Қазақтың ханы Абылай | Скачать Дипломдық жұмыс

0

МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ 5
1 ЖЫРАУЛАР ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ЕЛ ТАҒДЫРЫ
1.1 Абылай ханның тарихтағы рөлі 9
1.2 ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің тарихы 21
1.3 Қазақ-жоңғар қатынастары Бұқар жырау шығармаларында 23

2 АБЫЛАЙ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ БАТЫРЛАРЫНЫҢ ЕРЛІКТЕРІ
2.1 Жыраулар шығармаларындағы – Абылай бейнесі 31
2.2 Жыраулар шығармаларындағы батырлар 44
2.3 Мағжанның Батыр Баян поэмасындағы Абылай хан тұлғасының сомдалуы53
2.4 Бұқар жырау шығармаларындағы Абылай бейнесі
57
ҚОРЫТЫНДЫ
65
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ 66

КІРІСПЕ

Еліміз егемендік алып ұмыт болған дүниемізбен қайта табысып жатқан,
шынайы тарихи беттер ашылып өткенді қайта саралауға зерттеуге мүмкіндік
туып отыр. Ел басымыз Н.Ә.Назарбаев айтқандай: Қазақ болмысының келесі бір
ерекшелігі-оның тарихшылдығы. Қара халықтың тарихтан хабардарлығы мейлінше
жоғары болған. Керек десеңіз,білім институттарының дамыған жүйесі бар
бүгінгі күннің өзін бұрынғы қазақтардың санасындағы жаппай тарихшылдықпен
салыстыруға болмайды-дей келе, тарихи білімнің мұндай жүйесі қатардағы
көшпелілер үшін тарихи,мәдени оқиғалардың ағыны ретінде бала кезінен сана-
сезіміне сіңіп отырған. Қазақ даласының дүйім жұртында кең құлашты тарихи
сана болған,себебі, бұл даладағы әрбр жұмыр басты пенденің жады бала
кезінен ауызша айтылатын қисапсыз мол дерекке әбден жаттығып,көз қанық
болып өскен. Халық тарихын түсініп,білу әрбір адамның өз басындағы сезім-
түйсікпен астасып отырған.[1.29]
Ресейдегі ХХ ғасырда пайда болған революциялық қозғалыс ұлттық шет
аймақтың соның ішінде Қазақстанның да жағдайына әсерін тигізді. Кеңес
өкметінің орнауымен қазақ елінде өткен тарихын ұмыту, жоғалту басталды.
Тіршілікке жаңа ұрпақ жетіліп тарих пен тағдырдың таразысынан қайта өтіп
жатқан қазіргідей кезеңде тарихы көп бұрмалаушылыққа ұшыраған ел тарихын
қайта зерделеу өткенімізбен қайта табысу қазақ тарихының көмексі тұстарын
қайта ашуға үлкен мүмкіндік туғызып отыр.
Қазақ даласында XX ғ.дейін ауыз әдебиетінің жазба әдебиеттен үстем
болып келгені баршаға аян. Сондықтан қазақ тарихына қатысты жазба
деректерді ілуде біреу кездестірсек, ауыз әдебиетінің дерегіне жататын ақын-
жыраулар шығармалары жетерлік. Өкінішке орай ауыз әдебиетінің деректерінің
құнын жазба деректерден төмен санайтын тарихи қате ойдан әлі арыла алмай
келеміз,сол себепті нақты тарихи шындықты баяндайтын көптеген ақындардың
өлең-жырлары зерттелінбей жатыр. Ал ауыз әдебиетінің көрнекті өкілдері
ақындар халықпен бірге біте қайнасып жатқандықтан сол заманның ащы шындығын
өлеңдеріне негіз етіп алады,яғни тарихи шындықты айтады. Ақын
шығармаларынан белгілі бір халықтың рухани есею жолын, тағдыр таразыға
түскен небір тарихи тайталастардың мәліметтерін табасыз. Ал, әдебиетте
бейнеленген бұл мәліметтер белгілі бір дәуірдің мән-мағынасын айқындайтын
елеулі тарихи фактілер, шынайы өмір шындығы екендігі мәлім.[2.3]
Зерттеу жұмысының өзектілігі:
Қазақ халқының тарихи жырларын жазып алып жариялау ол туралы азды-
көпті ғылыми пікір айту өткен ғасырдың ІІ-жартысынан бері қарай көзге түсе
бастағаны мәлім. Алайда бұл жанрға арналған байсалды еңбектер Кеңестік
дәуірде, әсіресе Ұлы Отан соғысынан кейін пайда болды.[3.56]
XVІІІ ғ. қазақ халқының әлеуметтік саяси және философиялық ой жүйесіне
ерекше бір шабыт беріп, қозғау салып, хандарымызға елін,жерін түгендетіп,
батырларымызға қолына найза ұстатып жауға қоса, жырауларымыздың ойына
түрткі салып,замана жайлы сол кездің көкейкесті мәселелерінің шешімін өз
шығармашылықтарына арқау еткізген заман болды. Евразиялық кеңістіктегі
Қазақ ордасының осы бір кезеңінің тарихи хал-ақуалын жазушы М.Мағауин былай
деп сипаттайды: Түркістан бастаған 25 қаладан айырылу Қазақ Ордасының
қанатын қырқып,өрісін тарылтып қана қойған жоқ,оның алдағы замандардағы
тіршілік кебін бір жақты мал шаруашлығымен ғана айналысатын көшпенді кепке
түсірді. Түркістандағы Әзірет сұлтан дүрбесінен бастап, Сауран, Шымкент,
Сайрам, Ташкент, Созақ және басқа қалалардағы мешіттер қоймасында сақталған
бай кітапхана ондағы діни-фәлсафалық еңбектер,ескі тарихтар мен шежірелер
біз бар деп білменген тағы қаншама мұра өртке кетті, талан-таражға
түсті,жойылды..[4.100-101]
Осындай алмағайып заманда қазақ халқының өмір сүруімен жойылып кетудің
алдында тұрған неғайбіл шақтарында ұлттық жоғары рухы, көзсіз жанқиярлық
ерлігі жайында қаншама аңыздар, өлең-жырлар, талғаулар өмірге келді. Ол
туындылар сол кездегі өмір шындығы, жүректердің тебіренсі, халықтың арман
тілегі. Біздің жадымызда екі ғасыр бөліп тұрса да, бабалар үні құлағымызда
тұрғандай. Ақтабан шұбырынды жылдары қазақ елінің дербестіктен айырылып
қалу қауіпі туған кезең еді. Өздеріне соншалық қымбат құндылықтардың күйрей
бастауының нышандары айқын көріне бастаған кез. Сондықтан да осындай
қауіпті ең алғашқы көрген, сезіне бастаған халықтың ең сезімтал ұлдары-
жыраулар, билер, ақындар, осындай күйреудің үрейлі ұшқындарын өздерінің
шығармаларында көрсетіп, халықты, билік басындағы хандарды бірлікке
шақырды. Олардың негізгі үні- отаншылдық, ерлік, жерін, ата-мекен қорғау
т.б. бір кездегі Түрік империясының дәуірлеген кезіндегі рухтың өрлігі
бәсеңсіп, ұсақ мүдделердің , билікке таласудың, тайпалық, рулық, және т.б.
пиғылдардың белең алғандығы қатаң сыналып, тұтас халықтың бірлігінің
мүдделерін алға тарту басым.
