Тоқаев сөз сөйлеген алаңға полиция азаматтарды тексеріп кіргізді

0

1 мамырда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеген Алматыдағы Республика сарайы алдындағы Абай алаңы қоршауға алынып, азаматтар металл іздегіш арқылы өтіп жатыр. Полиция алаңға кіретіндердің сөмкесін мен пакеттерін тексеріп жатыр.

Әуелде алаңға кірмек болғандар полиция тексеруінен өту үшін кезек күтіп тұрып қалған, біраздан соң кезектегі адамдар қатары сиреген.

Мемлекеттік басылымдар Тоқаевтың жиналғандарды 1 мамыр – халықтар бірлігі күнімен құттығанын хабарлады. Азаттық тілшісінің айтуынша, президент жиынға бес минуттай ғана қатысып, сөз сөйлеген соң кетіп қалған.

Айнала темір қоршау қойылған алаңды Ұлттық ұлан мен полиция қызметкерлері күзетіп тұр. Мерекелік концертке жүздеген адам жиналған.

29 сәуірде Қазақстан Бас прокуратурасы азаматтарға рұқсат етілмеген митингіге шыққандар жауапқа тартылатынын ескерткен. Ведомтво үндеуінде «Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде 1 мамырда рұқсат етілмеген митингіге қатысуға шақыру жазбалары тарап жатыр. Мұндай акцияларға қатысқандардың әрекеті бейбiт жиындар мен митингiлерді ұйымдастыру және өткiзу тәртiбi туралы заңды бұзу деп танылады» деп жазылған.

Қазақстан экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен 1996 жылдан бастап 1 мамыр елде мемлекеттік мереке болып белгіленіп, демалыс күні болып жарияланған.

Қасым-Жомарт Тоқаев — биылғы наурыздан бері Қазақстан президенті. Ол — 9 маусымда өтетін кезектен тыс президент сайлауына билік партиясынан түсетін кандидат.

Azattyq