Назгүл Кенжетай Сириядағы соғыстың зардабы туралы айтты

0

НҰР-СҰЛТАН, 26 сәуір – Sputnik, Дәурен Ерболат. 23 жастағы әскери және саяси журналист Назгүл Кенжетай Сириядағы соғыстың зардабын, азға қанағат етуді қалай үйренгенін, соғыс «тәрбиелеген» балалардың дүниеге көзқарасы қандай болатынын Sputnik Қазақстан тілшісіне айтып берді.

Биік мақсат жетістікке жетелейді

2013 жылы Назгүл Қызылорда қаласындағы №10 орта мектепті бітіріп, Түркияның Анталия қаласындағы Aқдениз университетінің журналистика мамандығына оқуға түседі. Журналист неге шетелде білім алуға аттанғанын түсіндірді.

Тағы оқыңыз: Сталиннен қаймықпаған қазақ қызы туралы шындықтың беті ашылды

«Маған қиындықтармен күресу, оны жеңу ұнайды. Сондай-ақ шетелде тіл үйреніп, дүниетанымымды кеңейткім келді. Мектеп қабырғасында 5-6 жыл ағылшын тілін үзбей оқыдым. Сөйтіп, Түркиядағы беделді жоғары оқу орнының грантын жеңіп алдым. Түрікше бір жыл дайындық курсын оқыдым. Кейін 4 жыл 60% түрік тілінде, 40% ағылшын тілінде білім алдым», — дейді ол.

Әскери журналистикаға қалай келді

Университет қабырғасында оқытушылар қазақ қызының әскери тілшілікке бейімін байқап, сол салаға қарай бағыттайды. Жас журналистің айтуынша, ол өз мамандығын шын ниетімін беріліп оқыпты.

«Оқытушыларым «сіз журналистиканың осы саласына барсаңыз, қабілетіңізді одан әрі ұштауға мүмкіндік бар, ойланыңыз» деді. Әскери журналистикада осыған дейін бірнеше жобам болды. Ашығын айтқанда, бұл салаға қалай келгенімді өзім де байқамай қалдым. Түрлі емтихандардан сүрінбей өттім. Бұл таңдауыма еш өкінбеймін», — дейді Назгүл Кенжетай.

Табысқа жетудің сыры

Кейін ол түрлі әскери қақтығыс ошақтарында болып, журналистік зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Қиындықтырға қарамастан сенімді ақпарат таратуға бар күшін салады. Нәтижесінде жас журналист журналистік зерттеу жұмыстары үшін 2 мәрте TRT нұсқауымен «Project of the year» (Жыл жобасы) болып жарияланады. Сонымен қатар Назгүл беделді Bloomberg, Financial Times агенттіктерінде де жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Ол түрік, қазақ, ағылшын, орыс тілдерін жетік біледі. Ал мақалаларын түрік және ағылшын тілдерінде жазады.

Тағы оқыңыз: Самал Еслямова «Айка» фильміне түскен кездегі қиындықтар туралы айтты

«23 жасыңда осындай жетістіктерге қалай жеттің» деген сұрақтар маған жиі қойылады. Мұның барлығы еңбектің арқасы. Студенттік шақтан жұмыс істей бастадым. Аз ұйықтап, біраз тер төгуге тура келді. Онсыз нәтижеге жету мүмкін емес», — дейді қазақ қызы.

Назгүл Кенжетайдың айтуынша, әскери журналист қандай жағдай болмасын эмоцияға берілмей, сабыр сақтауы қажет.

Сириядағы соғыс

Әңгіме барысында журналист Түркия мен Сирияның шектескен аумақтарында журналистік зерттеу жұмыстарын жүргізгенін атап өтті.


©
Foto : Назгүл Кенжетай

Сириядағы соғыстан қашқан босқындар

«Мен Сирияда ұзақ болған жоқпын. Түркия мен Сирияның шектескен аумақтарында журналистік зерттеуімді жүргіздім. Босқындардың өмірін зерттедім. Сондай-ақ мұндағы әскери тараптардың қару-жарақты қай жақтан алып жатқанын, кіммен не үшін соғысып жатқаны туралы мәлімет жинадым. 2016 жылы Түркияның террор аймағы болып саналған Рейхан қалашығында әрі еуропалық журналистермен бірге Сирияның ең ірі қаласы Алеппода зерттеу жұмысын жүргіздім. Ақпарат жинап, жергілікті халықты фотоға түсірдім», — деді Назгүл Кенжетай.