Қара өлеңнің, сиқырлы сөздің тұтқынға тұтылып, шырғалаңға шырмалып,
кәдімгідей қасірет шегетіні арқаға аяздай бататын ащы шерді
ақтарғандығынан. Ал ащы ақиқат қайғы-мұңның зілмауыр салмағы түскенде ғана
айтылады. Көкірек толған қайғы кісінің өзіне де билетпей, бойды
шымырлатып, буынды құртып, я көзден жас болады, я тілден сөз болып шығады
деп ұлы Абай айтқандай көкірегі қайғы қасіретке толы XVІІІ ғ. жыршылары
Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама оқиғасына байланысты жыр толғамай
өтпеген. Жыраулар шығармаларында жоңғар басқыншыларының басып кіруі
кезеңіндегі әскери қақтығыстар, ойран салу,қырып жою қазақ халқының сол
кездегі бастан кешкен қайғы-қасіреті баян етіледі.
Дегенмен тарихи жырлар әлі де түбегейлі зеттеліп біткен жоқ. Оның
табиғатын танып, даму заңдылығын аша түсу, сөйтіп поэтикасын жан-жақты да
терең зерттеуді қажет етеді. Жыраулар шығармаларын пайдалана отырып
тарихтың ақтаңдақ беттеріне айналған көптеген тарихи оқиғалардың мазмұнын
ашу өзекті болып табылады.
Зерттеу жұмысының деңгейі мен тарихнамасы:
XVІІІ ғасыр жыраулары қат-қабат қайшылығы мол,аумалы-төкпелі дәуірде
өмір кешті,олардың жырлап өткен жырлары да тарихшылар тарапынан
зертелінбеген тың тақырыптардың бірі болып табылады, тіпті әдебиет тарихын
зерттеуші ғалымдардың өзі бұл тақырыпқа көп көңіл бөлмеген. Мұны тарихтағы
тұлғаларды таптық,партиялық және саяси көсқарас шеңберінде зерттеген Кеңес
дәуіріндегі ғылымды, ислам дінін мақтаған,отырықшы езгіге қарсы жыр
жырлаған жырауларымыздың еңбектерін зертеудің қиын болғандығмен түсіндіруге
болады. Бірақ, идеологиялық қатаң қысымшылыққа қарамастан XVІІІ ғасырда
өмір сүрген жырауларымыз зеттеушісіз қалмады. Жұмат Тілепов, М.Әуезов,
Х.Сүйіншіәлиев, Р.Бердібаев т.б. ғалымдарымыздың еңбектерінде жарияланды.
Х.Сүйіншіәлиевтің Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезеңдері, Қазақ әдебиеті,
XVІІІ-ХІХ ғасырда зертеулерінде қазақ-жоңғар соғысына қатысып,өздері куә
болған жоңғарлардың басқыншылық саясатын өз жырларында жырлап өткен
жыршыларға қысқаша тоқталып өткен. Сондай-ақ кейбір шығармалары Үш ғасыр
жырлайды, Бес ғасыр жырлайды, VІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ поэзиясы,
Әдеби мұра жинақтарында басылды.
XVІІІ ғасырдың алғашқы он жылдықтары қазақ халқы үшін қиын-қыстау
сынақ жылдары болды. Шынына келгенде ел басына ел болу, не табанға түсіп
құл болу күн туды. Орыс тарихнамасында қазақтардың жоңғарлар
басқыншылығына қарсы күресі жалпылама жұмыстарда керініс тапқан. Оларда
тұтас алғанда жалпы жағдайдың көрініс тапқанына қарамастан тарихи оқиғалар
жүйелі түрде, рет-ретімен баяндалмайды. Әсіресе, бұл екі шайқастың қазақ
жасақтары 1728 жылы Бұланты өзенінің жағасындағы Қарасиыр деген жерде және
кеш дегенде 1730 жылдың көктемінде Аңырақай даласында жоңғарларды жеңген
шайқастардың жәй жапсарына қатысты. Қазақ-жоңғар қатынастарының ХІХ
ғасырдың аяғы ХХ ғасырдың басында М. Ж. Көпеевтің, Ш. Құдайбердиевтің, Ә.
Бөкейхановтың күш-жігер салу арқасында ғана неғұрлым егжей-тегжейлі саралап
зерделеу мүмкін болды. Қазақтардың жоңғарларға қарсы күресі, жоңғарлардың
1723-1726 жылдардағы жеңіске жету себептері, қазақтардың саяси және
экономикалық ауыр жағдайы,басқа да мәселелер ХХ ғасырдың 70-80жылдарындағы
тарихнамада: И.Я.Златкиннің В.А. Моисеевтің т.б. монографияларында ғана
ғылыми тұрғыда көрсетілді.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері:
Қазақ хандықтары XVІІІ ғасыр басынан-ақ сыртқы саяси жағдайдың
шиеленісуі, ХVІІІ ғасырдағы қазақ халқының басынан кешкен тарихи оқиғалары,
ХVІІІ ғасыр қазақ тарихынан орын алған қазақ-жоңғар қатынасының жыраулар
шығармаларында бейнеленуін талдау жасай отырып, жаңа көзқарас тұрғысынан
бағалау диплом жұмысының басты мақсаты болып табылады, осыған орай диплом
жұмысының алдында төмендегедей міндеттер қойылады:
-Жыраулар шығармаларының мазмұнын ашу;
-Ауыз әдебиетінің құндылығын дәлелдеу;
-Жыраулар жырындағы тарихи оқиғаларға сиапаттама беру;
-Әрбір жырдағы оқиға барысын жүйелеу, тарихи сараптама жасау, мәнін ашу.
Зерттеу жұмысының дерек көздері:
Диплом жұмысын жазу барысында осы уақытқа дейін ғылыми айнылымға
тартылмай келген баспа сөз материалдары мен XVІІІ ғасырға байланысты түрлі
әдебиеттер , ғылыми зерттеулердің мәліметтері сұрыпталып алынды.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы:
Деректер негізінде қазақ-жоңғар қатынасы халық жыраулар шығармаларына
қатысты деректік материал негізінде тарихи шындық пен объективті тұрғыдан
нақты талданып зерделеніп көрсетілуі.
Зерттеу жұмысының жаңалығы:
-Тарихи деректің ғылыми айналымға енгізілуі негізінде қазақ-жоңғар
қатынастары жыраулар шығармаларындағы мәселелер объективті түрде
баяндалады.
-Қазақ халқының XVІІІ ғасырдағы тыныс тіршілігі,елдін тұтастығын сақтау,
ел басына күн туған шақтағы басқыншылармен күрес жолындағы әрекеттері
айтылады.
-Ел басына күн туған шақта қазақ халқын бірлікке шақырған, жаумен күресуде
рух берген жыраудың ел алдындағы сіңірген еңбектері хақында баяндалады.
Диплом жұмысының құрылымы:
Диплом жұмысы кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған
әдебиеттерден тұрады

1 ЖЫРАУЛАР ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ЕЛ ТАҒДЫРЫ

1.1 АБЫЛАЙ ХАННЫҢ ТАРИХТАҒЫ РӨЛІ

Абылай (Әбілмансұр) – Қазақ ордасын бір тудың астына топтастырып,
байтақ жерімізді жоңғар шапқыншылығынан азат еткен, алып мемлекеттер –
Қытай, Ресей патшалығымен мәмілеге келіп, ел тәуелсіздігін сақтаған,
айбынды да ардақты хан, кемеңгер көсем.
Абылай хан 1711 жылы туып, 1781 жылы қайтыс болған. Сүйегі
Түркістандағы Қожа Ахмет Иассауи кесенесіне қойылған. Кезінде орыс
тарихшылары, зерттеушілері Абылайдың хандық қызметіне, саясаттағы беделіне,
қолбасшылық рөліне байланысты ойларын айтса да, оны кеңестік идеология көп
уақытқа дейін тарих тасасында қалдырды. 1944 жылы Г. Александров, П.
