Телжан Шонанұлына арналған тұңғыш конференция

0

19 сәуір күні Алматы қаласында «ХХ ғасырдың басындағы жазу реформасы: Т.Шонанұлының мұрасы» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. «Мың жылдық тарихы бар, мың бояулы қала» атанған алып шаһарстан – Алматыда әр күні өтіп жататын ұлылы-кішілі іс-шаралардан бүгінгі біздің мақаламызға жүк болып отырған дүбірлі басқосудың мәні бөлек.

«ХХ ғасырдың басы» деген атау – ұлтымыз жөнінен алғанда, бір жағынан «қазақтың көбі кетіп, азы қалған» қасіретті тарихы болып елестесе, бір жағынан қазақ ғылымының жал-құйрығы жетіліп, қазақ халқы ұлт ретінде рухани күрес арқылы күш алып, әдебиет, өнер-білімі өркендеген дәуір болып саналады. Иә, аталған кезеңде  әпербақандар жүргізген алақұйын саясаттың кесірінен қазақ халқы қаншама боздақтарынан айырылды. Әлемдік деңгейде аты аталуға тиісті қаншама ғұламаларымыз мезгілсіз мерт болды, қаншама зиялыларымыздың тағдырын «отыз жетінің» оғы шешті?

Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатов, Халел Досмұхаммед, Елдес Омарұлы, Қажым Басымұлы, Телжан Шонанұлы, т.б. ғалымдар сол кезде тағдыры сұрапыл дауылға дөп келген қаймана жұртына бағдар шам болды. Жаратқан иеміз де ел басына ауыр күн туғанда біздің ұшы-қыйырсыз даламызға осындай ұлы адамдарды сыйға тартқандай. Әрқайсысының өзі том-том аңыз, толағай ілімнен тұратын осы арыстардың дені жазықсыз, жалған жаламен жер құшты.

«Өткен іске өкін, өкінген соң бекін» деген аталы сөзді жадында сақтаған сүйегі асыл алаш жұрты ендігі жерде заманының қабағын бағып, ғылым мен білімге сусындап, өркениетті өркендетудің ұлы даңғылына түсті. Тәуелсіздік алдық. Бір халық жөнінен алғанда, осы дүниеде баламасы жоқ егемендіктің арқасында, отан деп опат болған ғалымдарымыз бен көшбасшыларымызды ақтай бастадық. Ақтық демі үзілгенше арттағы еліне қызмет еткен егей ерлерімізді араға алпыс жыл салып, қайтадан тани бастадық. Жауыңа да тілемейтін ауыр күндерді артқа тастаған қазақ халқы енді «Алаш арыстарының» мұраларының «сайдағы санын, құмдағы ізін» іздей бастады. «Өсетін ел өз тарихын жазады» деген нақыл тегін айтылмағанын, тәуелсіздіктен бергі алаштанушы, тарихшы, филологтар мен басқа да ғалымдардың ашқан ақиқаты, тапқан мұрасы айғақтады. Оған да сан мың  шүкірлік.

Телжан Шонанұлы – көрнекті ғалым, тілші, түрколог, әдебиетші,  аудармашы, ағартушы, педагог.  Ол 1894 жылы киелі Ырғыз топырағында дүниеге келген еді. Жасындай ғұмыр кешкен бірегей тұлға бойындағы барын туған халқының ғылым-біліміне арнады. Ахмет Байтұрсынұлымен бірге оқулықтар жазды. Ғылым мен әдебиеттің әр саласында Т.Шонанұлының қолтаңбасы қалмаған тақырып жоқ. Алаштанушы Мектептегі Аманқостың сөзімен айтқанда: «43 жыл ғұмыр кешкен Телекең бізге  43 кітап сыйға тартып кетті». «Әсіре ұлтшыл» деген қалпақ киген Телжан Шонанұлының тұтқындалуы мен атылуының арасы үш-ақ күн болған. Жұбайы Шаһзаданы да көп өтпей жендет үкімет 34 жасында атып тастайды. Ұлын да қудалап, оның да түбіне жетеді. Осылайша, қазақ халқының аса үлкен бір ғалымының шаңырағының түтіні өшіп кетті. «Алаш арыстарының» жары болған аналарымыздың қай-қайсысының тағдыры оңай болған жоқ. Дей тұрғанмен, сұмырай саясаттың құрбаны болып, сүйіктісімен бірге қыршынынан қыйылған қазақ аруы – осы Шаһзада-ақ болар. Сұм соғыс, солақай саясат, шектен асқан қырғыншыл науқандар кезінде қазақтың айырылған дүниесі аз ба еді. Ішер суы, татар дәмі, көрер жарығы бар, сүйегі асыл жұрт ғасырға жуық уақыт ойранды бастан өткізіп, ақыры есе теңдігін қолға алды.

