Нұр-Сұлтанға алғаш рет келген Ресей қазағы: Қазақстанға көшуге асықпаймын

0

Орынбор қазағы Ресейдегі қандастардың өмірі туралы айтып берді

НҰР-СҰЛТАН, 28 сәуір – Sputnik. Орынбор қазағы Мұратбек Есқалидің айтуынша, отбасын атажұртқа көшіріп әкелу жоспарда бар, бірақ әзірге асықпағанды жөн көреді. Бұл туралы ол Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында айтты.

Мұратбек Есқалиев қазақ елінің тұңғыш астанасы — Орынборда көп қазақ тұратынын айтады. Елден жырақта жүрсе де, қандастар ұлттық мерекелердің ешқайсысын ұмыт қалдырмай тойлап келеді екен.

«Ол жақта қазақтардың түрлі мәдени бірлестіктері бар. Ең бастысы, бірлігімізді жоғалтқан жоқпыз, тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Менің Орынборда жеке кәсібім бар. Қызмет көрсету саласында жұмыс істеймін», — дейді ол.

Есқалиев Орынбар қазақтарының көбінесе орыс тілінде сөйлейтінін ашық айтты.

«Соған қарамастан қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын ұмытқан жоқпыз», — деді ол.

Әңгіме барысында оған «Атажұртқа оралу жоспарыңызда бар ма?» деген сұрақ қойдық.

«Мен Орынборда туып-өстім. Қазір жасым 36-да. Ашығын айтайын, жоспарда бар. Орынбордағы туыстарыммен және әйеліммен осы мәселе жөнінде ақылдасамын. Бірақ балаларымның жағдайын ойлаймын. Биыл олар балабақшаны бітіріп, алдағы жылы мектеп табалдырығын аттайды. Оларды атажұртқа көшіру көп күшті талап ететінін білесіз. Әзірше, Қазақстанға көшуге асықпаймын», — дейді ол.

Сондай-ақ Мұратбек Есқалиев Нұр-Сұлтан қаласына алғаш рет келгенін айтты.

«Осыған дейін Алматы, Атырау, Ақтөбе, Ақтау, Орал, Шымкент, Тараз қалалары мен Меркі ауданында болдым. Қазақстанның астанасына бірінші рет келіп тұрмын. Нұр-Сұлтан қаласы өзінің әдемілігімен қайран қалдырды. Жағымды әсер алдым. Ашығын айтқанда, сол жағалау қатты ұнады. Оң жағалау да жақсы. Алайда сол жағалауға жетпейтіні анық қой», — дейді Орынбор қазағы.

Тағы оқыңыз: Атажұртқа алғаш рет келген Өзбекстан қазағының әңгімесі

Айта кетсек, бүгін елордада әлем қазақтары арасында шағын футболдан жарыс аяқталды. Оның қорытындысы бойынша жастар арасында «Бәйтерек» командасы екінші рет жеңімпаз атанды. Оларға кубок пен 500 мың теңге көлеміндегі сыйақы берілді. Ал ересектер арасында алматылық «Алаш» командасы жеңіске жетіп, 500 мың теңгеге ие болды.


©
Sputnik / Дәурен Ерболат

Елордада әлем қазақтары арасында шағын футболдан жарыс өтті

Әлем қазақтары арасында шағын футболдан турнирді «Отандастар» қоры мен Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы ұйымдастырды.



sputniknews.kz