Тоқаевтың тапсырмасы: әкімдер әлеуметтік желіде не бітірді?
Өңір басшылары халықтың мұң-мұқтажын Facebook, Twitter, Instagram арқылы тыңдап жатыр
НҰР-СҰЛТАН, 20 сәуір – Sputnik, Дәурен Ерболат. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдерге әлеуметтік желілерде белсенділік танытып, атқарылып жатқан жұмыстарды халыққа түсінікті тілмен жеткізуді тапсырған еді. Sputnik Қазақстан тілшісі облыс және республикалық маңызы бар қала басшыларының президент тапсырмасын әлеуметтік желілерде қалай орындап жатқанын білді.
Республикалық маңызы бар қала әкімдері
Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов Facebook әлеуметтік желісінде белсенді, 5000 оқырманы бар. Таңертең ерте тұрып, қаланың тіршілігімен танысады. Әкімнің айтуынша, биыл бас шаһарда 13 мыңнан астам ағаш отырғызылады.
Сонымен қатар бүгін Сұлтанов желі арқылы нұрсұлтандықтарға алдағы уақытта ауа-райының қолайсыз болатынын айтып, қалалық сенбіліктің кейінге қалдырылғанын ескертті.
Алматы әкімі Бауыржан Байбек те көштен қалған жоқ. Ол Twitter желісінде жеке парақшасын ашқан. Бүгінде оның 1962 оқырманы бар. Президент тапсырмасынан кейін әкім де халықтың арызын әлеуметтік желі арқылы қабылдайтын болыпты.
Сделал объезд по обращениям из соцсетей. Много нареканий на разрушившиеся за зиму арычные лотки. Поручил усилить контроль и в сжатые сроки исправить все за счет самих подрядчиков в рамках предусмотренных гарантийных обязательств. Благодарю горожан за понимание и обратную связь. pic.twitter.com/O0t3JuCccs
— Бауыржан Байбек (@BauyrzhanBaibek) 17 апреля 2019 г.
»Әлеуметтік желілерден түскен өтініштерді қарап шықтым. Қыс кезінде арық жүйесінің дұрыс жұмыс істемей қалуына арызданатындар көп. Мердігерлерге қысқа уақытта мұны қатаң бақылауға алуды тапсырдым. Қала тұрғындары түсіністік танытып, кері байланыс орнатқаны үшін алғысымды білдіремін», — дейді Бауыржан Байбек әлеуметтік желідегі жеке парақшасында.
Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың жеке парақшасын Facebook және Twitter әлеуметтік желісінен таба алмадық. Сөйтсек, шаһар басшысы Instagram желісінде отырады екен. Оның 35 мыңнан астам оқырманы бар.
Ғабидолла Әбдірахымовтың көпбалалы аналармен кездесіп жатқан сәті
«Көпбалалы аналармен кездесу осылай өтеді», — дейді қала әкімі жеке парақшасында.
Facebook-те белсенді өңір басшылары
Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың әлеуметтік желіде 5 мың оқырманы бар. Оның жеке парақшасынан өңірде не болып жатқанын біле аласыз. Бір жазбада аудан әкімі өңір басшысына қарапайым тұрғынның мәселесін шешіп бергенін айтады.
«Құрметті, Ералы Лұқпанұлы, сіздің жеке парақшаңызға шағымданған Мұнайлы ауданының тұрғыны Орынгүл есімді азаматты қабылдап, заң аясында түсіндіру жұмыстары толық жүргізілді», — деп аудан әкімі өңір басшысына есеп берген.
Ал Ақтөбе өңіріне жаңа тағайындалған басшы Оңдасын Оразалин Facebook-тегі өзінің жеке парақшасында халықпен кездесіп, олардың мәселесін білгенін айтыпты.
«Мен Ақтөбе облысына басшы болып келгелі аз уақыттың ішінде 12 ауданды аралап, көптеген ауылдық округтің тыныс-тіршілігін өз көзіммен көріп, халықпен жүздестім. Олардың мұң-мұқтажын тыңдадым. Облыс орталығындағы қордаланып қалған түрлі мәселемен етене таныстым. Барлық саладағы жауапты қызметкерлерді қабылдап, атқарылып жатқан жұмыстардың мән-жайын талқыладық», — дейді облыс әкімі.
Сонымен қатар Алматы облысының әкімі Амандық Баталов әлеуметтік желі арқылы қарамағындағы қызметкерлерге тікелей тапсырма бере бастағанын байқадық. Өңір басшысының 350 оқырманы бар.
«Талғар ауданындағы саяжайға электр жарығын қосу жөнінде аудан әкімі Рыскелді Сәтбаевқа тапсырма жүктедім. Мұрат Урумханов (Талдықорған облысы полиция департаментінің басшысы – Sputnik) Информбюро сайтында баяндалған мәселені өз бақылауыңызға алуыңызды сұраймыз», — дейді әкім өзінің жеке парақшасында.
Сонымен қатар Facebook әлеуметтік желісінде ШҚО әкімі Даниал Ахметов, Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов желіде тұрақты түрде пост жазып, облыста қандай жұмыстар атқарылып жатқанын хабардар етіп отырады.
Ал Facebook және Twitter әлеуметтік желісінен Ақмола облысының әкiмi Ермек Маржықпаев, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов, Батыс Қазақстан облысы Алтай Көлгінов, Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің жеке парақшасын таба алмадық.
Аталған өңірлердегі ақпаратты әлеуметтік желіде облыс әкімдігінің баспасөз қызметі таратады.
Instagram-дағы әкімдер
Жақында БҚО әкімі Алтай Көлгінов Instagram әлеуметтік желісінде жеке парақшасын ашқан.
Онда ол халықпен жеке кездесу өткізгенін, оған түрлі ұсыныс-өтініштермен 30-дан аса адам келгенін мәлімдеген.
Оның айтуынша, жыл басынан бері әкімдіктегі қоғамдық қабылдауларда 4 400 адам болған.
Ал Көлгіновтің жеке қабылдауында мыңға жуық өңір тұрғыны болып, нақты жауап пен көмек алған.
Сондай-ақ Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов аталған желіде аккаунт ашып, халықпен «басқаша» сөйлесетінін мәлім еткен.
sputniknews.kz