Аймақтағы балуандардың дайындығы нашар – Дәулет Тұрлыханов
Фото: автор
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Өңірлерге қатысты мәселе көп, шыны керек аймақтардағы балуандардың дайындығы нашар. Бұл Дәулет Тұрлыханов журналистердің сұрағына жауап беру кезінде айтты.
Оның айтуынша, елдегі күрес түрінің дамуына әр аймақ атсалысуы керек, алайда ондағы дайындықтар қажетті деңгейде емес.
«Елдегі күреске келер болсақ, мәселе көп. Шыны керек, аймақтағы дайындық нашар. Мәселен осы жолы біз кубокты алты салмақ дәрежесі бойынша өткізіп жатырмыз, ал аймақтар тек 2-3 салмақ бойынша ғана балуандар жіберіп отыр. Егер әр өңір барлық салмақ бойынша спортшыларды жіберіп отырса, сайыс та тартысты болар еді. Одан кейін барлық күш бас жаттықтырушыларға түсуде. Іріктелген балуандарды әр жарыс алдында бас жаттықтырушылар әбден дайындайды. Кейін олар өңірлерге демалысқа барып келгенде босаңсып, дайындықсыз келеді. Сондықтан олармен қайтадан жұмыс істеуге тұра келеді. Негізінен әр аймақ өз балуандарын сақадай сай етіп дайындап жіберуі керек. Елімізде спортқа қаржы бөлінбейді деп айтуға келмейді. Бар жағдай жасалуда. Бапкерлер де, спорттық іссапарлар да қаржыландырылуда. Бұл тұрғыда Олимпиадалық комитет пен Спорт министрлігі (Мәдениет және спорт министрлігі — ред.) аймақтық бапкерлерден нәтиже талап етуі керек»,- дейді Тұрлыханов.
Сонымен қатар ол, Олимпиада ойындарына бар жоғы екі жыл уақыт қалғанын және келесі жылдың күзінде еліміздің астанасында іріктеу чемпионаты өтетіндігін жеткізді.
«Жақында өткен Әлем чемпионатына жастарды апардық. Өйткені Олимпиадаға екі жыл ғана қалды, бізге жылдам жинақталып, медаль үшін таласуымыз керек. Бұның алдындағы Әлем чемпионатында ресейліктер алтын медальсіз қайтқан. Осы жолы олар 10 салмақтың алтауынан чемпион атанды. Яғни сараптама жасап, бәрін қайтадан сүзгіден өткізген. Нәтижесінде үлкен табысқа қол жеткізді, тіптен Совет кезінде мұндай жеңіске жетіп көрмеген», — деді ол.
Ертең өтетін сайысқа әлемнің 11 елінен 100-ге тарта палуан қатысады және ол олимпиадалық 6 салмақ дәрежесі бойынша өтеді. Бұл туралы Азия күресі кеңесінің президенті Дәулет Тұрлыханов бүгін БАҚ өкілдерімен кездесу барысында айтты.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