Мәуліт мерекесі деген не және қалай аталып өтеді?

0

АСТАНА, 18 қараша – Sputnik. 2018 жылғы діни күнтізбеге сәйкес, 19 қараша Мәуліт ән-Нәби – пайғамбарымыз әзірет Мұхаммедтің (с.ғ.с) туған күні (11-12 рабиғул-әууәл). Мәуліт мерекесінің мән-маңызы мен қалай атап өту керектігін Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз.   

Мәуліт қандай мейрам?

Мәуліт – араб сөзі, қазақша «туған күн» деген мағына береді. Алла Тағаланың ең сүйікті пендесі, Адамның (ғ.с.) Иса (ғ.с.) пайғамбарға дейінгі Алла тағала елшілерінің соңғысы әрі сардары Мұхаммедтің (с.ғ.с.) дүниеге келуінің құрметіне ол айға осы атау берілген.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Құрайыш тайпасынан, оның ішіндегі Бани һашим әулетінен шыққан. Туған жері – Алла Тағаланың нұры жауып тұратын Мекке қаласы. Әкесінің аты Абдуллах, оның әкесі Әбдүлмүттәліп, оның әкесі Һашим, оның әкесі Абдулманап. Анасының есімі Әмина.

Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) ата-анасынан ерте айырылды. Әкесі перзенті өмірге келмей тұрғанда дүние салса, алты жасқа толғанда анасы қайтыс болады. Мұхаммед (с.ғ.с.) Исадан (ғ.с.) милади жыл санауы бойынша 571 жыл кейін, 20 сәуірде, һижри санауы бойынша Рабиул-әууал айының 12-сі, дүйсенбі күні дүниеге келген.

Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) дүние есігін ашқанда, ғаламда ғажап оқиғалар болған деседі. Дүние нұрға бөленген. Анасы Әмина әйелдер әдеті бойынша толғақ қысу, қан кетуге ұқсас қиыншылықтарды көрмеген. Пайғамбарымыз туғанда үстінен жұпар иіс аңқып тұрған. 

Атасы Әбдүлмүттәліптен пайғамбарымыздың есімінің сырын сұрағанда ол: «Мен немеремді аспанда Хақ Тағала, жерде халық көп мақтайды деп үміттенемін» деп жауап қатқан екен. 

«Мұхаммед» есімі Құранның бірнеше аяттарында айтылады. Ал Құранның 47-сүресі «Мұхаммед» есімімен аталған. «Мұхаммед» сөзі «мақталуға лайық, мақталушы» деген мағына береді. 

Кіші қажылыққа баратын қазақстандықтар нені білуі тиіс?

Бір хадисінде: «Менің бес есімім бар. Мен Мұхаммедпін, Ахметпін, Махимін – Алла күпірді мен арқылы жояды, Хаширмін – адамдар қиямет күні менен кейін тіріледі, Ақибпін – менен кейін пайғамбар келмейді», — деген екен. 

Мұхаммед пайғамбар насихат сөз айтудан гөрі, іспен үлгі көрсетуге ерекше мән берген. Бір нәрсені бұйыратын болса, бірінші оны өзі орындайтын, бір нәрседен тыйым салатын болса, бірінші болып өзі тыйылатын. Мінезі жұмсақ, қолы ашық, жомарт еді және ұдайы күлімсіреп жүрген. 

«Алла елшісінің тістерін ақситып, шері тарқап, шегі қатқанша күлгенін көрмеппін. Ол тек күлімсірейтін», — деп әңгімелейді Әзірет Айша. 

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) болмыс-бітімі былай сипатталады: 

«Кең маңдайлы кісі еді. Қасы қою, көзі қара, кірпіктері ұзын. Бет-әлпеті толған айдай нұрлы еді. Дөңгелек жүзді, сақалы тығыз. Толқын шашы қатты бұйра болмаса да, ортасынан қақ бөлініп иығына жетер-жетпестей төгіліп түсіп тұратын. Кең иықты, кеуделі келген. Алақаны мен табаны ірі болатын. Алақаны жібектей жұмсақ еді. Орта бойлы. Семіз де емес, арық та емес. Денесі тершең, бірақ үстінен хош иіс аңқып тұратын. Жылдам және алға сәл иіле жүретін. Бір жаққа қараса, тұтас денесімен бұрылатын. Жан-жағына атүсті мойын бұра бермейтін. Әрқашан жүзі күлімсіреп тұратын».

Мәуліт мерекесінде не істеу керек?

Бұл мерекені атап өтудің негізінде Пайғамбарға (с.ғ.с)  деген сүйіспеншілік жатыр. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) туған күнін қасиетті мереке ретінде атап өту үрдісі Ислам әлемінде һижри IV-V ғасырлардан басталады. Ислам ғұламалары бұл жайлы көптеген құнды еңбектер жазып, мәуліттің дініміздегі орнын анықтауға тырысқан. 

Қазіргі таңда мәуліт мейрамы Сирия, Алжир, Тунис, Марокко және басқа да мұсылман елдерінде кеңінен аталып өтеді. Пәкістанда пайғамбарымыздың (с.ғ.с) туған күні үш күн бойы тойланатын ресми мереке саналады. 

Мәуліт мерекесін атап өтуге қатысты ғалымдардың көзқарасы әртүрлі. Олардың бір тобы бұл мейрамға оң көзбен қараса, екінші тобы мәулітке қарсы.

Мәулітті атап өту – абзал амалдың бірі. Себебі, мәуліт Пайғамбарға (с.ғ.с.) деген сүйіспеншілік пен қуаныштың айрықша көрінісі. Ал Пайғамбарды (с.ғ.с.) жақсы көру – иман негіздерінің бірі.

Мәуліт мерекесінде Қасиетті Құран оқылып, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жайлы мадақ өлеңдер мен жырлар, салауаттар айтылады. Қасиетті мәуліт күнінде жұртқа сусын, тамақ таратып, сыйлықтар беріп, басқа да игі шаралар жасауға болады. Бұл мереке кезінде шариғатқа қайшы іс-әрекеттердің орын алмауы шарт.  Шариғатқа қайшы емес әрі мұсылмандарға пайдасы бар барлық іс жақсы бидғатқа жатады. Құранда: «Біз сені күллі ғалам үшін рақым етіп қана жібердік» деп осы ақиқатты меңзеген. Сондықтан пайғамбарымыздың (с.ғ.с) дүниеге аяқ басып, ғаламды нұрға бөлеуі – артына ерген үмбеті үшін үлкен қуаныш. 

Бұл мерекені атап өтудегі негізгі мақсат – Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың ғибратты ғұмырын насихаттау, жастарға имандылыққа тәрбиелеу, бауырмалдыққа, адамгершілікке, ата-ананы құрметтеуге және түрлі теріс қылықтардан сақтануға шақыру.