Жұмыс сұрағандар әкімшілік жазаға тартқан билікке наразы

0

«ЖҰМЫС СҰРАҒАНДАРДЫ СОТҚА ТАРТТЫ»

Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында ақпан айынан бері биліктен тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуді талап етіп отырған жергілікті тұрғындар мәселелерінің әлі күнге шешілмей отырғанына наразы. Азаттыққа хабарласқан жұмыссыздар билік олардың іс-әрекетін «заңсыз митингі» деп бағалап, кейбірін әкімшілік қамауға алғанын жеткізді.

Маңғыстау облыстық сотының баспасөз хатшысы Гаухар Нұрханованың Азаттыққа хабарлауынша, Жаңаөзен қалалық әкімшілік соты сәуірдің 15-і күні бейбіт жиналыстар, митингілер мен шерулер туралы заң талабын бұзған деген айыппен төрт азаматты бес тәулікке қамаған. Жаңаөзендік жұмыссыздар Рүстем Тілепов, Нұрлыбек Өтешов, Әсет Қалиев пен Мұхтар Қалағанов әкімшілік сот жазасын өтегеннен кейін сәуірдің 20-сында бостандыққа шыққан. Ал Ерболат Әжібаев, Беркін Әбішев, Ержан Қожанепесов, Қуаныш Есенәлиев және Азамат есімді тұрғынға сот ескерту жасаған. Қала тұрғыны Батыржан Тілеужановқа 25 мың теңге айыппұл салған.

Жаңаөзен қалалық полиция басқармасында отырған азаматтар. 13 наурыз 2019 жыл.

Жаңаөзен қалалық полиция басқармасында отырған азаматтар. 13 наурыз 2019 жыл.

Жұмыс таба алмай сенделген тұрғындар өздерінің мәселелерін шешуге билік құлық танытпай отыр деп санайды.

— Әкімге барсақ «қоғамдық жұмыс пен әлеуметтік жұмысқа жолдама береміз» дейді. Біз де ел қатарлы өмір сүргіміз келеді. Қолға 50-60 мың теңге аламыз. 30-40 мың теңге алатындар да бар. Жұмыс туралы айтуға барсақ апарып жауып тастайды. Жаңаөзендегі мектептерден орыс, ағылшын тілдері мен математикадан сабақ беретін мұғалімдік жұмыс ұсынады. Біз мұғалім емеспіз, мұнай саласының мамандарымыз. Енді осылай жүреміз бе? – деп реніш білдіреді өзін Ержан деп таныстырған тұрғын.

«БИЗНЕС ҮШ КҮНДЕ» ЖОБАСЫ

Жаңаөзендік бір топ жұмыссыз сәуірдің 19-сы күні қала әкімдігіне тағы барды. Азаттыққа тұрғындар жолдаған видеода әкімдік алдына жиналғандарға Жаңаөзен прокуроры Бақытжан Жанысбаев пен қалалық полиция басшысы Болатбек Ақшауовтың келгені көрінеді.

Тұрғындардың арасынан кішкентай бала көтерген Мираж есімді жас әйел қала прокурорынан 160 адам қол қойып, наурыздың 18-і күні тапсырған хаттамалары туралы сұрайды. Гүлнәр есімді әйел бес баласының екеуі мүгедек екенін айтып, жұмыссыз жүргеніне шағынады.

— Қолыма алатын 23 мың теңге жәрдемақымен балаларымды қалай бағамын? Кешке үйге барғанда балаларыма не беремін? — дейді ол.

Тұрғындардың жұмыс туралы сауалына прокурор да, қалалық полиция бастығы да жауап бермеді. Прокурор Жанысбаев әкімдік алдына жиналған жұртқа әкімшілік заңның митингі өткізу тәртібі туралы ескерткен.

Мұнай компаниясынан тұрақты жұмыс тауып беруді талап еткен тұрғындардың айтуынша, олар қаладағы «Өзенмұнайгаз» компаниясынан да мардымды жауап ала алмаған.

Жаңаөзендегі спорт сарайында ұйымдастырылған еңбек жәрмеңкесіне келген тұрғындар. 23 ақпан 2019 жыл.

Жаңаөзендегі спорт сарайында ұйымдастырылған еңбек жәрмеңкесіне келген тұрғындар. 23 ақпан 2019 жыл.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Самат Сүлей Азаттыққа берген жауабында жергілікті билік орындарының Жаңаөзендегі жұмыссыздық мәселесін шешумен айналысып жатқанын айтты. Оның сөзінше, Жаңаөзенде әлеуметтік жағдайы төмен 100 отбасына арналған «Бизнес үш күнде» атты жоба қолға алынған.

