Дипломдық жұмыс. Өндіру басқармасының қаржы — шаруашылық қызметін нығайту жолдары
КІРІСПЕ
Тақырыптың өзектілігі. Біздің еліміз осынау есею жылдары ішінде кездескен көптеген сынақтарға лайықты шыдамдылық көрсете білді. Одақ ыдырағаннан кейін Қазақстанға тиген басты мұра ауқымы жағынан көз көріп-білмеген жүйелі дағдарыс болды. Біздің еншімізге бәсекеге қабілетсіз экономика, басқарудың ескілікті жүйесі және қол-аяғы құрсаулы мемлекеттік аппарат тиді. Бұл біз бастан өткерген алғашқы ең ауыр да созылмалы дағдарыс болды. Сол кезде бізге қиыншылықтарға төтеп беріп қана қоймай, сонымен бірге макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етіп, ұзақ мерзімді стратегиялық мақсаттар құру үшін негіз қалауға жағдай жасаған бетбұрыстық сипаттағы реформаларды жүргізудің сәті түсті. Реформалардың шапшаңдығының, батылдығы мен тереңдігінің арқасында Қазақстан 1998 жылғы азиялық қаржы дағдарысы туғызған екінші сынақтан да салыстырмалы түрде алғанда ауыртпалықтарсыз өтіп, тез бой түзеп кете алды. Біз одан жап-жақсы сабақ алдық, сөйтіп сол кезден бастап қиын күндерге қаржы қалдыра отырып, елдің қаржылық әлеуетін үнемі нығайтумен болдық. Елдің жалпы алтын-валюта резерві, Ұлттық қордың қаржысын қоса алғанда, 40 миллиард долларға жақындады. Біз мемлекеттік қаржылар мен жеке меншік банк жүйесі сыртқы сілкіністерге тұрақты болуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық. Және онымыз босқа кеткен жоқ. Екі сынақты бастан өткерген біздің экономикамыз бүгінде АҚШ-тың ипотекалық секторындағы қиыншылықтар салдарынан бүкіл әлемге тараған жаңа дағдарыстың ықпалын сезінуде. Батыстағы кейбір ірі қаржы институттары дефолтқа, тіпті банкротқа ұшыраған жағдайларда, қазақстандық қаржы жүйесі өзін тұрақты әрі тиімді жұмыс істеп тұрған жүйе ретінде көрсете білді. Дегенмен, халықаралық қаржы рыногындағы шиеленісті ахуал қазақстандық банктер үшін сыртқы қорландыру тапшылығын туғызуда. Экономикамыздың тұрақты әрі қарқынды өсуі өндіріс пен тұтыну көлемінің артуына жағдай жасауда. Ол өз кезегінде экономиканың инвестицияларға деген сұранысын ұлғайтады. [2]
Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына жолдаған “Қазақстан – 2030” Жолдауында “Барлық қазақстандықтардың гүлденуiнің, қауiпсiздiгiнің және дамуының басым бағыттарының бiрi — халықтың материалдық және әлеуметтiк өмiр сүру деңгейiн жақсарту” деп атап өтті.[1] Әлемнің тиімді дамып келе жатқан 50 елінің қатарына енуі үшін мемлекет қаржы нарығы деңгейi мен сапасын жақсарту нәтижесінде Қазақстан азаматтары үшін өмір сүрудің жоғары стандарттарын жасауы тиіс. Ол үшін халықтың экономикалық және әлеуметтiк жағдайларының маңызды құраушыларының бірі — Қазақстандағы қаржы нарығы әрі қарай қарқынды дамып, қаржы нарығы бәсекелестікке қабілетті болуы керек. Бұл Қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік береді.
Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін ең бастысы отандық және шетелдік нарықта қазақстандық өнім өндірушілердің позициясын күшейту проблемасын шешу қажет. Осы мәселені шешуде мемлекеттік қолдаумен қоса отандық кәсіпорындарды басқарудың тиімділігін арттырудың маңызы зор.
«…Қазірдің өзінде біздің кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндіктердің пайда болуын дұрыс бағалау, жаңа рыноктарға шығу жөніндегі тиімді стратегияларды әзірлеумен байыпты айналысу, бәсекелестік артықшылықтарды өсіре түсу маңызды…» деп 2010 жылғы 29 қаңтарындағы «Жаңа оңжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. назарбаевтің Қазақстан халқына Жолдауында айтылды.
Экономиканың дамуы көбінесе қаржы нарығының жағдайына байланысты. Мемлекеттің дамуындағы қаржылық, несиелік, бюджеттік қарым-қатынастың рөлі, орны және мәні өте маңызды екені белгілі, себебі жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны, жұмыссыздық пен инфляцияның деңгейі, валюталық курс және басқа да макроэкономикалық көрсеткіштердің оңтайлық деңгейіне жету осы қарым-қатынастардың ахуалына тәуелді. [3]
Жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыс жаппай жалпы әлемдік ауқымдағы және сол сияқты ұлттық деңгейдегі қаржылық қатынастардың қолданыстағы модельдерінің кемшіліктерін көрсетті. Әлсіз жақтары мемлекеттік реттеу құрылымында және қаржы институттарының өздерінің қызметінде анықталды.
