Нұр-Сұлтандағы сайлау учаскесінде Украина азаматтары дауыс беріп жатыр

0

Бүгін, 21 сәуірде таңертеңгі сағат 8-де Нұр-Сұлтандағы Украина елшілігінде Украинадағы президент сайлауына байланысты ашылған Қазақстандағы жалғыз сайлау учаскесі жұмыс істей бастады. Сайлау учаскесінің төрағасы Виталий Локтевтің айтуынша, түске дейін 57 адам дауыс берген.

— Түстен кейін өзге қалалардан көбірек адам келеді деп үміттенеміз, — деді Локтев Азаттық тілшісіне. Оның айтуынша, таңертеңнен бері Павлодар, Қарағанды, Алматыдан келген азаматтар дауыс берген. Енді қостанайлықтарды күтіп отырмыз деді ол.

Сайлаудың бірінші кезеңіндегідей дауыс беруге шақыру Қазақстан мен Ресейдің 4300 азаматына (Ресейде сайлау учаскесі жоқ болғандықтан Нұр-Сұлтанға жақын аудан тұрғындарының Қазақстанда дауыс беру жағы қарастырылған — ред.) жіберілген.

Сайлау учаскесінің өкілдері жол шығынына байланысты Ресейден аса көп азамат келе қоймайды деп санайды. Украина азаматтары әлемнің 72 елінде дауыс бере алады. Әлем бойынша ең ерте ашылған сайлау учаскесі Австралия астанасы — Канберрада, ең соңғы жабылатын сайлау учаскесі АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында орналасқан.

Президент сайлауының бірінші кезеңі 31 наурызда өткен. Украина орталық сайлау комиссиясының дерегінше, ​Владимир Зеленский — 30,24%, Петр Порошенко — 15,95% дауыс алған.

18 сәуірде жүргізілген әлеуметтік зерттеу қорытындысы сайлаушылардың 57.9 пайызы — әртіс Владимир Зеленскийге, 21.7 пайызы қазіргі президенті Петр Порошенкоға дауыс беруге дайын екенін көрсеткен.

Azattyq