БАҚ-та танымал блогердің тұтқындалғаны туралы ақпарат тарады – ол бәрін жоққа шығарды — Қазақстан жаңалықтары
Ұлттық экономика министрлігінің Кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры, танымал блогер Асланбек Жақыпов өзінің парамен ұсталғаны туралы ақпаратқа қатысты пікір білдірді. Ол бұл ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұған дейін «Время» газетінде Жақыповтың парамен ұсталғаны туралы ақпарат пайда болған еді.
«Жақыпов ҚР Ұлттық экономика министрлігіне қарайтын Экономикалық зерттеулер институтына қызметтер көрсетуге жұмсалуы тиіс 500 мың теңгені беріп жатқан кезде тұтқындалған. Жақыповқа ақшаны сарапшы берді. Ол ғылыми жұмысты жазғаны үшін 1 млн 350 мың теңге алған. Оның жарты миллион теңгесін тапсырыс алатын кезде көрсеткен көмегі үшін Жақыповқа берген», — деп хабарланды басылымда.
Алайда Асланбек Жақыпов Facebook желісінде бұл ақпаратты жоққа шығарды.
«Қаншама лас сөз айтылды, мен туралы не айтпады, кім деп атамады және қалай қарғамады… Телефоныма үздіксіз қоңырау шалынып, қаптаған хабарлама келе бастағанда, бірден ақпаратты жоққа шығарғым келді. Алайда жағдайды жан-жақты саралап, зерттеп, бұл ойынды түсініп көруге кеңес берілді. Мұндай әдіс пен әділетсіздік үшін қатты ашуландым», — деп жазды Жақыпов.
Ол өзінің парамен тұтқындалғанын жоққа шығарып, ешқашан пара алмағанын айтты.
«Мақалада хабарланғандай, мені ешкім ешқашан парамен ұстаған емес. Себебі ешқашан пара алған емеспін және алмаймын да. Және мақалада жазылғандай, пара алғаным туралы мойындаған емеспін», — дейді департамент директоры.
Өз сөзінде Жақыпов қаржы полициясынан шақырту алғанын айтты.
«Олардың тергеліп жатқан өткен жылғы қағаздарға қатысты маған қоятын сұрақтары бар. Ол әділ жүргізіледі деп ойлаймын», — дейді ол.
Сонымен қатар ол журналиске кімнің жалған ақпарат беруі мүмкін екенін ойлап, бұл жағдайға қатысты заңгермен кеңесуі керек екенін жазды.
«Құзырлы органдардың ресми мәліметіне негізделмеген бұл ақпарат менің абырой-беделіме нұқсан келтірді, қоғамның алдында дәрежемді түсірді және әрі қарайғы тергеуге әсер етуі мүмкін», — дейді шенеунік.
stan.kz