— Әлеуметтік жағдайы төмен отбасына барып, қолынан қандай іс келетіні анықталады. Біреу киім тіге аламын десе, оған тігін машинасын алып береді, нан, бәліш, торт пісіре аламын десе пеш алып береді, — дейді ол.

Әкімдік өкілі тігілген киім мен пісірілген тағамдар қалай сатылады деген сауалға «Бұл — нарық, дүкендерге апарып өткізеді, жобаны әзірлеушілер оны бақылап отырады» деп жауап берді.

Ал биліктен жұмыс сұрап жүргендер үш күнде бизнес ашу мүмкін емес деп санайды. Бұл жөнінде жергілікті жұмыссыздардың бірі Мақсат Сахиев Facebook парақшасына «Жаңаөзен қаласы жастары үшін бұл бизнес жоспар қиынға соғатын жағдай, қазіргі қымбатшылық заманда өз бизнесіңді дамытуға бір миллион теңге деген ақша ма?» деп жазды.

МОНОҚАЛАДАҒЫ МАҢЫЗДЫ ПРОБЛЕМА

Сәуірдің 12-і күні Маңғыстау облысында мәслихат депутаттары, ардагерлер, бизнесмендер және жастармен кездесуде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңаөзен қаласының дамуы — аймақтағы маңызды мәселелердің бірі деді.

— Негізгі міндет — қала тұрғындарын жұмыспен, баспанамен қамтып, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту. Бұл мәселе бойынша үкімет кешенді жоспар әзірледі. Оны міндетті түрде іске асыру керек. Жаңаөзендіктерді жұмыспен, баспанамен және жатақханамен қамту үшін Ақтау қаласында квота қарастыруымыз керек, — деді Тоқаев.

Жаңаөзен тұрғындары ақпан айынан бері қаладағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бөлім ғимараты мен қала әкімдігі, «Нұр Отан» партиясының жергілікті филиалы кеңсесі алдына жиналып, тұрақты жұмыс сұрап талап қойған. Олар биліктен 150-300 мың теңге айлығы бар жұмыс тауып беруді және жастар мәселесіне назар аударуды сұрайды.

Маңғыстау облыстық прокуратурасы ақпанның 23-25 аралығында Жаңаөзенде «қоғамдық тәртіпті бұзды» деген айыппен 16 адамның әкімшілік жауапқа тартылып, 5-7 тәулікке қамауға алынғанын хабарлаған болатын. Наурыздың 13-і күні Жаңаөзенде билікке талап айтып барған наразы жұмыссыздардан 11 адамды полиция әлдебір іске куә ретінде шақырып, үйінен алып кеткен. Наурыздың соңында Жаңаөзендегі жұмыссыз жастар белсендісі Ержан Елшібаев екі айға қамалды. Оның үстінен «Бұзақылық» бабы бойынша іс қозғалған.

Бұған дейін Жаңаөзен әкімдігі қалада 450 адамға жұмыс барын, алдағы уақытта тағы 500-дей жұмыс орны ашылатынын хабарлаған еді.

Жаңаөзен қаласы Маңғыстау облысының орталығы Ақтаудан 150 шақырым жерде орналасқан. 2011 жылы бірнеше айға жалғасқан мұнайшылардың бейбіт ереуілі полиция халыққа оқ атқаннан кейін тоқтаған. Ресми дерек бойынша, Жаңаөзен мен Шетпедегі оқиғаларда 17 адам қаза тауып, жүзден астам адам зардап шеккен.

2012 жылы мамырда Қазақстан үкіметі «Моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасын» жасап, Жаңаөзенді моноқалалар тізіміне енгізген. Моноқалалардағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға бағытталған бұл бағдарламаға сай Жаңаөзенді дамыту үшін 2013 жылы — 13 миллиард теңге, 2015 жылы — 224 миллион теңге бөлінген.

Жаңаөзендегі негізгі жұмыс көзі — «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамы мен «Қазақ газ өңдеу» зауыты. Ресми статистика бойынша, қалада 130 мыңнан астам адам тұрады. 2018 жылдың алғашқы төрт айында Маңғыстау облысында жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құраған.

Azattyq