Қаланы өз үйіңді таза ұстағандай күту керек

0

МыАлматы, БізАлматымыз, WeAlmaty

Материал Еуропалық одақтың қаржылай қолдауымен Британ кеңесі, Алматы әкімдігі, “Алматыны дамыту орталығы” АҚ және Қазақ-Британ техникалық университеті іске асырып жатқан “БізАлматымыз” жобасының аясында әзірленді.

Екі жыл бұрын “БізАлматымыз” жобасына тренерлер іздейміз” деген хабарландыруды көрдім. Ол кезде де қазіргі негізгі жұмысым – Алматының “Мүгедектігі бар адамдар қоғамында” координатор болып қызмет ететінмін. Бұл қызметте жүргеніме биыл 17 жыл толды. Көп жыл бойы мүгедектігі бар адамдарға тренингтер, семинарлар өткізіп келеміз. Бірақ “БізАлматымыз” жобасына дейін басқа аудиториямен жұмыс істеуден тәжірибем болмады. Хабарландыруды байқағаннан кейін өзімді сынап көруге бірден шешім қабылдадым.

Захира Бегалиева
Захира Бегалиева. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Фасилитатор деген кім?

Тренерлерді іріктеу екі кезеңнен тұрды. Сөйтіп, лайық деген жеті маман жобаның фасилитаторлары болдық. Бізді бұл іске Англиядан келген Кейт есімді менторымыз үйретті. Оның көмегімен жаңа форматты, осы істің тың технологиясын меңгердік.

Негізі тренер деген білімін аудиториямен бөлісетін адам. Ал мына жобада біздің, фасилитаторлардың, қызметі сәл өзгеше. Түйінді, шешім шығаруды аудиторияның өзіне қалдырамыз. Олардың өзі – эксперттер. Фасилитатор аудиториядағы түрлі пікірді бір арнаға тоғыстырып, үйлестіреді. Туындаған әртүрлі идеяны біртұтас өнімге айналдырады.

БізАлматымыз, фасилитатор
Фасилитаторлар Англияда. Фото жеке мұрағаттан.

Бастапқыда аудиторияма бәрін өзім айтып, тезірек түсіндіріп тастағым келетін. Ереже бойынша фасилитатор қашан да нейтрал позицияны ұстану керек. Оның пікірі, көзқарасы адамдарға әсер етпеуі қажет.

Барлық адам “мүгедектерге жағдай жасау қажет, көмектесу керек” деп айтады. Шын мәнінде адамның бәрі бізді қабылдауға дайын емес. Арада қандай да бір бөгет бар. Мүгедектігі бар адамдар ортаға тез сіңісіп кете алмайды. Біздің де ойымызда “Маған ерекше көңіл бөлуі керек” деген ой тұрады. Бірақ менің көзқарасымды “БізАлматымыз” жобасы күрт өзгертті.

Біз де – осы елдің азаматымыз, біз де – алматылықпыз. Бір автобуспен жүреміз, бір көшені кесіп өтеміз. Иә, біздің ерекшелігіміз бар. Бірақ қатеміз де осы екен – ерекше екенімізге қатты көңіл бөлеміз. “БізАлматымыз” жобасына келгеннен кейін көзқарасым қалай өзгерді – жұмысым, жобаларым жаңа деңгейге көтерілді.

Көлігімді қойып, автобусқа ауыстым

Көлігім бар, өзім жүргіземін. Бірақ қазір қала әкімі Бауыржан Байбектің қоғамдық көлікке көшу туралы идеясын қолдаймын. Соңғы бір жарым айдан бері автобуспен жүремін. Бұл мен үшін ғана жаңалық болмады. Бізді таңертең, кешке алып кететін автобус жүргізушілері де трансформацияға ұшырады. Әуелде олар жолдың жиегіне (бордюрге) жақын тоқтамайтын. Содан сыпайы түсіндіруге тырыстым: “Егер жиекке жақын тоқтатасаңыз, басқалар тәрізді автобусқа еш қиналмастан мінемін. Бұл маған ғана емес, ана әжеге де, мына балаға да оңай болар еді. Сізге бұлай тоқтау қиын емес қой, иа?!”, – деп едім, “қиын емес, жөн екен” деп құптады. Кейбіреулер шынымен түсінбейді. Бірақ әркімге әртүрлі тәсілмен түсіндіріп көрген дұрыс.

