Марафоннан кейін 15 күнге қамалған жастардың үкімі өзгеріссіз қалды

0

22 сәуірде Алматы қалалық соты Алматы марафоны кезінде баннер ілгені үшін 15 күнге қамалған Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбаевтың апелляциялық шағымын қанағаттандырмады.

Отырысқа келгендер апелляциялық сот шешіміне наразылық білдіріп, «масқара» деп айғайлады. Олардың кейбірі «Сот шешімі қоғамды жікке бөледі, президенттің өзі ашық сайлау болады деген, сіздер Конституцияны аяққа таптадыңыздар, бейбіт жиын өткізуге хақымыз бар» деді.

21 сәуірде Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты «бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды» (488-бап, 3-бөлім) деп айыпталған Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбаевты 15 күнге қамау туралы шешім шығарған. Екі белсенді де сотта тағылған айыпты жоққа шығарған.

22 сәуірде Алматының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Сүйінбике Сүлейменова, Айдос Нұрболатов және Айгүл Нұрболатовты «бейбіт митинг өткізу ережесін бұзды» деп айыптап, оларға 50 мың теңге көлемінде айыппұл салған.

21 сәуірде Алматы марафоны кезінде полиция бірнеше белсендіні жол жиегіне «От правды не убежишь. У меня есть выбор. #adilsailayuzhin» (Шындықтан қаша алмайсың. Менде таңдау бар. Әділ сайлау үшін) деген жазуы бар баннер ілгені үшін ұстаған.

22 сәуірде бір топ белсенді Алматы қалалық сотының алдына жиналып, Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбаевты босатуды талап етті. Ал Қазақстан ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев​ «ұсталған жастар марафон өткізуге кедергі келтірді» деді.

Azattyq