Прагадағы қазақ жастары Алматыда қамалған белсенділерді қолдап акция өткізді
24 сәуірде оннан аса жас Қазақстанның Чех Республикасындағы елшілігі алдында плакат ұстап, акция өткізді. Олардың айтуынша, акция мақсаты — 21 сәуірде Алматыда «Шындықтан құтыла алмайсың» деген баннер ұстап, акция өткізгені үшін 15 тәулікке қамалған Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековке қолдау көрсету.
Өздерінің студент екенін айтқан бір топ жас акцияларында «Қазақстандағы 9 маусымда президент сайлауының әділ өтуін, білім мен денсаулық сақтау, елдегі сөз бостандығы сияқты бірнеше бағытта оң өзгеріс болғанын» талап етті. Олар қолына «Менің таңдауым бар!», «Әсия мен Бейбарысқа бостандық!», «Шындықтан құтыла алмайсың», «Сөз бостандығы болсын», «Әділдік болсын» деген жазуы бар плакат ұстап тұрған.
Акция өткізіп тұрған жастарға елшіліктен әлдебір адам шығып, өзінің «ресми тұлға емес, жай кезекші комендант» екенін айтты. Ол «акция өткізіп тұрғандарға нақты не керегін» сұрап, естігенін жауапты тұлғаларға «жеткізетінін» айтып, кетіп қалды.
«Менің таңдауым бар!» флешмобы Қазақстандағы әлеуметтік желілерде бірнеше аптадан бері өтіп келеді. Флешмоб Нұрсұлтан Назарбаевтың биліктен кетіп, орнына Қасым-Жомарт Тоқаев келіп, Астана атауы Нұр-Сұлтан болып өзгеріп, билік сәуірде президент сайлауы өтетінін айтқан соң басталған.
21 сәуірде Алматы марафоны кезінде полиция бірнеше белсендіні жол жиегіне «От правды не убежишь. У меня есть выбор. #adilsailayuzhin» (Шындықтан құтыла алмайсың. Менің таңдауым бар. Әділ сайлау үшін) деген жазуы бар баннер ілгені үшін ұстаған. Сол күні сот 34 жастағы Әсия Төлесова мен 20 жастағы Бейбарыс Толымбаевке «бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды» деген айып тағып, 15 күнге қамады. Белсенділердің адвокаттары түсірген шағымды апелляциялық инстанция өзгеріссіз қалдырды. Сот баннер ұстағандарға қатысы бар деп, «бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды» деген айыппен тағы үш белсендіге айыппұл салды.
Тап сол күні, 24 сәуірде Amnesty International халықаралық ұйымы Төлесова мен Толымбековті «ар-ождан тұтқыны» деп таныды. Ұйым Нұр-Сұлтанға «бейбіт жиындар туралы заңнаманы қайта қарауға» кеңес беріп, Төлесова мен Толымбековті «дереу» босатуға шақырған.
Қазақстанда президент сайлауы 9 маусымда өтеді. Қазірге дейін саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер төрт кандидат ұсынды, оның ішінде Қазақстанның қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев та бар.