Захира Бегалиева
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Жобада менің тобымдағылар мүгедектігі бар адамдармен бастапқыда қалай жұмыс істеу керегін білмеді. Оларға дұрыс емес бірдеңе айтып қоюдан, ренжітіп алудан қорқатын. Кейін бірігіп жұмыс істей бастағанда олар кімнің қандай екенін, қандай ерекшелігі бар екенін ұмытып та кетті. Біздің бір ғана мақсатымыз болды. Ол – қаланы гүлдендіру. Олар басында кей адамға лифтіге дейін жетудің өзі қиын екенін білмеді. “БізАлматымыз” жобасының аясында басымыз біріккеннен кейін барлық адамға қолжетімді қызмет ұсыну, жағдай жасау туралы түрлі идеяны өздері ұсына бастады.

Бірі: “Қане, аялдамаларға арнайы түйме орнатайық. Оны басқанда жүргізуші бірден ол жерде мүгедектігі бар адамның бар екенін алыстан байқайды”, – деді. Осындай түрлі идея туындай берді. Тобымыз біріккелі ондағы адамдардың көзқарасы өзгергенін байқадым.

Захира Бегалиева
Захира Бегалиева ұлымен. Фото жеке мұрағаттан.

Алғашқы шеберлік сабағы кезінде түскі ас, кофe-брейк жоғары қабатта болды. Ал біз жоғарыға көтеріле алмадық. Ұлым да осы жобаға қатысқан. Бізге не қажет екенін ол біледі. Сөйтіп, жоғары қабаттан сусын, шайды тасып жүрді. Кешкісін барлығы осы іске кірісіп кетті. Бір-бірімізге сіңісу деген осы болса керек. Ешқандай түсіндіруді, өтінішті қажет етпейді.

Захира Бегалиева
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыповамен және жобаның өзге қатысушыларымен бірге.

Тұрғындардың бәрі арыз айтқанға жақын. “Арық таза емес”, “ана жер құлағалы тұр”, “мына жерде қоқыс жатыр” және тағы басқа. Шеберлік сабағын өткізгеннен кейін аудиторияға: “Ал сен алматылық ретінде осы мәселені қалай шешер едің?” деп сұрақ қойдым. Бәрі тынып қалды. Бұл туралы көп адам ойлана бермейді. Біреудің біз үшін бірдеңе істеуіне әбден үйреніп қалғанбыз. Жоғарыдағы сұрақты әр адам өзіне қойып көруі керек. Сол кезде ғана нәтиже болады деп ойлаймын.

Адамдар қаланы жақсартқысы келеді. Бірақ біреудің қолымен. Шынымен, көркейтуге үлес қосамын деген адамның өзінде “Мен ұсыныстар айтамын, бірақ оны басқа біреу орындауы керек” деген ой тұрады.

Шеберлік сабағында қойылған сұрақтан кейін әркім әртүрлі ұсыныс айтты. Сөйтіп, біз сенбілікке шығатын болып келістік. Қарап тұрсаңыз, бұл ешқандай шығынды қажет етпейді. Сен үйіңді қоқысқа толтырмайсың ғой? Қала да – сенің үйің. Оны таза ұстау керек.

Захира Бегалиева
Захира Бегалиева АРГО конференциясында. Фото жеке архивінен.