Поспелов, Ф.Федосеев, т.б. кеңес ғалымдарының БКП(б) Орталық Комитетінің
хатшылары Г. М. Маленков, А. Щербаков атына жазған хатында М. Әбдіхалықов,
А. Панкратова редакциясымен шықан Қазақ ССР тарихының тұжырымдамасы қатаң
сынға алынды. 1940-1980 жылдарда А. Баймұрзин, Н. Г. Аполлова, В. Я. Басин,
Б. П. Гуревич, Т. Ж. Шойынбаев, С. Е. Толыбеков сияқты тарихшылар еңбегінде
Абылай халықты тонаушы, екі жүзді, жауыз, қанішер, қайшылықты,
жалтақ саясат иесі, басқыншы, зорлық-зомбылықшы, орыс мемлекетіне
қарсы шығушы болып айыпталды.[5.32]
1950 жылы Правда газетіндегі мақалада Абылай-Кенесары заманы
қараланды. Тіпті 80-ші жылдардан кейін де Қытайдан Я. Мырзахан және тарихшы
К. Хафизова Абылай құрған хандық мемлекетті жоққа шығаруға тырысты. 1962,
1977, 1983 жылдары жарияланған Қазақ ССР тарихы Абылайдың билігі, саясаты
жайлы теріс түсінік қалыптастырды. М. Вяткиннің Абылай ханға оң баға берген
еңбегі ескерусіз қалды. Абылайдың хандық мемлекетіне, қайраткерлік,
қолбасшылық, дипломатиялық қызметіне нақты баға берілген А. И. Левшиннің
жазбалары – тарихи шындықты жан-жақты ашатын, құнды еңбек. Ол: Абылай –
тәжірибесі, ақыл-айласы жағынан болсын, қол астындағы халқының саны, күші
жағынан болсын, сондай-ақ өзінің Ресей патшалығымен, Қытайдың боғдыханымен
жүргізген тапқыр, шебер қатынастары жағынан болсын өз тұсындағылардың
бәрінен биік еді, дейді.[5.68]
Абылайдың 1755-56 жылдардағы Жоңғар хандығын түпкілікті талқандауға
қатысты жорықтарына және Қытаймен арадағы саясатына Н. Я. Бичурин (Иакинф),
Ресеймен қарым-қатынасына В. Вельяминов-Зернов. Абылайдың ел билігіндегі
қызметіне И. Я. Златкин, Г. Спасский, И. Г. Георги, И. П. Фальк, М.
Красовский тоқталады. Бірқатар әскери жазбаларда Абылай туралы деректер
бар. Тарихи құжаттар негізінен ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ-орыс
қатынастарында жинақталған. Абылайдың Қытай боғдыханымен жазысқан хаттары,
қытайдың әскери жазбалары, қолбасшыларының жарлықтары, елшілік қатынастары,
келісімдері жөніндегі еңбектері – маңызды тарихи дерек көздері. Қытай
тарихшысы Су Бей-Хай өз зерттеуінде XVIII ғасырдың орта шенінен бастап
Абылай аты тамам қазақтың ұранына айналды деп баға береді. Дегенмен,
Абылай туралы шындық сәулесі өшпеген тұстағы ауызекі әңгіме-аңыздар, тарихи
жырлар негізінде дүниеге келген Ш. Уәлихановтың Абылай хан зерттеу
мақаласының өрны бөлек. 1861 жылы жарық көрген бұл еңбек негізінде орыс
энциклопедиялық сөздіктері мен күнтізбелерінде Абылай жөнінде мәліметтер,
бағалар берілді. Тарихшы Қ. Халидұлының 1910 жылы Қазанда басылған Тауариһ
һамсасында Абылай ханның заманы, жоңғарлармен соғысы жайындағы ой мол. Ол
Қазақ елінің соңғы хандарының ең атақтысы – Абылай хан. Абылай хан
қабілеттілігі арқасында… үш жүздің ханы аталды деген тұжырымды пікір
түйеді.[5.74]
Абылай туралы Қазақ совет энциклопедиясында оң түсінік берілгенімен,
кеңестік тарих ғылымында Абылай ханның тарихи рөлінің айқындалмауы қазақ
тарихының шындығын ашуға мүмкіндік бермеді.
1964-65 жылдары шыққан Қазақ әдебиетінің тарихында Абылайды
қаралайтын аңыздар мен тарихи жырлар ғана жарияланды. Профессор Н. С.
Смирнованың монографиясына идеологиялық қысым жасалды М. Әуезов тікелей
басқарып, 1948 жылы жарық керген Қазақ әдебиетінің тарих қатаң сынға
алынып, ұлы классиктің қудалануына әкеп соқты. М. Әуезов сол кезде:
Қазақтың дербес ел болуына, әрі-беріден соң қазақтың қазақ болуына, басы
қосылып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруына ерен еңбек сіңірген
Абылайдан артық адам болмас деп айрықша атап көрсеткен еді. Абылай,
Кенесары тақырыбын қалам тартқан Қ. Бекқожин да сынға ұшырады. Шиеленіскен
халықаралық жағдайда Абылай бытыраңқы қазақ жерлерін өз қоластына
біріктіруге тырысты… көршілері Ресей, Қытай, Жоңғария мүдделерінің қарама-
қайшылығын дұрыс пайдалана отырып, Абылай іс жүзінде елдің тәуелсіздігін
сақтап қала алды деген тарихшы Е. Бекмахановтың үлкен тарихи монографиясы,
С. Асфендияровтың, М. Тынышпаевтың зерттеулері Қазақстан тәуелсіздігінен
кейін қайта жарық көрді. 70-жылдардың соңында шыққан Н. Бекмаханованың
ғылыми еңбегі Абылайдың Ресеймен қарым-қатынасына арналса, академик Р. Б.
Сүлейменов пен В. Моисеевтің монографиясы – Абылайдың өмірі мен қызметін
терең талдаған тарихи зерттеу. [5.90]
1991 жылы 1 тамызда Көкшетауда өткен Абылайдың 280 жылдығы тарихымызды
қайта қарауға, тарихи тұлғаларымызды бағалауға, әсіресе, Абылайдың
қайраткерлік рөлін айқындауға жаңа бетбұрыс болды. Бұған тарихшылар,
зерттеушілер М. Қозыбаев, Р. Сүлейменов, В. Моисеев, Ғ. Сапарғалиев, М. Құл-
Мұхаммед, Қ. Әбуов, Қ. Сапғара, Н. Мыңжан, Н. Мұхаметханұлы, Қ. Бижанов, Е.
Ділмұхамедов және т.б. шынайы үлес қосты. М. Қозыбаев: Абылай хан – өте
алып та, тұңғиықтай терең де тұлға. Оның есімі XVIII ғасырдағы барша
әлемдік тарихқа құбылыс болып енді десе, Р. Сүлейменов: Хан Абылай –
қазақ елінің өткендегі тарихында елеулі із қалдырған аса ірі тұлға деп
ерекшеледі.[6.23] Басқа ғалымдарымыз да тұжырымды ойларын айтты. Абылайдың
қайраткерлік, қолбасшылық, дипломатиялық қызметі ХҮІІІ ғасырда Бұқар,
Үмбетей, Тәтіқара, Көтеш, Шал сияқты ақын-жыраулар поэзиясында ғана
жырланып қалмады, кейінгі ғасырлардағы тарихи жырлар мен дастандардың да
өзегіне айналды. Абай: Абылай мен Кенесары – қазақ халқының қаһармандары.
Олардың істері мадақтауға лайық [6.38]деп ой тастады. Ш. Құдайбердіұлы
аңыз-әңгіме, деректер жазып қалдырды. Абылай туралы аңыз-әңгімелерді
жинауда М. Ж. Көпеев зор еңбек сіңірді. Жамбыл Абылайға өлең арнап, ол
туралы аңыздарды жеткізсе, С. Торайғыров, А. Байтұрсынов, М. Әуезов, М.
