«Алтын алқа», «Күміс алқа», «Батыр ана»: Қазақстанда көпбалалы отбасылар үшін жеке тұрғын үй кезегі ашылуы мүмкін

0

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары көпбалалы отбасылар мен жұмыс істейтін жастардың баспана мәселелсін шешуді көздейтін заң жобасын қарады. Парламент Мәжілісінің депутаты Шавхат Өтемісов таныстырған «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында «Тұрғын үй қатынастары туралы», «Мемлекеттік жастар саясаты туралы», «ҚР мемлекеттік наградалары туралы» заң актілеріне түзетулер енгізу қарастырылатынын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

Қазақстанда 31 725 көпбалалы отбасы кезекте тұр. Оларды жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында жыл сайын 50 млрд теңге бөлінеді және жылына кемінде 6000 пәтер тапсырылады.

«Бірінші, көпбалалы отбасы ұғымын «Неке, ерлі-зайыпты және отбасы» туралы кодексіне сәйкес келтіру заңнамалық актілер арасындағы қайшылықты жояды. Екінші, табысы төмен халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған сатып алу құқығынсыз жалға алуға берілетін үйдің тұрақты коммуналдық қорын құруға мүмкіндік береді .Үшінші, «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Батыр ана», І, ІІ дәрежелі «Ана даңқы» атағын алған көпбалалы аналар және отбасылар үшін тұрғын үй алуға жеке кезектілік енгізу. Төртінші, мемлекеттік жоспарлау жүйесінің шегінде сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйді және оның көлемін айқындау нормасы көпбалалы отбасылардың баспана мәселесін шешуге қаражатты тікелей және мақсатты жұмсауға негіз береді. Осының арқасында жалға берілетін тұрғын үй саны артады» , — деді Өтемісов.

stan.kz