Хиджама. Маман жиі қойылатын сауалдарға жауап берді

0

Хиджамадан соң қалай күтіну керек?

Хиджамадан кейін үш күн денеге салмақ салып, күш түсіретін спорт түрлерімен айналыспаған жөн. Көп қимылдамауға тырысып, процедурадан соң мүмкіндік болса, тынығып демалған дұрыс. Жылы киініп, емделуші өзін суықтан сақтағаны абзал. Қан алғаннан кейін бір апта моншаға түспеу қажет. Өйткені жараның орны будан жібіп, инфекция түсіп, қабынуы мүмкін. Сондықтан сақтық үшін тек душ қабылдаған жөн және қан алған күні жыныстық қатынастан тыйылған дұрыс.

Майлы, қою тағамдарды ұсынбаймыз. Сүт өнімдеріне де үш күнге дейін тыйым салған дұрыс. Оның орнына жеміс-жидек пен көкөністі көбірек жеуге кеңес береміз. Тосаппен шай ішу де пайдалы.

Хиджама
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Денеден қан алғанда қандай өзгерістер болады?

Хиджама жақсы жасалатын болса, адам өзін жеңіл сезінеді. Көңіл-күйі көтеріліп, жұмыс істеуге деген құлшынысы артады. Спортпен айналысып, жүгіріп-секіргісі келіп тұрады. Ұнжырғасы түсіп келетіндердің процедурадан соң көңіл-күйі көтеріліп, реңі кіріп қалатынын талай көріп жүрміз. Үнемі шаршап, ұйқысы қанбай жүретін адамдар да оң өзгерістерді байқайды. Шаршауды ұмытасыз. Ұйқы сапалы болады.

Бала кезде күні бойы далада асыр салып ойнап, кешке шаршап ұйықтайтыныңыз сияқты сол күні ештеңені сезбей ұйықтайсыз. Таңертең тұрғанда өте жеңіл оянасыз. Денеде қызу сезіледі. Тоңып, үнемі қалшылдап жүретіндер процедурадан соң жылына бастайды. Өйткені денедегі қан жақсы айналып, температура реттеледі. Сол себепті жылы жүресіз.

Хиджама
Сәбит Оразбай. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Қандай жағдайда хиджамадан соң із қалады?

Іздің қалу себебі әртүрлі. Егер терең кесілсе, содан із қалуы мүмкін. Өте мұқият кесілген күннің өзінде кей адамдардың терісінің нашар болуына байланысты із қалады. Хиджама жасатқаннан ғана емес, кез келген нәрседен із қалып кететін терілер болады. Тері жақсы болса, кесілген соң екі-үш күнге жетпей жазылып кетіп жатады.

Аналарымыз балаларды тұзды суға шомылдырып жатады ғой. Ол терінің пісуі, сапалы болуы үшін маңызды. Міне, сондай тері кез келген жарадан тез жазылып, із қалмайды. Ауылда құмға аунап, күнге күйіп өскендердің де терісі мықты болады. Оларда проблема болмайды. Семіз адамдарда да із қалуы мүмкін. Денесінде май көп болғандықтан оның бітіп, жазылып кетуі қиын болады. Із қалудың тағы бір себебі – жараның орны жазыла бастағанда қатты қышиды. Сондай кезде оған тиіспеу қажет. Өйткені тырнақта өте улы заттар бар, ол терінің беткі қабығын сыпырып, содан да із қалады. Сондықтан оны қасымай, жай ғана сипау керек. Сонда тез жазылады әрі із де қалмайды.

Хиджама
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Қандай жерден қан алдыруға болмайды?

Адамның денесінде 200-ден аса нүкте бар. Әр дене мүшесінің де өз нүктесі болады. Тәжірибелі, білімді маман әр аурудың өз нүктесін дәл табады. Ал қай жерге жасауға болмайды дегенге келсек, қол мен аяқтың буындарына жасалынбайды, қалған жердің барлығынан қан алуға болады.

Хиджаманы қай уақытта жасатқан дұрыс және нені ескерген жөн?