Дулатов, С. Мұқанов т.б. абылайтануға үлес қосты. Абылай, Кенесарыға
қатысты жыр, толғау, аңыз-әңгімелерді орыс ғалымдары В. В. Радлов, И.
Катанов, Г. Н. Потанин, Н. М. Ядринцев, А. Е. Алекторов т.б. ел ішінен
жазып алды. Дала уалаяты газетіндегі бір хабарда 1891 жылы Санкт-
Петербург университетінің Шығыс факультеті студенттеріне Қазақ
қаһармандары Абылай, Кенесары жайлы толғауларға ғылыми бәйге жариялануы да-
сол заманның өзінде ардақты тұлғаларымызға ерекше мән берілгендігінің
куәсі.[6.85]
Кеңестік саясат Абылайды жалаң, идеологияландырылған, қайшылықты тұлға
санаған кезде де ақын-жыраулар поэзиясындағы Абылай бейнесіне, атап
айтқанда, Қ. Мұхаметханов, Ә. Марғұлан, Б. Кенжебаев, Ә. Дербісәлин, X.
Сүйіншәлиев, М. Мағауин, Ә. Қоңыратбаев талдау жасады. Сонымен бірге С.
Қасқабасов Ш. Уәлиханов жинаған Абылай жайлы аңыздарға, Р. Бердібай тарихи
жырлар мен қисса-дастандардағы Абылай бейнесіне сипаттама берді. Ж. Тілепов
XVIII ғасыр ақын-жырауларының өлең-толғауларындағы Абылай өмірінің тарихи
шындыққа қатысын, Ш. ЬІ. Уәлихан Абылайдың халық ауыз әдебиетінде
сомдалуына, өміріне қатысты тарихи деректердің мәнділігіне тоқталды. А.
Тарақты Абылай күйлерінің шығу тарихын, күй аңызын зерттеді. Абылай жайлы
тарихи құжаттарды аударып, абылайтануға негіз боларлық материалдарды жинап
бастыруда С. Ақтаев елеулі еңбек сіңірді. Б. С. Рахымовтың XVIII ғасырдағы
тарихи жырларға байланысты 1993 жылғы кандидаттық диссертациясында Абылай
бейнесі басқа да қазақ батырларымен бірге жалпылама қарастырылды. Дегенмен,
Бұқар толғауларындағы Абылай бейнесіне Ж. (Омари) Артықбаев тарихи зерттеу
жасады. Абылайнамалық шығармалардың баспасөзде жарияланп, кітаптарда жарық
керуіне С. Дәуітов белсене атсалысты, асыл мұраларды қайта тірілтті.
Соңғы кездері Абылай жайлы халық ауыз әдебиеті мұраларының, Абылай
өміріне, заманына қатысты тарихи деректердің молынан жарық көруі жаңа
зерттеуді қажетсінді. Абылайнамалық мол туындыларды жинақтап, екшеп, Абылай
заманына сипаттама жасап, шығармалардағы әдеби шындықтың тарихи шындықпен
сәйкестігін бажайлап, Абылай  өмірін қайта саралау міндеті тұрды. Кезінде
Абылай туралы бір күрделі ғылыми еңбек жазылса екен…[7.85] деген М.
Әуезов тілегі де бүгінгі уақытта жаңа бір жүйелі зерттеудің керектігін
айқындайды.
Сондай-ақ ел егемендігін алар шақта 1991 жылы 9 сәуірде Қазақстан
Республикасының Президенті Н. Назарбаев … Абылай секілді хандарымызды
тек өзіміз ғана біліп қоймай, Қазақстанның барлық халқына танытайық[7.96]-
деп Абылай ханды жан-жақты зерттеу қажеттігін атап көрсетті. Осы тұрғыда
Абылай жайлы соңғы жылдарда жарияланған өлең-толғауларды, тарихи жырларды,
дастандарды жинақтап, жүйелеп Абылайдың тарихи тұлғасының жасалу
ерекшелігін айқындауды, өмірінің елеулі кезеңдерін жан-жақты көрсетуді
мақсат еттік.
Бұл тұрғыда:
а)XVIII ғасырдағы өлең-толғау, тарихи жырлардағы және одан кейінгі
кезеңдегі дастандарда Абылай тұлғасының жасалу ерекшелігі;
ә)Абылай өмірінің тарихи оқиғалармен сабақтастығы;
б)Абылай туралы халық ауыз әдебиеті шығармаларын жанрлық түрде
жүйелеу;
в)эпикалық дәстүр жалғастығын айқындау;
г)тарихи жырлар мен дастандардың нұсқаларын талдау, олардың тарихи
шындыққа қатыстылығын анықтау;
д)Абылай бейнесін сомдаудағы қолданылған поэтикалық тәсілдерді
салыстыра зерттеу;
е)Абылай жайындағы тарихи жыр-дастандардағы мәтіндік өзгешеліктерді
қарастыру мақсатын да көздедік.
Рас, Абылай жөнінде аңыз-әңгімелер мол, оның нұсқалары да жеткілікті.
Оларды тақырыптық ерекшелігіне, Абылай өмірінің кезеңдеріне бөліп талдап,
жеке тарау етіп ұсындық. Абылай ханның өмірі мен тұлғасының жазба
әдебиетте, кеңестік кезендегі поэзиялық шығармада қалай көрініс табуы да
арнайы сөз болады.
Тарихымызға Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама болып енген ұзақ жылғы
қазақ-жоңғар шапқыншылығының шындығын терең ашатын Қожаберген жыраудың
әйгілі Елім-ай толғауындағы:
Қор болды бірлігі жоқ біздін қазақ,
Басынып ата жауым етті мазақ.
Көршілес екі жұрттан дәу мылтық ап,
Көрсетті шапқыншылар елге азап,[8.27]-деп күйзеліп те, күйініп те
жырлағанындай, Абылай ел билігіне келерге дейінгі кезең қазақ үшін сорлы,
торлы заман, қан майдан, маңдайынан бағы тайған, қазақтан сасық
қалмақ озған, олардың көршілес екі елден мылтық, яғни, зеңбірек алып
(Ресей мен Қытай) есірген, әулиедей болған заман болған.
Халықтың үштен екісі қырылып, Еділ, Жайық, Арқаға қазақ ауып, Шу,
Талас, Сыр, Қаратау жауда қалды-деп жырау айтқандай, еліміздің тоз-тозы
шығып, берекесі кетіп, іргесі сөгілген, қысталаң, қиын, сұрапыл заман тарих
тілімен айтқанда, шапқыншы қалмақ пен ұлт-азаттық қозғалысының шешуші
кезеңін тудырды.
Төле би толғауындағы көкірек қаққан хандардың лауазымға таласып, елді
быт-шыт қылғаны, ағайынның алауыздығынан көлденең көк аттының елді жаулап
алғаны, аз дұшпаннан жеңіліп қабырғасын қайыстырған кезеңде ыдырап жатқан
қазақтың басын қосып, береке-бітім іздеген ел билеушісін уақыт талап етті.
