Астаналықтар скринингтік тексерістен тегін өте алады

0

Астана, BAQ.KZ. Астана тұрғындары скринингтік тексерістен өзі бекітілген қаладағы емхана мен ауруханалардан өте алады. Бұл туралы Астана қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

Скрининг тексеруден өту кепілдендірілген тегін медициналық жәрдем көлемі шеңберінде жүргізілуде. Скрининг – бұл ауруды туындататын, сонымен қатар ауруларды ерте кезеңде анықтау, тәуекел факторларын анықтау үшін жүргізілетін медициналық профилактикалық тексеру.

«Скринингтен өту — емдеудің тиімділігін күшейтіп, аурулардың асқынып кетуінің алдын алуға мүмкіндік береді. Скринингтік тексеріс тізіміне қан айналымы жүйесі аурулары – жүректің ишемиялық ауруы, артериалды гипертония, қант диабеті, глаукома және онкологиялық аурулар – сүт безі обыры, жатыр мойны обыры, тоқ және тік ішек обыры енгізілген», — делінген хабарламада.

Астананың ересек тұрғындарының глюкоза деңгейін, қандағы холестеринді, қан қысымын, көз ішіндегі қан қысымын, онкоцитологияны анықтау үшін жағындыны тексереді, сондай-ақ оларды маммография, колькоскопия, гемокульт-тест және колоноскопиядан өткізеді.

Сонымен қатар, скринингке кардиолог, эндокринолог, офтальмолог, маммолог, онколог, акушер-гинеколог, хирург, проктолог, гастроэнтеролог сияқты мамандардың тексеруінен өту енгізілген.

Профилактикалық тексеріс барысында балаларды жасына қарамастан бойын, дене салмағын анықтайды, басының көлемін және кеуде тұсын өлшейді (3 жасқа дейін), 5 жасқа дейінгі балалардың майтабан, көзінің өткірлігі мен есту қабілетін тексереді, 7 жасқа дейін физикалық және психоәлеуметтік дамуын, қан қысымын өлшейді. Балалар мен жасөспірімдерді хирург-ортопед, уролог, отоларинголог, невролог, стоматолог, офтальмолог және эндокринолог қарап шығады.

Қазақстанда қан айналымы жүйесі ауруларын ерте кезеңде анықтау үшін (артериалды гипертония, жүрек ишемиялық аурулар) жүргізілетін скрининг тексеріс 2008 жылы енгізілген болатын. Ал ауруларды ерте кезеңде анықтаудың ұлттық скрининг бағдарламасы 2011 жылы енгізілді.














Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!


Дереккөз: BAQ.KZ