президент үкіметке әлеуметтік көмекке қатысты тапсырма берді
Қысқа сілтеме алу
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарын Семейден бастады
НҰР-СҰЛТАН, 26 сәуір – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке Семей полигоны аймағындағы халыққа берілетін әлеуметтік көмектің мөлшеріне қатысты нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Тоқаевтың айтуынша, қазір Семей полигонындағы ядролық сынақтың тауқыметін тартқан тұрғындарды қорғау және оңалтуға арналған бұған дейінгі шаралардың тиімділігі жөнінде арнайы зерттеу жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін полигон аймағындағы тұрғындар мен олардың ұрпақтарына ядролық сынақтардың тигізген зияны нақтылап, әлеуметтік кепілдіктердің көлемі анықталмақ.
«Полигон зардабын тартқан азаматтарға жасалатын жеңілдік лайықты деңгейде болуы қажет. Үкіметке полигон аумағындағы халыққа берілетін әлеуметтік көмектің мөлшері жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын», — деді мемлекет басшысы Семейде зиялы қауым өкілдерімен кездесуінде.
Көпбалалы отбасылар баспана алу үшін жеке кезекке тұрады
Сонымен қатар, Тоқаев Семейдегі Ядролық медицина орталығының құрылысына тоқталды. Айтуынша, аталған мәселе 2012 жылдан бері көтеріліп келеді.
«Жағдайдың мән-жайын мен жақсы білемін. Орталықтың құрылысы әбден созылып кетті. Бұл тиісті мемлекеттік органдардың адам тағдырына соншалықты жауапсыз қарап отырғанын көрсетеді. Сондықтан, айтыс-тартысты дереу тоқтатып, елге тиімді ортақ мәмілеге келу керек», — деді мемлекет басшысы.
Осы орайда президент облыс әкімі мен денсаулық сақтау министріне орталықты жабдықтап, қысқа мерзім ішінде іске қосуды қатаң тапсырды.
Сонымен қатар, полигонның салдарынан түрлі дертке шалдыққан азаматтарға оңалту қызметін көрсету мүмкіндіктерін де қарастыру керек екенін атап өтті.
Тоқаев Қосшы ауылына барды
«Семейде және осы өңірге қарасты ауылдарда 1300-ден астам мүмкіндігі шектеулі бала бар. Қажетті жағдай жасалмаған тар ғимаратта орналасқан оңалту орталығы бір уақытта 35 бала ғана қабылдай алады. Бұл шындық. Мұндай жағдай мүлде сын көтермейді. Облыс әкіміне мәселені дереу қолға алып, тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын», — деді Тоқаев.
Бұған қоса, Семейде балаларды оңалту орталығын салу мүмкіндігін қарастыру қажет деді.
Айта кетсек, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарын Семей қаласынан бастады.
Белсенді президент: Тоқаев бір ай ішінде не тындырып үлгерді?
Сапар аясында мемлекет басшысы Семей және Өскемен қалаларындағы бірқатар әлеуметтік және өнеркәсіптік нысанды аралайды.
Сондай-ақ, әлеуметтік-мәдени бағдарламалардың жүзеге асырылу барысымен танысып, облыстың жұртшылық өкілдерімен, еңбек ұжымдарымен және жастармен жүздеседі.
sputniknews.kz