Халық басына төнген қасірет ел тағдырын таразыға салды. Шашырап, сансырап
тозған, бірлігі бүлініп, тағдыры қыл тұзақ ұшына ілініп тұрған кезеңде үш
жүздің басын қосып, Қазақ ордасын нығайтып, жоңғарларға қарсы жойқын
ұрыстарда қол бастап, байтақ жерді азат еткен, даңқты қолбасшы, көреген
саясатшы айбынды ханымыз Абылай еді … Сол аласапыран дәуірде қалың елдің
қайрақтай жан қала ма[9.63] деген Қазығұрттай үміті жалғыз ғана Абылай
басында қалған болатын. Ескі қазақ елдігін, ескі жүрттың тілегін ту
көтеріп, бір араға жиған Абылай болатын… Қазақтың жат елге бағынбай өз
елдігін сақтап қалып, іргесін бөлек салуы – Абылай заманынан бері қарай XIX
ғасырдың ортасынан ауғанға дейін жаңа саяси бет алды[6.102]деген М. Әуезов
сөзі сол заманның азап, сорынан, халқын құрып кету қаупінен құтқарып қалған
даланың дана көсемі, ел тірегі Абылай болғанын паш етеді.
Ш. Уәлиханов өз зерттеуінде: Әсіресе, 1723 жыл сұмдық сипатымен
қазақтардың есінде өшпестей болып қалды. Қайда барса да қанқұйлы жоңғарлар
қыр соңынан қалмаған қазақтар үріккен киік үйіріндей дүркіреп, жол-женекей
дүние-мүлкін, бала-шағасын, кемпір-шалын, арық-тұрық малын, үй мүлкін
шашып, түстікке барып қойып кетті… Міне, осындай екұдай, үрейлі, қанды,
қасапты кезеңде ел назары Абылай сұлтанға ауады. Өйткені ол жорықтардың
бәріне алғаш қатардағы жауынгер боп қатысты, соның өзінде қисапсыз ерлік
көрсетіп, айрықша амал-айласымен көзге түскен еді. Өнегелі ақыл-кеңесі,
сұңғыла зердесі арқасында да ол бірден-ақ көреген, кемеңгер деген атқа ие
болды[6.111] деп, Абылайды заманы шыңдаған, тағдырдың түрлі сынағынан
өткен, жеке басының ересен ерлігімен, қолбасшылық ерекше қабілеттілігімен,
алғырлығымен, көрегендігімен, парасаттылығымен ерте бастан ел назарына
іліккен тұлға деп даралайды.
Ел аузынан жазып алынған Абылай ханның сыны, Райымбектің жауабы
деген аңыз-жырда:
Айналайын, қазағым,
Қалмақ шауып, бақ ауып,
Судан аққан қан көрді,
Аққан қанды тыймаққа,
Алаштың басын жимаққа,
Абылайдай хан берді[8.33]-десе,М. Жұмабаев Батыр Баян дастанында:
Алыстан орыс, қытай – ауыр салмақ,
Жақыннан тыншытпайды қалың қалмақ.
Артында – ор, алдында – көр, жан-жағы жау,
Дағдарған алаш енді қайда бармақ?
Сол кезде елге қорған болған Абылай,
Көп жаудың бірін шауып, бірін арбап..,[8.54]-деп қасіретті тарихи
кезеңде Абылайдың ел бағына келгендігін, халқының тірегі, жүрегі болғанын
аңғартады.
Абылайдың билік басына келуі кездейсоқ жағдай емес. Күрделі де
күрмеулі, қиын түйінді, шиеленісті тарихи жағдай оның хандық тізгінді
ұстауына ықпал етті. Елдің үміті, асыл арманы, тәңірден тілеген тілегі –
басқа түскен зұлмат соғыстан құтылу, бейбіт, баянды тірлікке қол жеткізу
болатын. Тағдырдың тәлкегімен әлеуметтік таптың төменгі сатысына іліккен
Абылай хан болғанда тек Шыңғыс әулетінің өкілі болғандықтан ғана емес,
майдан алаңына дабыл салып шапқан қас батыр, ерен қолбасшы, ел бастар көсем
санатында хан болып сайланды.[10.194] Үш жүздің келешегін ойлайтын,
соңынан ер азаматы түгел еретін, дұшпанның бақытын байлайтын, көрші елмен
татуласып, тіл табысатын, өзі шешен, сардар, данышпан көсем көптен сайлануы
тиіс болатын. Абылайдың ел билігіне келуі заман талабы, уақыт қажеттігінен
туды. Әрі оның бала кезінен ел мұңын, тілегін жан-жүрегімен ұғынып, қалайда
жұртының басын біріктіріп, жоңғар шапқыншылығынан жерін азат етуді
армандағанын сезінеміз. Жаугершілік заманда халқының қорқынышты өмір
сүргенін көріп, оны бұл халден құтқаруға бел байлауы… Абылайға заманының
қандай міндет жүктегенін айғақтайды. Яғни, Абылайға дейін болсын,
Абылайдың тұсында болсын қазақ халқының арман еткені: біріншіден, өз алдына
ерікті ел болып, өзін-өзі меңгеруі; екіншіден, атақонысына жайғасып, бейбіт
еңбек етіп, шаруашылығын шалқыту; үшіншіден, бірауыздан ынтымақты болып,
Отанын, елдігін қорғау еді. Абылай өзінің ақылдылығы арқасында халықтың осы
арманын, мұң-тілегін жақсы ұқты. Аштық пен қазақ көп қырылған Ақтабан –
шұбырынды азабынан елді құтқарған Абылай екені де ақиқат. Алайда Абылай
халықтың арман-тілегіне бар қажыр-қайратын, қабілетін сарқа жұмсағанымен,
сол кездегі шиеленісті жағдай ұлы мақсатын іске асыруға көп кедергі
келтірді. Абылай заманында шырматылып, түйінделген елдік мәселелер аз емес
еді. Ел тағдырына төнген қасірет – жоңғарлардың басқыншылық соғысын тойтару
ғана емес, көрші ірі мемлекеттер – Ресей мен Қытайдың отарлап, бодандыққа
мойын ұсындыру саясатынан амалдап, айла-ақылмен құтылып, дербес ел ретінде
тарих сахнасында Қазақ ордасының күш-қуатын таныту еді. Абылайдың 1730-31
жылдары алғаш ұрыстарға араласып, қалмақтың азулы да айбынды батыры Шарыш
сияқты қолбасыларын жекпе-жекте жеңіп, жойқын ұрыстың тізгінін қолына батыл
алып, ел ішіндегі берекелі бірлік орнатып, мықты әскери дайындық, ақылды да
айлалы саясатқа сүйенуі өз жемісін бергені мәлім.
1718 жылы Тәуке хан өлгеннен кейін билікке таласып, ыдырап, тұтастығы
бұзылған Қазақ ордасының қуатын қайта қалпына келтіру міндетін қолына алған
Абылай әрбір жағдайды байыппен, сабырмен, ақылмен асықпай шешті.
Кенесарының атасы Абылай хан ерекше даңқы шыққан адам болды… Шиеленіскен
халықаралық жағдайда Абылай бытыраңқы қазақ жерлерін өз қоластына
біріктіруге тырысты. Қазақстанды басып алуға тырысқан көршілері Россия,
Қытай, Жоңғар мүдделерінің қарама-қайшылығын дұрыс пайдалана отырып, Абылай
іс жүзінде елдің тәуелсіздігін сақтап қапа алды.[10.56] Әсіресе
жоңғарлармен ұзақ жылғы азаттық күресі – халықтың ерлігі мен жігерін,
төзімі мен табандылығын шыңдады. Хиуа, Бұқар қол ұшын бермей, ұйғыр,
шүршіт, қоқан, түрікпен, сарт, башқұрттардың сырт айналғанында, қуатты да
мықты Жоңғар хандығымен қазақ халқы ғана қырғын соғысқа қарсы тұрғаны
мәлім. Сол кезде, деп жазады жапонның тарихшы ғалымы Зокота – жоңғарлар
Орта Азиядағы ірі сахара патшалығы болды. Оған ұйғырлар қарсылықсыз
бағынды. Қырғыздар бір мезгіл қарсылық көрсетсе де, сұрапыл тегеурінге
шыдамады. Ал ұзақ жыл бойы жоңғарлармен тірескен тек қазақтар ғана
болды.[10.98] Шын мәнінде жоңғарлардың жойқын күшін тоқтатып, оларды әбден
титықтатып, ақыр соңында тас-талқан етіп тізе бүктіруге дейін табанды күрес
жүргізген Абылай бастаған қазақ қолының жеңісі – оның шебер де шешімді
дұрыс тактикасы ішкі-сыртқы саясатта ұстанған ұтымды стратегиясымен
байланысты. Мемлекеттің тәуелсіздігін сақтайтын, басқыншылардың қол
сұғуынан қорғайтын қуатты күш әскер… Абылайдың кемеңгер қолбасылық
қасиеті – жауынгерлік қабілеті бар әскери күш жинап, оларды басқаратын
тапқыр әскер басшыларын өз теңірегіне жинауы.