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хиджама жайында хадисте “Үш нәрседе ем бар: бал ішуде, қан алуда және отпен күйдіруде. Ең жақсы ем – қан алу” деген және айдың 17, 19, 21 күндері, ал апта күндерінен дүйсенбі, сейсенбі және бейсенбі күндері жасаған абзал дейді. Бұл басқа күндері жасауға болмайды деген сөз емес. Қажеттілік туғанда кез келген уақытта, кез келген мезгілде жасатуға болады. Бірақ біздің климат бойынша көктем және күз мезгілінде жасаған дұрыс. Хиджама жасатар алдында нені ескерген жөн десеңіз, қарны қатты тоқ та, аш та болмауы керек. Қыс кезінде жылы киініп, суықтан сақтану маңызды.

Хиджама
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Хиджаманы әдетке айналдыру дұрыс па?

Хиджаманы жылына екі рет жасаған дұрыс, бірақ бұл міндетті емес. Мысалы, жуыну бізге қажет болғасын  оны күнделікті орындаймыз. Көп уақыт жуынбай жүре беруге болады. Бірақ дене кірлеген сайын ештеңеге зауқыңыз соқпай, өзіңізді ауыр сезіне бастайсыз. Сол сияқты хиджама да – қажеттілік, әдет емес. Жуыну арқылы адам дененің сыртын тазартса, қан алу арқылы терінің астындағы керек емес қанды тазартады. Қордағы артық қан ескіріп, одан қанайналым баяулайды. Артық қанды сору арқылы жаңа қан айналады. Сондықтан оның ешқандай зияны жоқ, керісінше, пайдасы көп.

Қазір ішіп-жеп отырған тамағымыздың көбі – химикат. Одан адамда стресс пайда болады. “Қанымды қарайтпа” деп айтып жатамыз ғой. Оның себебі – ашу-ыза, күйзеліс адамның қанын қарайтады. Қараю деген тура мағынада емес, қоюлану деген сөз. Ал оны медицинада “тромб” деп айтады. Инсульт, инфаркт сияқты қауіпті аурулар осы қанның қатты қоюлануынан болады. Хиджама осының бәрін болдырмайды.

Қанша мөлшерде қан алдырған дұрыс?

Адамның денсаулығы жақсы болса, қан да аз шығады. Ал денсаулығын күтпеген адамда, керісінше, қан көп шығуы мүмкін. Емші оның мөлшерін айтпайды, есептемейді. Біз тек нүктелерін дұрыс тауып, кесіп, арнайы ыдыстарды қоямыз. Артық қан шығып, өзі тоқтағанда процедура аяқталады.

Хиджама
Сәбит Оразбай. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Артық қан денеден тек хиджама арқылы шыға ма?

Мұрынның қанауы да жақсы, бірақ бұл қауіпті белгі болуы да мүмкін. Егер адамның мұрны қанамайтын болса, оның басы ауыра бастайды. Бас аурудың алдын алмасаңыз, оның соңы қан қысымның тұрақсыздығына алып келеді. Ал қан қысымның алдын алмаудың түбі инсультке әкеліп, оның соңы жақсылыққа апармайды. Сондықтан барлық белгінің алдын алып, емделуді кейінге қалдырмау керек.

Хиджама
Сәбит Оразбай. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Кімдерге хиджама жасалмайды?

Хиджама ана мен балаға пайдалы. Әйелді емдеу оның жатырындағы баланың денсаулығына да оң әсерін тигізеді. Бірақ жүктіліктің алғашқы үш және соңғы екі айында жасауға болмайды. Кішкентай балаларға жасай береміз, оларға ешқандай зияны жоқ. Аурудан қатты әлсіреп, көп уақыт төсек тартып қалған адамдарға және қатты қартайып, қажыған адамдарға, яғни өз аяғымен жүріп-тұрудан қалғандарға да хиджама жасалмайды. Егер қатерлі ісіктің алғашқы сатыларында хиджама жасалса, айығып кетуі мүмкін.

Хиджама
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Құралдар бірнеше адамға пайдаланыла ма?

Хиджама кезінде пайдаланылатын құралдар тек бір рет пайдаланылады. Біреуге қолданылған құрал екінші адамға қолданылмайды. Ал қан құятын құтыларды емделуші өзімен алып кете алады. Бірақ оларды жуып-тазалап, 90%-дық медициналық спиртпен сүрту қажет. Оны пациент келесі хиджама жасатқанда пайдалана алады. Ал орталықтағы бөлмелерді кварцпен тазалап тұрамыз.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!