Шығарма: Қазақстан халқының бірлігі

0

Қазақстан халқының көп ұлттылығы менің ойымда киіз үй бейнесінде көрініс тапты. Керегенің кеңдігі –жерімен қазақ ұлтының көңілінің кеңдігіндей. Шаншылған уықтар көп ұлтты халық екенімізді білдірсе , шаңырақ қыран құсы самғаған бейбітшілік аспанының бейнесіндей. Уықтар бірдей жұмылып шаңыраққа шаншылу арқылы бірлік пен ынтымақты, достықты дәріптеп тұр.
Автор

Қазақ ұлтының кешегі көрінісі көшпелі болса, бүгінгі күнде тәуелсіздігін алған егемен ел. Еліміз басына түскен сын сағаттарда сыннан сүрінбей өтіп,тарыдай шашылмай , жұдырықтай жұмылып, ынтымақ пен ауызбіршіліктің туын желбірете білді. Бейбіт сүйгіш халқымыз «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» 130 түрлі өзге ұлт өкілдерімен бірге қырық пышақ болмай, тату тәтті өмір сүріп, қаймағымыз бұзылмаған елге айналдық. Қазақстан-өзге ұлт өкілдерінің де өмір сүріп жатқан Отаны, ұрпақтарының кіндік қаны тамған жері.Осы ұлт өкілдерімен қоян қолтық араласып түсінісуіміз,достығымыздың жарасуы , қиын қыстау кезеңде бір құйқаны бірге бөлісіп жеп, көзімізді алартпай тереземіз тең, керегеміз кең бір шаңырақтың астында өмір сүруіміз -біздің еліміздің ең басты байлығы болып табылады.

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда Ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын алғаш рет 1992 жылы Тәуелсіздіктің бірінші жылдығына арналған Қазақстан халықтарының форумында айтты. 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясын Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган мәртебесімен құру туралы Президенттің Жарлығы шықты. 2008 жылғы 20 қаңтарда Президент «Қазақстан халқы Ассамблеясы» туралы әлемде баламасы жоқ заңға қол қойды. Менің түсінігім бойынша бұл заңның негізгі түйіні –Қазақстандағы барлық этнос өкілдерін ортақ мақсатқа жұмылдыра отырып, республикадағы ынтымақты, ауызбіршілікті, тұрақтылықты сақтау, ел дамуына үлес қосу. Әрбір ұлт азаматы бір-бірінің құқығын аяққа таптамай, тіліне , дініне, салт-дәсүрі мен мәдениетіне құрметпен қарау және оларды дамыту болып табылады деп ойлаймын. Халық Ассамблеясы халқымыздың адамгершілігі мен елдегі ұлттар арасындағы бірлікті сақтаудың таңғажайып үлгісі екеніне көзіміз жетті. Біз ұлт пен ұлттың ,дін мен діннің арасындағы шешілмеген даулы мәселелерді шешуде өзге елдерге үлгі бола білдік.Бұл Қазақстандық әрбір ұлт өкілінің сана –сезімінің өркендеуінің белгісі.

1995 жылдың 18 қазанында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жарлығы бойынша 1мамыр-Қазақстан халқының бірлігі күні деп жарияланды. Содан кейін баршамызға ортақ бұл мереке 1996 жылдан бастап тойланып келеді. Мерейлі мерекені бәріміз ұлт болып бір шаңырақтың астында, салт-дәстүрімізді, әдебиетімізді, мәдениетімізді, тілімізді,ұлт деген болмысымызды дәріптеп асыға күтіп, құшақ жая қарсы алып тойлаймыз. Қолымызға шар мен жалауды желбіретіп , көңілімізді қуаныш кернеп , үстімізге ұлттық нақыштағы киімдерді киіп,ұлттық тағамдарымызды насихаттап ерекше атап өтеміз. Бұл мейрам еліміздегі ұлттардың бір-бірін достастыруға,татулыққа, ынтымаққа,бірлікке шақырады. Ұлттардың арасындағы сүйіспеншілікті , достықты нығайта түседі.

Халқымыздың данасы Ахмет Байтұрсынұлының «Аққу, шортан һәм шаян» өлеңіндегі үшеуінің жүкті үш жаққа тартып бірікпендігінің, ауызбіршілікті сақтамағандығының кесірінен тоз-тоз болып елдігін жойып жатқан елдер де бар. Құдайға шүкір! Ондай елдердің қасында біздің көп ұлтты халқымыз бірлік пен достықты сақтап,халыққа пайдасын тигізіп,ел дамуына үлестерін қосып келе жатыр.

Ұлт бірлігін сақтауда Төле би бабамыздың мына шешендік сөзін шығармама арқау етуді жөн санадым.Бірде Төле би әкесінен «Қалай еткенде бірлік болады, оның күші қандай болмақ»- деп сұрайды.Әкесі Төле бидің сұрағына жауап беру мақсатында бір бума шыбық алдырады да, шыбықты сындырып көргізеді, Төле би буылған шыбықты олай-бұлай иіп сындыра алмайды.Содан соң әкесі Төлеге бір-бірлеп тұрып сындыр дейді. Шыбықты ұстаған Төле ортасынан буылған шыбықты шешіп, біртіндеп пырт-пырт етіп оп-оңай сындыра береді. Сонда әкесі Әлібек би Төлеге не түсінгендігін сұрайды.Төле би бұл мысалдың мәнісін былай шешеді: «Ынтымағы, бірлігі мықты елді жау да, дау да ала алмайды. Бірлігі, ынтымағы жоқты жау да, дау да оп-оңай алады дегеніңіз ғой» -дейді.Бұл жауаптың дұрыстығына көзі жеткен әкесі Төлеге риза болып:«Ел билеу үшін алдымен елді ауызбірлікке, ынтымаққа шақыра біл». «Бақ қайда барасың дегенде, ынтымаққа барамын» дегенінің мәнісі осы, — депті.Бүгінгі күні бір-бірлеп сынған шыбық секілді, ауызбіршілікпен тұрақтылықты сақтамаудың ауылы алыста қалды. Бүгінгі күні бір бума шыбықтай ынтымағы жарасқан бақытты елміз.

Иә, бүгінгі шығармамды қорытындылап ,тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін түйе келе:Төле бидің заманындағы ынтымақ пен бірлік жайындағы армандар, қазіргі күні көп ұлтты тәуелсіз мемлекет ретінде ақиқатқа айналды. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнады. Ақ түйенің қарны жарылған күн туды. Бұл Қазақстанның көп ұлтты халқының бірлігінің шынайы көрінісі.

Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!