Заманында Абылайдың даңқының дүрілдеп шығуы да оның аса қабілетті,
қайтпас қайсар, ержүрек батырларды төңірегіне топтастыруынан. Ел сенімі де,
тірегі де қолбасылар, батырлар болды. Яғни, Қарадан шыққан әскери элита,
елге билік айтқан шешендер мен көсемдер хан тірегіне айналды. Хандық билік
пен ақыл-күштің тетігі – батырлар мен билер билігіне ұласты.
Батыры ханға сай болды,
Елге лайық ер болды.
Өзге жұрт аңсар жай болды,[8.66]-деп мұны Үмбетей жырау айрықша атап
көрсеткен.
…Ел билеу ісінде қазақ хандығының ежелгі заң жарғыларын қалпына
келтірген Абылай әскери істе де өткенді қайта тірілтеді,-деп[11.15] М.
Мағауин Абылайдың Шыңғыс хан заманынан бергі соғыс әдістерін жетік
меңгерген аса дарынды қолбасшы екендігін әйгілейді. Абылайдың Шаңды
шабуыл, Жайлау жорық, Қап қағылған соғыс атты әдістері болған.
Әрине, Абылайдың көрегендігі ұрыс стратегиясын алдын-ала жоспарлауында
ғана емес, көрші мемлекеттермен арадағы шиеленісті жағдайларды өз мүддесіне
шебер пайдалануында. Абылай заманында ең ұзақ соғыс қалмақтармен болғандығы
белгілі. Тарихшы Қ. Халидұлы Абылай ханның соғыстары қалмақпен болды да,
Абылай қалмақ елін Қызылжар, Қарқаралы маңынан, Аякөз өзенінен өткізе қуып,
қазақтың жерін кеңейткен кісі… Шығыстан жүңге әскері келіп жоңғар
хандығын аяқтатқан соң, қалмақ елінің күші азайып, көпшілігі Жұңғаның
қорғауына өткен еді, шетте қалған азырағы қазақтармен қарсыласуға әлсіз
болды. Мұндай жағдайда Абылайдың бағы үстем және Ресейден бейғам болып,
Орта жүз бен қалған екі жүздің шет бөліктеріне үкімін жүргізіп, бүкіл
қазақтан қол жиып, Шыңғыстаудың батыс жағында, шығысында неше рет қалмақты
шапты[12.23] деп нақтылы дәлелдеп кетеді.
1745 жылдары Қалдан Серен қаза тауып, Ойрат ханының тағына басталған
таласты Қалдан Сереннің ұлы Цеван Доржидан кейін хан тағына отырған Лама
Доржы мен жоңғар хандығының негізін қалаушылардың ұрпағы Батыр хунтайшы
Давацимен (орыс деректерінде Девачи, Ловачи, қазақтар Лабашы деп атап
кеткен) арадағы қиян-кескі шайқасты Абылай өз мақсатына ұтымды пайдаланды.
1751 жылы күзде жеңіліске ұшыраған ол өзін қолдаушы хан мұрагерлерінің
бірі – Әмірсанамен бірге Орта жүзге қашып барады. Қашқындарды қазақтар
ілтипатпен қарсы алады. Абылай болса, Жоңғариядағы қалмақ шонжарларының
таққа таласқан ұрыс-керісін сырттан бағып, бұл істен бойын аулақ ұстап,
араласпауға тырысқан.
Хитрый султан Аблай угождая несколько лет двум властям, одно другой
противу положным, был все время приглашаем на помощь третьей, которая менее
прочих была нужно ему для безопасного существования своей Орды[13.128]-деп
А. И. Левшин де атап көрсетеді.
Үш жүздің ақсақалдарының бас қосқан жиынында Давацидің алдағы уақытта
тигізер пайдасын ойлап, қалмақ жұртын билеп, қаһарына мінер күн туса, ол
басқа жаудан гөрі біз үшін қатерлірек болар[14.82] деген Абылай сөзі көп
ұзамай шындыққа ұласады. 1753 жылдың 12 қаңтарында қалмақ ханы Лама
Доржидің ордасын күйретіп, өзін өлтірген Даваци мен Әмірсана арасында
хандықтың жартысын бөлісіп алу жөнінде талас басталып, Даваци қазақтармен
одақ болу мақсатымен көмек сұрағанда, Абылай әліптің артын бағады. Бұл
кезде Әмірсана Цин патшалығынан көмек сұрап, Жоңғария хандығына қол
жеткізбек болғанда айлалы Қытай патшалығы оны тұтқындауды ойлайды. 1755
жылы көтеріліс шығарып, қытай әскерлерін талқандап, көрші елдерден, ең
бастысы Абылайдан көмек сұраған кезде, ол одақтас ретінде қолдайды.
Абылай, сірә, қазақ елімен шекарадағы маньчжур иелігінен гөрі тағында
Абылайдың өз әміріне көнбіс билеуші отырған Ойрат сияқты одақтас
мемлекеттің болуын көбірек қалаған болуы керек. Қалай болғанда да, Абылай
дәл осы бір шешімге тәуекел жасаған кезде, қазақ халқының ұлттық мүддесін
қорғағаны мәлім.
Сөйтіп, Лама Доржының 1752 жылы Төле биді кеңесуге шақыруы, бірақ дана
бидің оның ұрпақтарымен келіспей, бұл жағдайды Абылайға баяндауы, яғни
Абылайдың Жоңғар хандықтарының мақсат-мүддесі неге бағытталғанын аңғарып,
батыл әрекетке келуі де, осылайша соғыс пен бітім, басқа халықтармен сауда
және дипломатиялық қарым-қатынас мәселелері көп талқысынан өтіп шешіліп
жатқан, яғни дала демократиясы дүрілдеген кезең болғандығын айқындайды.
Жоңғарияны тарихта теңдесі жоқ жылдамдықпен оп-оңай жаулап алған император
Цянь-Лунның жеңімпаз армиясының жоңғар жеріне келуі Абылайдың саясатына
үлкен ықпал еткен. Абылай хан қалмақпен соғысып жатқан кезде Шығыстан
Жүңге әскерлері келіп, жоңғар хандығын тындым қылып, Құлжа қаласын алып,
жоңғарды түгел бойсындырады. Осы қырғындауларды көрген қалмақ, торғауыт елі
Жүңгенің қорғауына кірмей батысқа қарай қашты. Жол бойы қазақтан шабынды
көріп, жем болумен бірге Абылайдың атағы көтерілуіне себеп болды[12.87],-
дейді Қ. Халидұлы ұзақ жылдарға созылған жоңғар шапқыншылығының ақтық
кезеңі жайлы.
