Қалай танымал қыз болуға болады

0

1 — кеңес

Кемшіліктер мен артықшылықтар

Өзің кемшілігің деп санап жүргендеріңнің кемшілік екеніне сенімдісің бе?
Қарап көрейік.
Кейде ірі, толық қыздар өзінің толық денесінен ұялып жатады. Олар өзін түрлі диеталармен, жаттығулармен зорықтырады. Мұның барлығы сенің толық болу жаман деген пікірге сенімді болуыңнан пайда болады.
Толық болған жаман деп саған кім айтты?
Тек сәнбикелер ғана жұрттың алдында қылдай жіңішке белімен, артық салмағы жоқ сымбатты денесімен жарқ-жұрқ етеді. Ал күнделікті өмірде барлығы бұлайша біртекті емес.

Стильді әрі көңілді томпақ қыздар ең сәнді, ұзын сирақты арық қыздарды жолда қалдыра алады. Сондықтан өзіңе ұнамағанның бәрін кемшілік деп ойлаудан аулақ бол. Асықпасаң уақыт өте келе өзіңді түсініп, бағалауды да үйренесің. Ал әзірге бір-екі кеңесті қабыл ал.

Өзіңнің жетіспейтін тұстарыңды мойында. Бұл сенің табиғи болмысың. Сондықтан өзіңді осы қалпыңда жақсы көруді үйрен.
Өзіңнің кемшіліктеріңді жасырып, артықшылық-тарыңды көрсете білуді үйрен. Үйлесімді шаш үлгісі, макияж, киім, аксессуарлар, өзіңді ортада ұстай білуің мен адамдармен қарым-қатынасың — міне өзін сыйлайтын кез-келген қыз білуге тиісті әйел құпиясының сыры осында.

2 — кеңес

Бастысы өзіңді таныта білу

Кейбір қыздар көпшілік көзіне бірден шалынып, өзіне жұрттың назарын аударып тұрады. Ал сол қыздарға зер салып қарасаңыз олардың басқа қыздардан еш айырмашылығы жоқтығын байқай-сыз. Соған қарамастан олар өзіне бірден назар аудартады.
Мұның себебі неде? Өйткені олар өзін көрсете біледі, яғни француз қыздары сияқты әдемі киініп жүреді, әрі жұрттың бәріне қызықты тақырыпта әңгімелесе біледі. Олар өздеріне сенімді, әрі мұны айналасындағыларға бірден сездіртіп тұрады. Орайлы әзілдесе де біледі, сондай-ақ мұны көрсете де біледі.
Міне осындай қыздарды «ортаның гүлі» дейді.

3 — кеңес

Табиғилығыңды жоғалтпа

Кей қыздар сән қуамыз деп, түрлі бояуларды баттастырып, өзінің кімге айналғанын білмей де қалады. Олар баттасқан бояу жаққанда өздерін әдеміміз деп ойлайды, ал шындығында олар сорақы көрініп, айналасындағылардың зәресін ұшырып, жиркенішін тудырады. Көптеген жігіттер қыздардың боянғанын жарата бермейтінін есіңнен шығарма. Олар айта қаларлықтай классикалық белгілері болмаса да (90х60х90 өлшемі сияқты) табиғилықты баса бағалайды.
Бұл талап өзіңді ұстай білуге де қатысты. Сен табиғи, шынайы, жылы жүзді болуың керек. Сонда ғана жұртты өзіңе тарта аласың.

4 — кеңес

Тартымды бол

Бұл дегеніміз қуыс кеуде болма деген сөз. Барлық қымбат пен жақсыны үстіне кигенімен, ол қыздың ішкі өресі болмаса, онымен не туралы сөйлесуді білмесең, он жерден үлде мен бүлдеге оранып тұрса да мұндай қыздар тез жалықтырады.
Көбірек оқы, танымдық теле бағдарламалар мен фильмдер көр, мұражай, театрлар мен көрмелерге жиірек барып, өзіңнің көкжиегіңді кеңейт, спортпен айналыс. Сонда ғана сен көп адамға тартымды көрінесің. Ең бастысы сырт келбетің емес, ішкі рухани байлығың екенін естен шығарма.

Өткен санымыздағы «Қалай танымал қыз болуға болады» тақырыбын-дағы психологтардың кеңесін жалғастырамыз.

5 — кеңес

Жұртпен бірдей болма

Иә, құрдастардың ортасында жұртпен бірдей болмау қиын. Керісінше Нұршат киген кеудеше мен Самалдың сарафанын сенің де кигің келіп тұрады. Кейде қыздар бір-бірімен киімдерін ауыстырып киіп жатады. Ойлап қарасаң сәнді жасайтын сол Нұршаттар мен Самалдар, олар түрліше киініп, жұрттан ерекшеленіп тұрады, құрбылар соларға еліктеп киініп жатады. Олай болса бұл көзқарасты бұзатын уақыт жетті. Өзгеге ұқсамайтын өз стиліңді жаса. Мүмкін алғашында құрбыларың саған одырая қарап «ақ қарға» санар, бірақ кейін олардың өзі саған еліктей бастайды.

6 — кеңес

Өз стиліңді тап

Стиль әр түрлі болуы мүмкін. Ең бастысы оның өзіңнің тұлғаң мен мінезіңе сәйкес келуі. Ол сенің өзіңмен өзің болып, еркін, сенімді болуың үшін керек.
Егер сенің мінезің «анасының қызы» болса, онда шашыңды жасылға бояп, мұрныңа сырға тағудың керегі жоқ.
Ал керсінше сен үнемі көңілді кештердің ортасында жүрсең, саған желбірлі көйлек әсте үйлесе қоймас.

7 — кеңес

Үйден шықпас болма

Бұл дегеніміз — белсендірек болу. Күні бойы үйде жатып теледидар қарап немесе компьютердің алдында отырып жаңа достар таба алмайтының рас.

8-кеңес

Шамадан тыс ұялшақ болма

Әр қызда ұят сезімі бірінші орында болуы керек. Алайда шектен тыс ұлшықтық дұрыс емес. Ол саған адамдармен қарым-қатынас жасауға, достар табуға, оқу мен өмір сүруге кедергі келтіреді. Бұл кез келген жағдайлардан көрініс табуы мүмкін. Мысалы:
• шектен тыс ұялшақтық таныс емес кісіден жол сұрауға;
• сатушыдан сапасыз тауарды ауыстырып беруді өтінуге;
• сыныпта сабақ айтуға қол көтеруге;
• жұрттың алдына шығып сөйлеу мен сахналық қойылымдарға қатысуға да кедергі келтіруі мүмкін.
Тым ұялшақ адамдар біреудің өтінішіне «жоқ» деп жауап беруге де ұялады, соның кесірінен кей-бір пысықайлар осыны пайдаланып олардың мойнына мініп алады. Мұндай ұялшақ адамдар үнемі өз құқығының бұзылуы мен өзін өзгелерден кем санаудан зиян шегеді.
Сондықтан сен біз айтқандай тым ұялшақ болсаң мұндай мінезден арылуға тырысуың керек.