Ертегі: Жалмауызды алдаған қыздар
— Шырақтарым, бүгін сендер тоғайдан жеміс теріңдер, – деп түбі тесік шелек береді. Қыздар:
— Алақай! Жеміс тереміз! – деп қуанып тоғайға кетеді. Тоғайға келіп, жеміс тере бастайды. Бірақ, терген жемістері тесік шелектен түсіп қала береді. Сол себепті қыздар тоғайда көп жүріп қалады.
Осы уақытта өгей шешелері әкесінің басын айналдырып, басқа жаққа көшіп кетеді. Кешке жақын қыздар әбден шаршап үйлеріне келсе, үй орнында жоқ болып шығыпты. Қыздар жылап-сықтап үйдің орнына түнейді. Ертеңіне осы арадан бір айнаны, тарақты, инені тауып алады. Осыларды алып қыздар жолға шығады.
Келе жатып бір жұлым үйге кезігеді. Осы жұлым үйде жалмауыз кемпір тұрады екен. Қыздар үйге кіреді. Үйдің ішінде кішкентай қыз отыр еді.
Қыздар одан:
— Үйдің иесі қайда? – деп сұрапты.
Сонда қыз:
— Бұл үйдің иесі– мен және менің шешем – жалмауыз кемпір, – дейді.
Қыздар қорқып қалады. Бірақ басқа амалы болмағандықтан кешке дейін жалмауызды күтіп отырады. Кешке жалмауыз үйіне келсе, үйде үш қыз отыр екен. Қыздарды көріп, ол қуанып қалады.
— Сендерді маған шайтан айдап әкелген шығар. Қызымыз екеуіміз бір тоятын болдық. Ал, бүгінше жатып демалыңдар, – деп оларға төсек салып береді.
Кемпір ертеңіне аң аулауға кетіп бара жатып, қыздарға:
— Маған кішкентайларыңды пісіріп қойындар, түсте қайтып келермін, – дейді.
Жалмауыз кемпір кеткен соң, қыздар кішкентай қызды өздерімен бірге алып қашады.
Кемпір келсе, өзінің қызы да, үйде қалған үш қыз да жоқ. Қатты ашуланған ол қыздарды қуа жөнеледі.
Бір уақытта қыздар артына қараса жалмауыз кемпір жетіп қалған екен. Жалмауыз кемпірдің қызы осы уақыттың ішінде үш қызға бауыр басып қалған еді.
— Апайлар, менің шешем жетіп қалған кезде, қолдарыңда не бар соны артқа қарай лақтырыңдар. Сол кезде оның алдынан бөгет пайда болады, – деп ақыл айтады ол.
Қыздардың үлкені кішкентай қыздың сөзін ести сала тарақты тастапты. Ол үлкен тоғай болыпты. Екінші рет жете бергенде ортаншысы инесін тастайды. Ол биік тау болыпты. Онан да кемпір өтеді. Үшінші рет кішкентай қыз айнасын тастайды. Ол үлкен көл болады. Жалмауыз кемпір бұл көлден өте алмайды. Ол көлдің екінші жағалауында тұрған қыздардан:
— Қыздар, сендер бұл көлден қайтіп өттіңдер? – деп сұрайды.
Қыздар:
— Мойнымызға тас байлап өттік, – дейді.
Кемпір қыздардың сөзіне сеніп, тас байлап суға түседі де батып кетеді. Ал, қыздар аман-есен үйін тауып, әкесіне болған оқиғаны түгел баяндап береді. Әкесі қыздарына жасаған зұлымдығы үшін әйелін қуып жібереді. Жалмауыз кемпірдің қызын асырап алады.
Осылай қыздар бірге тату-тәтті өмір сүреді.