Жұматай Әлиев мемлекеттік тілден емтихан тапсыра алмады
«Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігінің үміткері Жұматай Әлиевті лингвистикалық комиссия екі сағаттан астам уақыт бойы сынады
НҰР-СҰЛТАН, 2 мамыр — Sputnik. ҚР президенттігіне кандидат Жұматай Әлиев мемлекеттік тілден емтихан тапсыра алмады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Сынақ қорытындысын лингвистикалық комиссия мүшесі Әділ Ахметов жариялады.
«Бүгін «Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігінен президенттікке үміткер ретінде ұсынылған Жұматай Әлиев емтиханға берілген уақытын толық пайдаланды. Комиссия барлық кезеңдерді жан-жақты талқылады», — деді Әділ Ахметов.
Тағы оқыңыз: Еспаева қазақ тілінен емтихан тапсырған соң көзіне жас алды
Оның айтуынша, үміткер бірінші кезеңде «Мемлекет және дін» тақырыбына шығарма жазған. Ол шығармада бас-аяғы 13 сөйлемде 19 қате жіберген екен.
«Тақырып мүлдем ашылмаған, сөйлемдерінің барлығы жүйесіз. Дін мәселесі де мүлдем ашылмады деуге болады, үстірт. Екінші кезеңде Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романының 2-томынан үзінді оқыды. М.Әуезовтің сөзді «қыздың жиған жүгіндей» ғой. Мәтіннің өз әуезі бар. Бұл жерде де өзінің шорқақтығын байқатты. Үшінші кезеңде «Ырыс алды — ынтымақ» тақырыбында баяндама жасады. Тақырып мүлдем ашылмады. Сауатсыз болды. Сегізден астам қате жіберілсе, шығарма теріс бағаланады. Сондықтан президенттікке үміткер Жұматай Әлиев мемлекеттік тілді еркін меңгермеген деген комиссия қорытындысы шықты», — деді ол.
©
Foto : официальный сайт Мажилиса
Жұматай Әлиев
Жұматай Әлиев туралы не білеміз
Жұматай Әлиев – V шақырылымдағы парламент мәжілісінің бұрынғы депутаты.
Ол 1952 жылдың 20 маусымында Жамбыл облысы Байқадам ауылында дүниеге келген. Ленинград мемлекеттік университетін философ, ал Алматы халық шаруашылығы институтын экономист мамандығы бойынша бітіреді. Философия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы ӘҒА академигі, ХАА академигі.
Еңбек жолы
Университетті бітіргеннен кейін Алматы мемлекеттік медицина институтында мұғалім болып еңбек еткен.
Әр жылдары Орталық Азия университетінің президенті, ректоры, ҚР президенті әкімшілігі қоғамдық-саяси бөлімінің сектор меңгерушісі, президент әкімшілігі әлеуметтік-саяси бөлімінің бас инспекторы, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары болып қызмет етті.
2012–2016 жылдары бесінші сайланған парламент мәжілісінің депутаты болды.
Қазақ, орыс, ағылшын және неміс тілдерін біледі.
Қазақстан президенттігіне үміткерлер
Мемлекет басшысы болғысы келетін сегіз кандидаттың есімі белгілі болды, олар:
- Қасым-Жомарт Тоқаев – Nur Otan партиясынан;
- Дәния Еспаева – «Ақ жол» партиясынан;
- Жамбыл Ахметбеков – Қазақстан коммунистік халық партиясынан;
- Төлеутай Рақымбеков – «Ауыл» партиясынан;
- Сәдібек Түгел –»Ұлы дала қырандары» қоғамдық бірлестігінен;
- Амангелді Таспихов – Қазақстан кәсіподақтары федерациясынан;
- Әміржан Қосанов – «Ұлт тағдыры» ұлттық-патриоттық қозғалысынан;
- Жұматай Әлиев — «Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігінен.
sputniknews.kz