Биыл қазақтың марқасқа баласы – Телжан Шонанұлының туғанына 125 жыл. Алматыдағы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты бас болып, Халықаралық «қазақ тілі» қоғамы, Ясауи университеті Еуразия ғылыми зерттеу институты, Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы «қаһармандар» РҚҚ Ақтөбе облыстық филиалы қатарлы орындар селбесіп, «Телжан Шонанұлының мұрасын» ұлықтаған көлемді отырыстың куәсі болғаннан кейін, осылайша ұзақтан орағытып, қалам тартып отырмыз.

Аталған іс-шара Т.Шонанұлының мұраларын ғылыми тұрғыда талқыға салған тұңғыш бастама болып отыр. Бұған дейін ғалым Телжанның бес томдығы жарық көріп, жалпыға жол тартқан болатын. Дегенмен, аумалы-төкпелі жылдар бізден адастырып әкеткен арыстарымыздың еңбектерін жинау, баспадан шығару бір бөлек әңгіме де, оны ғылыми айналымға түсіріп, зиялы қауыммен бірге сараптап, «жақсының жақсылығын айтып, нұрын тасыту» бір бөлек әңгіме.

Еуразия институтының конференция залында өткен осы келелі кеңестен көңіліміз тоғайып, көкейдегі көп сұраққа жауап тапқандай болдық. Сөз маржанын терген ғалымдардың баяндамаларынан кейін кешегі кері замандағы кетеуі кеткен ел тарихының ақтаңдақ тұстарына қайта бір үңілгдік. Ең әуелі бізді осы залға жиналған топтың қарасының қалыңдығы  қуантты.

Жалпы жиынның сөз тізгінін қолына алған А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі Институтының директоры, ҚР ҰҒА корр. мүшесі  Қажыбек Ерден, ХХ ғасырдың басындағы ұлт көшбасшыларының ұлы еңбектерін тілге тиек ете келіп, Ахаңның қасында қазақ тілінің ыстығына күйіп, суығына тоңған, көптеген оқулықтар мен әдістемелік құралдар жазған Т.Шонанұлының қазақ ғылымындағы орны туралы тоқталды. Осыдан кейін сөз алған Еуразия институтының директоры  В.Сүмер мырза тамыры тереңде жатқан бауырлас «қазақ-түріктің» ұлы достығы туралы сүбелі сөз айтты. Өткен ғасырда да, бүгінде де осы бір жақындықтың ел мен елдің арасындағы дәнекер екенін байыптап жеткізді. Алаш арыстарын зерттеу бір елмен шектелмей, күллі туыстас түркі жұрты арасында зерттеліп, зерделеніп, дәріптелуі тиіс екенін атап өтті. Ақтөбе облысы әкімінің жүрекжарды құттықтау сөзін алыстан ат терлетіп келген азаматтар жеткізді. Арасында дәстүрлі әнші Мұғира Бек жұрт Байтұрсынұлы қазақ ән қазынасына қосты деп жүрген «аққұмды» әуелетті. Ендігі кезекте кешегі Т.Шонанұлы туралы бүгінгі ғалымдар сәулелі пікірлерін  айтты. Бас баяндамашы Академик Өмірұзақ Айтбаев «Т.Шонанұлының қазақ тіл біліміннің тарихындағы орыны» атты баяндама жасады. «Заманы түлкі болса, тазы боп шалған» ғалым Телкең туралы бүгінгі таңда сексеннің сеңгіріне шыққан танымалы тілтанушы Өмекең кеңірек көсілді:

«Телжан Шонанұлы қазіргі филологтар мен тарихшылар айтып жүргеніндей тек қана тілтанушы, педагог, ағартушы емес еді. Ол әуелі замана ауқымын су төгілмес жорғадай жеткізе білетін, сауатты да сарапшы журналист болған. Қоғамдағы болып жатқан болмыстардың әр қырынан қалам тартқан бірегей тұлғаның бүгінге жеткен жазбаларынан соны байқаймыз. Қазақ тағдырына тікелей қатысы бар қандай тақырып болса да, сөзін іркіп, тартынып қалмаған қасиеттеріне қарап, Т.Шонанұлын публист қаламгер деп айтуға да толық негіз бар.

Телжан Шонанұлының қазірге дейін шыққан томдарына қарап отырып, уақыт өткен сайын сап алтындай жарқырай түсетін еселі еңбектерінің бұдан кейін  де ғалымдар жағынан зерттеліп, ғылыми бағасын аларына сенімдіміз. Сол үшін де Т.Шонанұлының толағай еңбектерінің әр қайсысы бір-бір ұлы тақырыпқа жүк болар құнды мұралар деп кесіп айтуға құқылымыз. Бүгінгі таңда қазақ жазуын біртұтас латын әліпбиіне көшірудің маңызды кезеңінде, ғалымның өткен ғасырда А.Байтұрсынұлының «төтеше әліпбиі» мен латын әліпбиі «тарих таласына» түскендегі ұстанымдарынан бірер сөз айта кетуді жөн көрдік» дей келіп, Т.Шонанұлы еңбектерінің түпнұсқасынан мысалдар алып, алқалы топқа ғалымның сол кездегі ғылыми ұстанымдарын айқындап берді.   

