Жоғары рада украин тілінің мәртебесін көтеретін заң жобасын мақұлдады

0

Сәуірдің 25-і күні Украина Жоғары радасы украин тілі туралы заң жобасын соңғы оқылымда мақұлдады. Заң жобасы украин тілінің мемлекеттік тіл ретінде мәртебесін көтеріп, мемлекеттік органдар мен қоғамның барлық саласында кеңірек қолданылуын көздейді.

Заң жобасында қарастырылған негізгі жайттар:

  • Құжатта украин тілінің елдегі жалғыз ресми тіл екені, оның қолданылуын шектеу заңмен жазаланатыны жазылған;
  • Құжат барлық мемлекеттік қызметкерлер, судьялар, білім беру және медициналық мекеме қызметкерлерін украин тілін білуге міндеттейді. Ресми жиындар, отырыстар украин тілінде өтуі тиіс немесе кемінде украин тілінде ілеспе аудармамен қамтамасыз етілуі тиіс;
  • Заң жобасы сонымен бірге украин тілінің білім және мәдениет саласында қолданылуына байланысты ережелерді бекітеді;
  • Құжатқа сәйкес, газет пен журналдардың міндетті түрде украин тілінде нұсқасы болуы тиіс. Кітапхана, кітап дүкендері мен газет дүңгіршектеріндегі өнімдердің кемінде 50 пайызы украин тілінде болуы тиіс.

Заң жобасына дауыс беру кезінде Жоғары рада ғимаратының алдында заңның қабылдануын талап еткен митинг те өтті.

Украина парламенті «Украин тілінің мемлекеттік тіл ретінде қызмет етуін қамтамасыз ету туралы» заң жобасын өткен жылы қазан айында қарай бастаған. Содан бері заң жобасына екі мыңнан астам түзету енгізілді.

Қырым аннексиясынан соң және Донбаста соғыс басталғаннан кейін украин билігі орыс тілінің қолдану аясын шектей бастады. 2017 жылы қыркүйек айында Украина президенті Петр Порошенко «Білім туралы» заңға қол қойды. Осылайша мемлекеттік мектептерде бесінші сыныптан бастап украин тілі міндетті пәндер қатарына енді.

Azattyq