Қасым-Жомарт Тоқаевты президент сайлауына кандидат етіп ұсынды

0

Сәуірдің 23-і күні Нұр-Сұлтан қаласында биліктегі «Нұр Отан» партиясының 19-съезі ашылған соң алғашқы болып сөз алған Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев алдағы кезектен тыс президент сайлауына билік партиясынан кандидат ретінде ұзақ жылдан бергі серігі Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынды.

Қазақстанды совет заманынан бері отыз жылға жуық басқарған Назарбаев наурыздың 19-ы күні Қазақстан президенті өкілетін тоқтатқан. Бүгін съездегі сөзінде Назарбаев «Қазақстанның жарқын болашағы үшін» биліктен кету туралы шешім қабылдау «оңай болмағанын» айтты. Ол өзі билікте болған кезде Қазақстанның «өткерген қиындықтары мен жетістіктерін» де сөз етті.

«Елбасы мен ел бірге болғанда ғана мемлекет табысқа жетеді» деді Назарбаев.

— Менің саясатымды қазақстандықтардың басым бөлігі қолдайтынын білемін. Бұл маған сенім ұялатады. Адамдарға тұрақтылық керек. Қазақстан президентімен бірлесіп елді күшейту жолында жұмыс істеймін, — деді экс-президент.

Бұдан соң Назарбаев маусымның 9-сына белгіленген кезектен тыс президент сайлауына билік партиясынан кандидат ретінде партия съезінде өзімен қатар отырған Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынды. Ол Тоқаевты «тәжірибелі саясаткер» деп атады.

«Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан президенті қызметіне ұсыну туралы мәселені съездің қарауына қоямын. Көп жыл бірге жұмыс істеп білетіндіктен, ол еліміздегі осы қызметке лайық [адам] деп санаймын» деді Назарбаев.

«Нұр Отан» партиясының президент сайлауына үміткер ұсынуы

Өткен айда Назарбаев президенттік өкілетін тоқтатқаннан кейін оның орнына Қазақстан парламенті сенаты төрағасы болып істеген Қасым-Жомарт Тоқаев уақытша президент болып отырды. Тоқаев сәуірдің 9-ы күні республикалық арналар эфирінен мәлімдеме жасап, Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы биылғы маусымның 9-ында өтетінін жариялаған.

Кезектен тыс президент сайлауына кандидаттарды ұсыну сәуірдің 10-ы күні басталған. Үміткерлерді ұсыну сәуірдің 28-і күні, кандидаттарды тіркеу мамырдың 11-інде аяқталады.

Бақылаушылар бұл кезектен тыс президент сайлауы билік партиясы кандидаты бәсекелестеріне толыққанды сайлауалды кампания өткізуіне мүмкіндік бермейтінін айтады. Сыншылар Назарбаев басқарған Қазақстанда билік қарсыластарын саяси алаңнан ығыстырып, оппозицияның сайлауға қатысу мүмкіндігін шектеп тастаған деп санайды.

Орталық сайлау комиссиясы сәуірдің 22-і күні «Ұлы дала қырандары» республикалық қоғамдық бірлестігінен Сәдібек Түгел президент сайлауына кандидат ретінде құжаттарын өткізгенін хабарлаған.

Сол күні Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының саяси кеңесі «Дат» газеттер жобасының жетекшісі, журналист Ермұрат Бапиді саяси ұйымның атынан сайлауға кандидат ретінде ұсыну туралы мәселе осы аптаның соңында партия съезінде қаралатынын хабарлаған. Оған дейін Жақсыбай Бәзілбаев та сайлауға түскісі келетінін айтқан.

Azattyq