Air Astana айналасында тағы да дау: Қазақ жұлдыздары әуе компанияның кезекті былығын әшкереледі — Қазақстан жаңалықтары
Air Astana әуе компаниясы айналасында кезекті дау туды. Белгілі кинорежиссер әрі актер Нұртас Адамбай барлық талаптарды орындағанына қарамастан, өзінің заңды орнына отыра алмағанын айтып күйінді. Осы уақытқа дейін әуе компаниясын тілдеушілерден қорғап келген Нұртас шикілікке өзі көз жеткізгенін айтты, деп хабарлайды Stan.kz.
«Эйр Астана» әуе компаниясына деген көзқарасым қашанда жақсы болатын. Бірақ бұл жолы бәрі өзгерді. Әуежайға уақытылы келдім, рейске тіркеле бастадым. Бір кезде жүйедегі қателіктің кесірінен бизнес-кластан орын бере алмайтындарын айтты. Шын мәнінде борттағы орын санынан қарағанда билеттерді артығымен сатады дегенді естіп едім. Бірақ өз басымнан мұндай жағдай алғаш рет өтуде.
Яғни бұлар көбірек ақша тапқысы келгендіктен, жолаушылар жапа шегуі керек пе?» — дейді Адамбай.
Ол алдын ала билет сатып алып, әуежайға уақытылы жеткенімен, өзінің заңды орнына отыра алмағанына күйінуде.
«Бұрын әртүрлі блогерлерден «Эйр Астананы» қорғаушы едім, бекер екен», — деп ашынды кинорежиссер.
Бір қызығы, мұндай жағдай Адамбайдың әріптестерінің де басынан өткен екен. Мәселен, актриса әрі продюсер Әсел Сәдуақасова дәл осындай жағдайға үш рет тап болғанын айтады. Сондай-ақ, опера әншісі Нұржаман Үсенбаева да «Эйр Астананың» құрбаны болған көрінеді.
«Нұртас, менің анам жақында елордадан Алматыға келді, басынан дәл осы жағдай өтті. Тіркеудің соңына дейін күтіңіз, рейске біреу келмей қалса, соның орнына отырасыз, деген. Бірақ ол да алдын ала билет сатып алған», — деп оқиғаны баяндады әншінің қызы, танымал актриса Қарлығаш Мұхамеджанова.
stan.kz