіпорын орналастырылып, қазақ жеріне 532 мың 506 адам көшірілді.

Даңқты батыр Бауыржан Момышұлы туралы не білеміз?

1,5 жылдың ішінде елімізде 25 кен орны мен шахта, 11 кен байыту фабрикасы, 19 жаңа көмір шахтасы, 3 разрез, 4 жаңа мұнай кеніші, Атыраудағы (Гурьев) мұнай өңдеу зауыты іске қосылды.

1942-1943 жылдары Мақат-Орск, Ақмола Магнитогорск темір жол желілерінің құрылысы аяқталды.

«Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!»

Ұлы Отан соғысы кезінде Қазақстан жалпыодақтың мыс құймасының 30%, марганец кенінің 60%, мыс кенінің 50%, металл висмуттың 65%, полиметалл кендерінің 70%, мырыш өнімінің 85% өндірді.

Қорғаныс өнеркәсібіне қажетті мыстың үштен бірі қазақ жерінде өндірілді. Сондықтан жауға атылған 10 оқтың тоғызы Қазақстандағы Шымкент қорғасын зауытында құйылды.

Елімізде танк және ұшақ жасауға ақша жинау қозғалысы ұйымдастырылды. 1941 жылдың күзінде Бүкілодақтық лениндік коммунистік жастар одағы атындағы танк дивизиясын құруға қаржы жинауды басталды.

Бір жылдың ішінде қазақстандық комсомолдар кеңес әскеріне 45 жаңа танк жіберді. Кейін халық қаражатына тағы 10 танк колоннасы, бірнеше авиациялық эскадрилия, торпедо катерлер мен атаулы ұшақтар жасалды.

1941-1945 жылдары Қазақстан халқы соғыс техникаларын жасауға 480,3 миллион рубль жинап берді.

Әкесін құтқару үшін майданға аттанды: Мәншүк Мәметова туралы не білеміз?

Ұлы Отан соғысы уақытында еліміздегі көптеген кәсіпорындар қорғаныс өнімдерін шығарды.

Ер азаматтардың басым бөлігі әскер қатарында болғандықтан, зауыттарда әйелдер, қариялар, жасөспірімдер еңбек етті. Еңбек тәртібі күшейтілді, жұмыс уақыты ұзартылды. Қазақстан халқы «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!» деген ұранмен жеңіс үшін тер төкті.

Ұлы Отан соғысы жылдары Қазақстанға көшірілген өзге ұлт өкілдері

1941 жылы республикаға 300 мыңнан астам неміс жер аударылса, 1943 жылы күзінен 1944 жылға дейін Қазақстанға 507 480 адам күшпен көшірілді. Олардың ішінде 45 500 қарашай, 406 000 шешен мен ингуш, 21,150 балқар, 2 200 қалмақ, 4 500 қырым татарлары, 27 600 месхет түріктері және басқа да ұлт өкілдері болды.

Сонымен қатар Қазақстанның ақын-жазушылары өз шығармалары арқылы халықты фашистік басқыншыларға қарсы күресуге шақырды. 50-ден астам қазақстандық жазушы соғысқа аттанды. Ақын Жамбыл Жабаевтың «Мәскеу», «Ленинградтық өрендерім», «Отан бұйрығы» атты өлеңдері кеңес халқын рухтандырды.

9 мамыр – Жеңіс күні

Ұлы отан соғысы 1945 жылы 8 мамырда Берлин түбіндегі Карлсхорстта Кеңес Одағы, Америка Құрама Штаттары, Ұлыбритания, Франция алдында фашистік Германия өзінің жеңілгендігі жөнінде актіге қол қойымен аяқталды. 9 мамыр жеңіс күні ретін тойланды.

Ал екінші дүниежүзілік соғыс 1945 жылдың 2 қыркүйегінде Кеңес Одағының жапониялық Квантун армиясын жеңуімен аяқталды.



sputniknews.kz