Жоңғарлармен соғыстың өз пайдасына шешілуін көздеген Абылай оларды бір-
бірімен жауластырып, әлсіретіп, титықтатып барып, тас-талқанын шығару
мақсатында табанды да айлалы, астарлы саясат жүргізіп қоймады, небір жойқын
ұрыстарда соғыс ісін жетік меңгерген, бес қаруы бойына сай батырларын
бастап, шайқастың алдында жүрді, қолбасшылық қарым-қабілетін таныта білді.
Тарихи деректер зеңбіректері мен басқа қару түрлерінен басым әрі саны мол
жоңғарлармен соғыстарда үнемі ұрыс тактикасын өзгертіп, қуатты қорғаныс,
ұтымды шабуылдар ұйымдастыра білгенін жеткізеді.
Абылай қалмақ нояндарының хан тағы үшін шиеленіскен қырқысын сырттай
бақылап, жайбарақат қарап отырмаған. Әскерінің біраз бөлігін алып барып,
жағдайдың басқа арнаға түсуіне ықпал жасаған. В том же году (1754) к Аблаю
бежали претенденты на джунгарской престол Амурсана и Лабаче . Под видом
оказания помощи им Аблай во главе значительного войска двинулся на калмыков
и разорил их аулы; далее стал искуственно раздувать их вражду.[15.60]
Абылай сұлтан бастаған Орта жүз билеушілері 1754 жылы белсенді көмек
бергенін И. Я. Златкин де ерекше атап кеткен.
Қалай десек те, ұлан-байтақ жерімізді басып алған Жоңғар
басқыншыларының жойқын шабуылдарын тойтарып, үш жүздің басын қосып,
қасиетті атамекенді азат еткен ұлы жеңістердің көшбасында Абылай тұратыны
айдай ақиқат.
Сондықтан да М. Ж. Көпейұлының Бұрынғы замандарда қалмақ қазаққа таң
атырып, күн шығармаған. Абылай хан ат арқасына мінген соң қалмақтың бетін
қайтарған… Құба қалмақтың ханы Қалдан Серен тұсында қалмақтың құтын
қашырып, Сарыарқадан аударған, басына қара қан жаудырған Абылай хан
болатұғын[16.114]-деген бағасы Абылайдың қолбасшылық үлкен талантын паш
етеді. Және де осы азаттық соғысының көрші халықтарды жойып кетуден
сақтаған үлкен тарихи мәні болғаны мәлім. …Жәңгір, Тәуке және әсіресе
Абылай басқарған кезеңдегі Жоңғария басқыншылығына қарсы күрес қазақ
мемлекеттігінің қалыптасып, нығая түсуіне ықпал етті. Қазақ халқының жоңғар
басқыншыларына қарсы жанкешті күресі Орта Азия халықтарын қирата қаптап
кетуінен қорғап қалды. Осыншама қаһарлы қарсыласты біржола талқандау
Орталық және Орта Азияның саяси өмірінде Қазақ хандығының беделін және
рөлін көтерді. Және де бұл кезең Абылай даңқының дүрілдеген, көрші
мемлекеттер беделін мойындаған, саясатымен санаса бастаған кезең еді.
Абылайдың Қытай мемлекетімен ұстанған саясаты, келісімдері мен
елшіліктер алмасуы жөнінде бірқатар тарихи құжаттар, тіпті өзінің хаттары
сақталған. Құжаттарда Цян-Лун әскерімен болған кейбір соғыс деректері де
бар. Қытай жазбалары тіпті өз әскерлерінің ұрыс қимылдарының нәтижесін
беріп отырған. Қалай десек те, Қытай боғдыханымен Абылайдың ұстанған
саясатының дұрыстығына ешкім шек келтірмеген. Жоңғария мен Кіші Бұқар
аймағын оп-оңай өзіне қаратуы қытайлықтардың жауынгерлік рухын және
көтеріп, басқыншылық құштарлығын арттыра түсті. Зайыры, император Цян-Лун
хань және таңь әулеттерінің заманын қайта қайталағысы келгенге
ұқсайды[17.56]-дейді Цинь патшалығының қазақ даласына ауыз сала бастағаны
жайлы Ш. Уәлиханов. Әрине, Абылай күшті қаруланған және жеткілікті
дайындалған, орасан зор күші бар қытай әскерімен батыл соғысқаны да
белгілі. Әйтсе де, саны жағынан өзінен әлденеше есе басым, мықты қаруланған
әрі ұзақ әзірленген қытай әскерімен әр қақтығыс оңайға түспегені белгілі.
Кей кезде шегіне жүріп ұрыс жүргізуге мәжбүр болған Қытай генералдарының
әскерінен құтылып кетуі айлалы ұрыс тактисын көрсетеді.
1756 жылдың мамырында Қытай боғдыханы Цян-Лун Әмірсананы ұстап,
тұтқындау жайлы сесті талап қойып, хат жіберген. Егер ұстап бермесе үлкен
армиясын шығарып, толық жойып жіберетіндігін де мәлімдеген. Әрине, досқа
адал, сертіне сенімді Абылай боғдыханның бұл сесінен қаймықпай, Әмірсананы
ұстап берген жоқ. Бірақ жеңімпаздық рухпен қуаттанған Қытай әскерлері қазақ
жеріне аяқ басқаны мәлім. Және де Абылай қолынан лайықты тойтарыс алғаны
Шүршіт қырған атты жер атының қойылуынан да аңғарылады. Қалай дегенде де
Қытай патшалығы Абылайды жоңғар сияқты қуатты күшпен басып алып,
бағындыруды діттегені де айқын.
Абылай сырттай одаққа кіретін сияқты көрінгенімен шын мәнінде қытай
үкіметімен байланысын үзбей, барған сайын онымен жақындаса түсті[]-дейді
Ш. Уәлиханов. Алайда бұл көрегенділікпен іске асырылған саясат еді. Ол сол
бір кезең үшін ғана емес, болашақ үшін жасалған маңызды қадам екендігі
айқын.
Абылай қандай ойларды басшылыққа алса да, оның қолдауы Жоңғариядағы
азаттық үшін күрестің өркендеуіне сөзсіз ықпал етті. Қазақ жасақтары Цинь
әскерлерінің едәуір бөлегін өздеріне қарай бұрды. Осы жылдары Қазақстанды
жұт жайлады, мал жаппай қырылып аштық қаупі көшпенділерге шындап төнді.
Міне, осындай жағдайда жығылғанға жұдырық болған сыртқы жаудан қорғану
үшін Абылай Цинь империясы үкіметімен алғаш бітім, ал соңынан бейбітшілік
келісімін жасады. Абылайдың бұл бітім-келісімі ойлы да парасатты
шешімдерден туындаған.
Абылайдың 1757 жылғы 7 маусымдағы Цинь патшалығымен Аякөз бітіміне,
қазан айында Пекинге елшілер жіберіп, Тәуелсіз сыйластық туралы келісімге
қол жеткізгені – үлкен жетістік. Аякөз маңында Лайсу-Мамырсуда болған,
кейіннен қазақ, қалмақ Қандыжап бітімі деп атаған сол тарихи оқиғаға
Абылайдың зор ықылас артқанын тарихшы Қ. Халидұлы нақты дәлелдейді. Абылай
ешқашан өз халқын бодандыққа байламаған… Сол кездегі дипломатия тіліне
көшірсек, Цинь империясы мен қазақ халқының арасында ағалы-інілі қатынас
орнайды, ал бұл кезде бодандық жүйе әке мен баланың арасындағы
қатынас[18.23]-дейді М. Мағауин. Мұны қытай деректері арқылы растай
түсеміз. Чиң патшасы Гау-Зұңның орда естелігінде: Сендер әлі де болса,
бұрынғы қалыптарыңда тұра беріңдер. Алым-салықты беру-бермеу өз
еріктеріңде[18.64] десе, енді бірде Іле, Тарбағатай өңірінде жоңғардан
босаған байырғы мекендеріне қоныс аудара бастаған қазақтарды қудалап, қысым
көрсете бастаған өз әскери басшыларына берген жарлықта: Сендер бірнеше
жылдан бері шеткерілеп келіп, мал бағып жүрсіңдер… Генерал-амбыларымыз
жарлық шығарып, сендердің қарауыл ішіндегі иен жерлерге келіп, мал
бағуларыңа рұқсат етті. Өйткені, сендер бізге бағынышты болған сырт
елсіндер. Тегі ес жиып, бейбіт тіршілік көрулерің керек…[18.92]
делінген.
