Назарбаевсыз бір ай. Президент ауысты, билік ше?
Қазақстанда 30 жылға жуық билік құрған Назарбаев 19 наурызда кенеттен президент қызметінен кететінін жариялады. Ол мәлімдемесінде сайлау өткенше Қасым-Жомарт Тоқаев президент болатынын айтқан еді. Тоқаев 20 наурызда ант беріп, қызметіне кірісті.
Қазақстанда өткен бес рет президент сайлауы және бір рет президент өкілетін ұзарту жөніндегі референдумда Нұрсұлтан Назарбаев жеңіске жетіп отырды. Кейбір көрші мемлекеттер мен ТМД ның сайлауды бақылаушылары бұл сайлауларды «заңды, әділ өтті» деп мәлімдегенімен, халықаралық ұйым өкілдері, мәселен ЕҚЫҰ бақылаушылары Қазақстанда өткен сайлауларға үнемі қанағаттанбайтын баға беріп келді.
9 сәуірде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа үндеу жолдап, кезектен тыс президент сайлауын жариялауды ұсынды. Тоқаев биыл 9 маусымда президент сайлауын өткізу қажет деп мәлімдеді.
Президент Назарбаевсыз бір ай ішінде билікте қандай өзгерістер болды? Құрылымдық қайта құру, кадрлық тағайындаудан өзге, саяси бағытта жаңа қадамдар байқалды ма? Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей мен Өзбекстанға сапарлары қалай бағаланды? Назарбаев белсенділігі бәсеңсіді ме? Билікте шынайы транзитке ұқсас нақты қандай әрекеттер болды? Президент әкімшілігі мен Тұңғыш президент кеңсесінің жұмысында нендей айырмашылық, ұқсастық, немесе қайталау бар? Осы және өзге де сауалдарды «Дат» газеттер жобасының жетекшісі, ұзақ жылдар оппозициялық саяси журналистикамен айналысып келе жатқан қаламгер Ермұрат Бапиге қоямыз.
Алматы студиясында 15:00 де басталатын Азаттықтың тікелей эфиріне сұрақтарыңызды әлеуметтік желідегі парақтарымыз арқылы жолдауларыңызға болады.