Алматы марафонында ұсталған тағы белсендіге айыппұл салынды
22 сәуірде Алматы қалалық мамандандырылған әкімшілік соты Алматы марафоны кезінде ұсталған Сүйінбике Сүлейменоваға 20 айлық есептік көрсеткіш (50 мың теңге) көлемінде айыппұл салды. Сүйіндікова «бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды» деп айыпталған
Адвокаты Разия Нұрмышеваның айтуынша, сот Сүйіндікованың аяғы ауыр екенін ескеріп, айыппұлдың көлемін 30 пайызға азайтқан. Қорғаушы апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді.
Алматы қалалық мамандандырылған әкімшілік соты марафон кезінде ұсталған Айдос Нұрболатов пен Айгүл Нұрболатованың да ісін қарап жатыр.
21 сәуірде Алматы марафоны кезінде полиция бірнеше белсендіні жол жиегіне «От правды не убежишь. У меня есть выбор. #adilsailayuzhin» (Шындықтан қаша алмайсың. Менде таңдау бар. Әділ сайлау үшін) деген жазуы бар баннер ілгені үшін ұстаған. Сол күні сот Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбаевты «бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды» деген айып тағып, 15 күнге қамады. Белсенділердің адвокаттары сот шешіміне қарсы апелляциялық шағым түсіретінін айтқан.
22 сәуірде бір топ белсенді Алматы қалалық сотының алдына жиналып, Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбаевты босатуды талап етті.
Ал Қазақстан ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев «ұсталған жастар марафон өткізуге кедергі келтірді» деді.