Міне, осы жарлықтардың өзінде-ақ атамекеніне қоныстанған қазақтарға
оң қабақпен қарауы – Абылайдың батыл да баянды саясатының жемісі. Және
бұл жерде сырт елсіңдер деп айқындап отыруы да Абылайдың Цинь
патшалығымен тең дәрежеде қарым-қатынас жасағанын дәлелдейді. Егер бодан ел
болса байырғы жеріне қоныстануына рұқсат бермес те еді. Ең бастысы, сондағы
Қазақтың ханы Абылай. Абылай хан. Ол бұрыннан хан болып келген екен. Оның
хандығы қабылдансын деген жарлықтың өзі Абылайды қазақтың ханы деп
танығанымен бірге, оның саясатымен санасқандығын білдіреді.
Абылай 1762 жылы Қоқан билеушісі Ердана бекпен соғысу үшін алдымен
Сібір әскери шептерінің қолбасшысы, генерал-поручик И. И. Шпрингерден
ауызша әңгіме арқылы зеңбіректер сұратқызып, теріс жауап алғанымен
қоймай, енді Чин патшасына қолқа салады. Алайда айлалы Қытай патшасы
Абылайдың бұл талабы орынсыз. Қазақ пен қоқан халқы менің ниеттестерім.
Біреуіне болысып, екіншісін қырғынға ұшыратуға болмайды[18.120]-деп
түлкібұлаңға салған. Екі қуатты империя Абылай қолына қуатты қару беруден
үрейленген. Қолына жойқын қару тисе өздеріне қатер төнетінін, яғни
Абылайдың күш бермей кететінінен қатты қорыққан. Кезінде Аттилла – Еділ
патша Рим империясына қаншалықты қорқынышты болса, Абылай хан да заманында
Ресей мен Қытай патшалығына әзірейілдей көрінді.
1752 жылдан бастап Ор мен Ертіс бойына орыс бекіністері мен
редуттерінің жиіленіп салынып, Орта жүздің құнарлы жерлерін иемденіп,
барған сайын ішке тереңдей енуі Абылайды аз мазасыздандырған жоқ. Абылай
мен ру басшылары арасында көшіп-қону, мал жайылымы жөнінде айтыс-
тартыс болған. Абылай Ресей өкіметімен жер мәселесі жөнінде келісім жасауға
тырысқанымен, отарлық бұғауды барған сайын тарылта түскен орыс билеушілері
бұған қырын қараған. М. Әлімбай ұстазынан жазып алған аңызда Бұқар мен
Абылай хан Ертісті жағалап жүргенде жырау: Абылай, ат басын бұр ауыл
жаққа, Ар жақтан аңқып кетті-ау доңыз исі[19.127]-деп отаршылдық
шеңберінің кеңейіп келе жатқандығын ескерткені шындықтан алшақ емес. Яғни,
бұл кез Бұқар жыраудың:
Өзін қонған Көкшетау,
Кәпір қала салды ойла,[20.11]-деген толғауынан шынайы аңғарылады. Олай
болса,
…Кетпейін десе, жері тар,
Кетейін десе, алды-артын қоршап бір алған кәпір бар.
Ұйлыққан қойдай қамалып,
Бүйірінен шаншу қадалып,
Сорлы бір қазақ қалды, ойла![20.39]-деген жырау толғауы Абылайға
отаршылдық қаупін аңғартып, үлкен ой салғанға ұқсайды. Оның үстіне 1769-70
жылдары қыс қатты болып, Орта жүзде толқу болған. Аудармашы М. Арапов осы
жайға байланысты Абылай ахуалын: Киргиз-кайсаки, как и сам Аблай султан
весьма в худых мыслях находиться[21.56]-деп көрсетеді.
Патшалық Ресейдің озбырлықпен қазақ жеріне баса көктеп енуі Абылайдың
Пугачев көтерілісін батыл қолдауына әкеп тіреген. Важно отметить, что если
старшины вступили переговоры с руководителем Крестьянской войны по своей
инициативе, то с султаном Аблаем Пугачев установил связ первым. Бұдан әрі
екеуі хат жазысып тұрған; мұның бәрі Абылайдың ұзақ ойланып-толғанып барып,
Орта жүздің игі жақсыларымен жақындасып, кеңесіп, Пугачев көтерілісін
қолдауға шешім жасағанын аңғартады.
Абылай заманы – халқымыздың жауынгерлік қуатының айқын танылған, ел
бірлігінің нығайған, Қазақ Ордасының тәуелсіз, дербес саясат ұстанған,
іргелі мемлекеттердің қатарына қосылуға (егін егіп, сауда жасап,
кәсіпшілікпен айналысып, қала салып т.б.) бағыт бұрған заманы бұл. Олай
дейтініміз, Ақтамберді жыраудың 90 жасындағы толғауында:
Талпынып салдым егінді,
Ішсін деп әркім тегінді,[22.87]-делінген жолдар осыны растайды.
Абылай заманында сүрген дәуренді қазақ байдың баласы Абылайдан бұрын
Адам Атаға шейін көрген емес. Абылайдан соң бұл заманға дейін керген емес
деген Мәшһүр Жүсіп сөзі шынайы да биік баға. Яғни, Абылай заманы Мәшһүрше:
Қазақтың аруағы асқан заман болған. Шәді тере Жәңгірұлы Тарихат
дастанында:
Абылайдын заманындай дұшпандарын,
Мұқатып көрген емес қазақ халқы[23.65]-десе, Абылайдың саясаттағы
көрегенділігін, ел билігіндегі ірі қайраткерлік қасиеттерін айғақтауы,
Абылай заманында Қазақ Ордасының бірлік-қуатын ерекшелеуі.
…Абылай қонған кең қоныс,
Елсіз болар деймісің.
Еркін жайлап қонған соң,
Малсыз болар деймісің[23.102]-деген Ақтамберді жырау толғауы да
Абылайдың заманында халықтың емін-еркін көшіп қонғандығын айғақтайды.
Абылай ханның қиын да қилы заманда халық қамқоры, ел қорғаны,
дәуірінің ұлы тұлғасы болғаны халық жүрегінде мәңгі қалған. Сондықтан да
Ел тарихында сол заманның пікір жолындағы басшысы, табалдырығы Абылай
заманы болатұғын,-деп М. Әуезовтің де айырықша бағалауы –даңқты ханның ел
билігіндегі абыройын құрметтеу.[24.12]
Әуелі өткен Абылай хан,
Заманында хан болды.
Жұрт үстінде паң болды,
Жүрген жері шаң болды.
Қазақ пенен орысты,
Қалмақ пенен шүршітті,
Бір өзіне қаратып,
Әлемге даңқын таратып,
Абылай хан сөйтті деп,
Соңғыларға заң болған.[25.112]
Халық жыры Абылай заманын осылай әспеттейді.
…Сол ақ орда, ақ орда
А құдайлап сақтаған.
Абылайлап аттаған,
Болғанда ел Ақтабан.
Арғын, Найман қаптаған.
Керей, Уақ жақтаған.
Қонырат, Қыпшақ, Үйсін мен
… жалғасы