Қаржы институттарының проблемалары тәуекелдерді басқару жүйелерінің жетілмеуінде және қазіргі заманғы үрдістерге және қабылданатын тәуекелдер деңгейіне (дәрежесі бойынша, сол сияқты және тәуекел сапасы бойынша) сәйкес келмеуінде, корпоративтік басқару деңгейінің төмен болуында, айқындылықтың жеткіліксіздігінде және осының салдарынан теріс үрдістерге сезімтал болып отырған бизнес-модельдердің тиімсіздігінде пайда болды.
Дағдарыстан кейінгі кезеңнің айрықша белгілерінің бірі қаржы секторының анықталған проблемаларын жою қажеттілігі, жіберілген қателерді түзету және тұрақты әртараптандырылған өсуді қамтамасыз ету болып табылады. Тәуелсіз Қазақстанның қазіргі заманғы, тұрақты және бәсекеге қабілетті қаржы жүйесін құру бойынша жұмысты жалғастыру қажет.
Дипломдық жұмыстың зерттеу объектісі – Қазақстанның қаржы нарығындағы кәсіпорындар.
Дипломдық жұмыстың мақсаты Қазақстанның жалпы қаржы нарығының, жеке сегменттерінің және ондағы кәсіпорындардың қызмет ету үрдістерін кешенді талдау базасында оны жетілдіру бойынша нұсқауларды өңдеуге негізделеді.
Зерттеудің теория-әдіснамалық базасы қаржы нарығының, сондай-ақ банктік және зейнетақы жүйесіндегі нарықтық қатынастардың қалыптасы және даму проблемаларын бейнелейтін қазақстандық және шетелдік ғалым-экономисттердің еңбектері болып табылады.
1 НАРЫҚТЫҚ ҚАТЫНАСТАР ЖҮЙЕСІНІҢ ҚҰРАМДЫ БӨЛІГІ РЕТІНДЕ ҚАРЖЫ НАРЫҒЫНЫҢ КОНОМИКАЛЫҚ МӘНІ
1.1 Қаржы нарығы түсінігі және экономикалық маңызы
Қазақстан Республикасының қатаң түрде орталықтандырылған жоспарлы экономикадан қағидалы жаңа, мемлекет тарапынан реттелініп отыратын нарықтық экономикаға көшуі елімізде оған қызмет көрсететін барлық институттармен бірге қаржы рыногінің құрылуын талап етті. Қазақстанда қаржы нарығы бұрын соңды болған емес.
Қаржы рыногы – бұл, ең алдымен дербес экономикалық категория ретінде бағалы қағаздарды сату мен қайта сату жөніндегі операцияларды жүзеге асыру жолымен кәсіпорындардың, фирмалардың, банктердің, жинақтаушы зейнетақы қорларының, сақтық институттарының, мемлекеттің және халықтың бос ақшасын жұмылдыруды, бөлуді және қайта бөлуді қамтамасыз ететін нарықтық қатынастардың жиынтығы. Ол нарықтық қатынастар жүйесінің құрамды бөлігі болып табылады және тауар, ақша, несие, сақтық, валюта және басқа рыноктармен (капитал, жұмыс күші, тұрғын үй, жер, алтын және т.б. рыноктармен) етене байланысты (1 сурет).
1 сурет — Экономикалық жүйедегі нарықтың өзара байланысы
Шаруашылық жүргізудің қазіргі жағдайындағы қаржы нарығы қаржы ресурстарын үздіксіз қалыптастырып отырудың, оларды неғұрлым тиімді пайдаланудың, ұлттық шаруашылықта ақша қозғалысына ұтымды ұйымдастырудың айрықша нысаны болып табылады және бағалы қағаздар нарығы, сондай-ақ несие нарығы түрінде де іс-әрекет етеді. Қаржы нарығы экономиканың түрлі шаруашылық жүргізуші субъектілер арасында ақшаны қайта бөлуді барлық әр түрлі нысанда реттейтін нарықтық қатынастардың бүкіл жиынтығын біріктіретін неғұрлым жалпы ұғым болып табылады. [5]
Экономикалық әдебиеттерде және шаруашылық практикада қаржы нарығы ұғым ақша, валюта, кредит, капитал нарықтарын қоса отырып кеңінен түсіндіріледі. Бұл қаржыны жалпы ақша мен құн категорияларына бара бар категория ретінде қарастыратын практикамен, негізінен дүниежүзілік практикамен байланысты, өйткені экономикалық ресурстардың кез келген түрі меншіктің титулдары болып табылатын ақшамен немесе тиісті бағалы қағаздармен, басқа құжаттармен ортақтастыру мүмкін.
2 сурет — Қаржы нарығының құрылымы
Ақша нарығы дегеніміз қолма-қол ақша ғана емес, қолма-қолсыз төлем қаражаттарын да қосатын төлем қаражаттарының нарығы.
Несие нарығы несие бойынша банктердің кредит операцияларымен байланысты.