Алаштанушы, профессор Айгүл Ісмақова, А.Байтұрсынұлы мен Т.Шонанұлы жазған оқу құралының оқушы үшін өте құнарлы тұстарын, ғылыми деңгейінің тым жоғары екенін фактілермен жіпселеп жеткізді. Сол кездегі әдістемешілер өмірге әкелген «дауыстап оқу, дауыстап оқыту» әдісінің ұлт ұландарының сауатын ашудағы артықшылықтарын, оқулықтардағы тек қана қазақы ұлттық мақтаныш тудыратын текістер мен мысалдардың көптігін, күллі ғылымның тілін қазақша «сөйлеткенін» нақтылап түсіндірді. «Т.Шонанұлының «Қазақ жерінің шекара мәселелері» туралы еңбегінің бағасын бүгінгі саясаткерлер беруі керек. Ондағы  тамыры тереңге кеткен ұлттық мүдде мен мемлекеттік идеяны бүгінгі заң-саясат тізгінін ұстап отырған азаматтарымыз жете түсінуі тиіс. Бүгінгі оқулықтарды Т.Шонанұлыдай жаза алмай келеміз. Санаға өзгеріс әкелетін кітаби білім – алаш арыстарының еңбектерінде жатыр» деді А.Ісмақова.

Профессор  Фузия Шәмсиқызы Ұлы дала мен мәңгілік ел ұғымын, Тіл, діл, дін, ұлт ұғымдарымен байланысын шымыр жасалған сызбалары арқылы тұтастырып, Т.Шонанұлының ұшан-теңіз еңбектерінің жинақталған картасын көрсетті. Ғалымның аудармашы, әдебиетші, түркітанушы, әдістемеші, педагогтық қырларын жіліктеп түсіндірді. Сөз соңында Ф.Оразбаева Т.Шонанұлы оқуларын университтерде, білім ошақтарында көптеп жүргізу керек екенін айтты.

Осыдан кейінгі сүбелі сөздің кезегін т.ғ.д., Гүлбану Жүргенбаева,  Ақтөбеден арнайы келген өлкетанушы Мырзабай Бекарыстан, профессор Салқынбай анар, белгілі ғалым Мектептегі Аманқос қатарлы сөз зергерлері алды. Олар қиын  күнде қазағын қызғыштай қорғаған Т.Шонанұлының әр қырын аша түсетін, ғылыми баяндамалар оқыды. «Шешіле сөйлеген шешен емес, шеше сөйлеген шешен» деп дана халқымыз айтқандай, алты алаштың өшкенін жағып, өткенін іздеп, өлгенін тірілту жолында, өткен ғасырдың көлегейленген күңгірт тұстарын аша білген ізденімпаз топтың қай-қайсысының да ортаға салған ойлары көкейге конымды, көңілге медеу болды. Қортынды сөзде  нақты атқарылыаиын істер төңірегінде қарар қабылданды. Шыбын жаны шаһиттық болған  ғалым Т.Шонанұлына арналған ауқымды іс-шара алдағы уақыттарда республиканың бірнеше елдімекендеріне жалғасады екен. Т.Шонанұлын тек қана атап өту сипатында емес, қатысты ғылым саласындағы ізденуші, зерттеушілер ден қоя кірісіп, оқулықтарға енгізу керек, ұлылар тағылымын санаға сіңіру керек екені сан қайтара айтылды.

Басқосудың сіргежиярында ұйымдастырушы ұжым алыс-жуықтан келген ғалымдар мен қонақтарға оқалы тон кигізді. Алаш мұралары бас болған кітаптар мен естеліктер сыйға берілді. Тәңертеңгі сағат тоғызда заманауи мәдениет бойынша, қою шай, қоңыр кофе ішіп алып, кең залға жиналған қауым, бесін еңкейе бере тарасты. Бәсіресі мол бастаманың соңы ақтөбеден келген мәрт азаматтардың Т.Шонанұлына арнап берген ас дастарқанында жалғасты.

Бұл реткі алқалы жиынның айтары көп болғаны, жиналған жұрттың сәтке болса да алпыс екі тамыры «рухани жаңғырғаны» әркімнің жүзінен білініп тұрғандай. Аты бар, заты жоқ, тек науқандық деңгейде өтіп кете салатын талай жиналысты көргенбіз. Ал, бұл іс-шараға көлемдірек сөз айтып, көп уақыт шығарып қалам тербеп отырғанымыздың мәні сонда.

 

 

Әділет Ахметұлы,

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты грамматика бөлімінің қызметкері