©
Foto : Назгүл Кенжетай

Назгүл Кенжетай: фотоаппарат қолымдағы қару сияқты

Оның пікірінше, суретке түсіру ақпарат таратудың маңызды бір бөлігі.

«Фотоаппарат қолымдағы бір қару сияқты. Өйткені жазғандарымды көбісі оқымауы мүмкін. Сондықтан болған жайтты фотоға түсіріп, оқырманның жүрегіне жеткізуді мақсат тұттым. Босқындардың тұрмысы өте нашар екенін көзіммен көрдім. Олар «тірі өліктер» сияқты. Ешқандай құжаты жоқ, еш жерде тіркелмеген», — дейді әскери тілші.

Әскери қақтығыстан қажыған халық

Сонымен қатар ол соғыста тәрбиеленген балаларды, өмірден түңілген адамдары көріп, азға қанағат етуді үйренгенін айтты.


©
Foto : Назгүл Кенжетай

Соғыс тәрбиелеген балалар

«Қиындыққа душар болған жандарды көрген кезде азға қанағат етуді үйренесің. Олардың ешнәрселері жоқ. Көздеріндегі қайғы-мұңды көресің. Неге? Өйткені, олардың болашақтары бұлыңғыр. Сонымен қатар кішкентай балалардың ересектер сияқты сөйлесуіне куә болдым. Олар аспанда ұшып бара жатқан әскери ұшақтардың қай елдікі екенін, тіпті нөміріне дейін СУ-25, EF 16 деп біліп отырады. Бұл – соғыстың тәрбиелеген балалары. Мұны көрген кезде жүрегің ауырады», — дейді ол.

Сонымен қатар Назгүл Кенжетай босқындар лагерінен соғыстан қашқан жұртты көріп, елдегі тұрақтылық пен бейбітшіліктің қадірін түсінгенін айтты.


©
Foto : Назгүл Кенжетай

Босқындар лагері

«Босқындар лагерінен ерлі-зайыпты отбасыны кездестірдім: күйеуі инженер, әйелі адвокат. Екеуі де таптырмайтын мамандық иесі, ағылшын тілін жақсы біледі. Оларға «неге Еуропаға көшіп кетпейсіз» деп сұрақ қойдым. «Мықты инженер, профессор болсам да, ол жақта мен босқын, қашқын болып қала беремін» деді. Осы әңгімеден кейін отаным, паспортым, туым бар екеніне шүкіршілік еттім», — дейді әскери тілші.

Алға қойған мақсаты

Сұқбат барысында жас журналист болашаққа алдын ала жоспар құрып қоятынын айтты.

«5 жылда осындай жұмыстарды жүргізуім керек деп алдыма мақсат қоямын. Бұл жұмыстар міндетті түрде істелуі қажет. Мысалы, біп аптаға жоспар құрамын. Кейін оны орындау үшін жанталасамын. Егер жоспар орындалмаса, өзімді жайсыз сезінемін», — дейді Назгүл Кенжетай.

Тағы оқыңыз: Голливудта танылған қазақ режиссері Диас Азимжанның ашық әңгімесі

Сонымен қатар ол болашақта тәуелсіз ақпарат агенттігін ашуды жоспарлап жүргенін жеткізді.

«Бүгінде Ыстанбұл университетінің магистратурасында оқып жатырмын. Жоспарда АҚШ-та доктарантура оқу да бар. Ең басты мақсатым – халықаралық деңгейдегі Қазақстанның медиа агенттігін ашу. Қазақстандықтардың әлемге деген өзіндік көзқарасы болғанын қалаймын. Әлемде болып жатқан оқиғаларға Қазақстанның өзіндік көзқарасы болуы керек», — дейді қазақ журналисі.

Сөз соңында ол Ливанға барғалы жатқанын, ондағы Қазақстанның бітімгершілік әскері туралы арнайы материал жасайтынын атап өтті.



sputniknews.kz