Тірі кітапхана, ақылды түйме және үйбикелерге арналған жұмыс

Былтыр тобымыздың мүшелері “Тірі кітапхана” деген жобаны ұсынды. Кей адамдар құдды энцеклопедия тәрізді. Біз сондай адамдармен бірге мектептерге, жастардың ортасына жиналуды ойладық. “Тірі кітапхана” оларға тек тренер ғана емес, әртүрлі тақырыпта түрлі ақпарат беретін ақылшы болады. Көбіне мектеп бітіруші түлектерге үлкендердің, тәжірибесі мол адамдардың кеңесі қажет. Біздің идеямыз бойынша “Тірі кітапхана” осы тұрғыдан оларға көмекші болады. Біздің жиындар көбіне кешкі уақытта өтуі керек. Себебі күндіз адамдардың көбі асығыс, қандай да бір шаруасын бітіруге тырысады. Біз абыр-сабыр саябырлағанда, көңіл жайланғанда оларға кеш ұйымдастырғымыз келді. Бұл жобаны әлі де дамытуымыз керек.

Жоғарыдағы “Ақылды аялдамадан” бөлек, бір түйме арқылы көп мәселені шешу туралы басқа идеямыз да болды. Мысалы, қарт адам немесе мүгедектігі бар жанға көмек қажет болса, түймені басады. Қызметіне қарай жедел жәрдем немесе полиция келуі мүмкін. Бастысы, осы түйме арқылы мамандар көмекті кім, қайдан сұрағанын біле алады.

Захира Бегалиева
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Үйде отырған әйелдерге кітаптарды жалға беру туралы идея болды. Олар кітаптарды сатпайды, тек жалға береді. Жалға беру құны күніне 100 теңге шамасында. Жобаға қатысушылар кітапты өзі ғана оқып қоймай, басқалармен де талқылап, ой бөлісуі керек. Қазір осы жоба іске қосылды. Үйде отырған әйелдер жобаның шеңберінде өзін жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

Захира Бегалиева.
Захира Бегалиева. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Жақында “БізАлматымыз” жобасының шеберлік сабағы өтті. Фасилитаторлар қатысушылармен тәжірибе алмастық, идеяларын талқыладық. Былтырғыға қарағанда биыл жобаның танымал бола бастағанын байқадым. Шеберлік сабағына Қазақстанның түрлі аймағынан, қаласынан ғана емес, шетелден де қатысушылар болды. Ресейден, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан адамдар жаңа нәрсені үйренуге, тың форматты көруге, байқауға келді.

Өткен жылы студенттер көп еді. Қазір ересектердің де қатары өскен. Шеберлік сабағына дайын идеяларымен келген азаматтар да болды. Олардың көздерінде, бойларында жақсылыққа, игілікке деген құлшыныс анық байқалады. “БізАлматымыз” жобасы – осындай мүдделес адамдардың басын қосатын үлкен мүмкіндік.

Шымкентте туып-өстім. 1994 жылы Алматыға көшіп келдім. Бұған дейін коммерциялық құрылымда, түрлі салада қызмет етіп көрдім. 17 жыл бұрын тағдырдың бұйыртуымен “Мүгедектігі бар адамдардың қоғамының” командасына қосылдым.

Қаланы дамытуға бағытталған “БізАлматымыз” жобасында менен бөлек алты фасилитатор бар. Әркімнің бағыты бөлек, тәжірибелері мол. Мен осы уақытқа дейін әлеуметтік шаралардың басы-қасында болдым. Жоба аясында команда өте сәтті жасақталған. Барлығымыз бір-бірімізді толықтырамыз, жақсы түсінісеміз. Бұл жобаның ең басты артықшылығы да осы деп білемін. Өйткені ол қоғамның барлық мүшесін қамтуды көздейді. Бәріміз теңбіз.

Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Қаланың болашағы зор. 5-10 жыл деп алысқа кетпей-ақ, алдағы уақытта ашылатын мүмкіндіктер осыған дәлел болар. Мысалы, жақында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Халықаралық еңбек ұйымы, қала әкімдігі Алматыда мүгедектігі бар адамдарға қандай мүмкіндік жасалғанына көз жеткізбек.

Адамдар бір-бірін түсінсе, бірге өмір сүруді қолайлы етсе, көп нәрсе өзгереді деп ойлаймын. Біз, қалалықтар, өзгелерге, қонақтарға үлгі болуымыз керек, жақсылыққа ұмтылуымыз қажет. Сонда ғана дамимыз деп есептеймін.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!