Мектептегі сенбілік кезінде көз жұмған жасөспірім үйдің жалғыз ұлы болған — Қазақстан жаңалықтары
Өткен демалыста Ақмола облысының Атбасар ауданында сенбілік кезде қайғылы оқиға орын алып, 8-нші сынып оқушысын тоқ соғып, қаза тапқан еді. Қайғыдан қан жұтқан баланың анасы бұған мектеп басшылығын кінәлап отыр. Оқиғаның жай-жапсарын марқұмның анасы, әжесі, мектеп директоры және ауыл әкімімен тілдесіп қайтқан Stan.kz тілшісі анықтады.
Оқиға Атбасар ауданы Мариновка ауылында болған. Түстен кейін, мектеп басшылығы оқушыларды сенбіліккке шығарған. 8 сыныптың үш оқушысы мектепке тым жақын орналасқан темір жолдағы жүк вагондарын көріп, үстіне шықпақшы болады. Бірінші болып, вагонның төбесіне шыққан Асанәлі Төлегенді қуаты күш тоқ ұрып, сол жерде жан тапсырады. Баласының мезгілсіз өлімі анасы үшін ауыр соққы болды.
–Қайғылы оқиға болған күні мен өзім Атбасар қаласына сайлау жөніндегі кеңеске кеткен едім. Маған суық хабарды үйге жеткеннен кейін айтты. Онсыз әрі қарай қалай өмір сүремін?! Асанәлі екі қыздан кейінгі жалғыз ұлым еді. Естуімше, сенбілік кезінде қастарында ересектерден ешкім қадағаламаған. Вагондарды мектептің дәл алдына қайғылы оқиға болмай тұрып, бір күн бұрын әкеліп қойған екен. Бұл жерде мектеп те, темір жол басшылары да кінәлі, –дейді сең соққандай есеңгіріп қалған Асанәлінің анасы Танзелия Махметова.
2011 жылы Асанәлінің әкесі Арман Махметов көлік апатынан қайтыс болған екен. «Шаңырақтың жалғыз ұрпағынан айырылдық», – дейді Асанәлінің әжесі Сара Махметова:
– Басқа жер құрып қалғандай, вагондарды дәл мектептің алдына әкеліп қойған. Не дұрыс қоршауы жоқ. Қоршау деуге келмейтін сыммен кергенше, орнына биік дуылдар қоймай ма? Шаңырақтағы жалғыз ұлдан айырылып отырмыз. Ал вагондар сол жерде әлі тұр.
Асанәлінің соңынан ілесіп, вагонға көтерілмекші болған Әлішер есімді сыныптасы да жарақаттанған. Бірақ, періштесі қағып, аман қалыпты. Қазір Атбасар аудандық аруханасында жатыр. Асанәлінің әкесі жағынан апасы саналатын Гүлстан Махметованың айтуынша, мұндай жағдайдың болуына ең бірінше мектеп басшылығы кінәлі.
– Асанәліні барлық балалар жақсы көретін. Қазақ мектебінен өзге орыс мектебінің оқушылары да онымен жақсы араласатын. Қасында жүруге үйір болатын. Өзім талай мұғалім болып жұмыс істедім. Мұғалім әр балаға жауапты. Егер теміржол мен вагондарға жақындау қауіпті болса, онда мектеп ұжымы алдын алу жұмыстарын жүргізу керек. Егер ескерту жасалса, біздің баламыз ешқашан ол жерге жоламас еді, – дейді Гүлстан Махметова.
Мектеп директоры Сәуле Мұхамедқалиеваның айтуынша, оқу ғимараты 12 жыл бұрын салынған екен. Оған дейін бұл аумақта бұзылған екі қабатты үйлер болған.
«Темір жолға тым жақын орналасқан мектеп оқушыларға аса қауіпті» дейді директор.
– Құрылыс барысында бұрынғы мектеп директоры, қазіргі шаруашылық бөлімінің меңгерушісі құрылыстың жобалаушыларына бұл жерде мектепті салуға болмайтындығын ескерткен. Десе де, олар құлақ аспай, темір жолдан 50 қадам жерге қазақ орта мектебін салды. Вагондар өткен кезде, тіпті, мектеп дірілдеп кетеді. Темір жолдан 100 метр аспайтын жерге мектеп салуға болмайды. Мұндай қауіпті аумақта оқушылардың өміріне ешкім кепілдік бере алмайды. Мына жерде темір жол болса, неге үлкен қақпалар салынбайды? «Жақындауға болмайды» – деп неге белгілер ілінбейді? Оған кім жауапты? Неге жыл сайын біз шырылдай береміз? Неге жылда сенбілікке мұғалімдер шығу керек? Мектеп шығу керек? Территорияны кім жинау керек сонда? Бәрін мектепке әкеліп тіреп қояды. Біздің жан айқайымызды кім түсенеді сонда? Өткенде ғана, Атбасарда осы сұрақты қойдық. Бірақ келесі күні бізді сенбілкке шақырды. Маған да оңай емес, – дейді мектеп директоры.
Осылайша, мектеп директоры үнемі ауылдағы бар жұмысты мұғалімдерге артып қоятынын жасырмады. Сол күнгі темір жол бойына сенбілікке шығу соның бір дәлелі дейді ол.
Ал ауыл әкімінің айтуынша, бұл вагондарды ҚТЖ-дан ауылдағы бидаймен айналысатын кәсіпорын жүк арту үшін алған. Басқа қоятын жер болмағандықтан, мектепке қарама-қарсы тұрған темір жолға әкеліп қойған екен.
– Теміржолдың қызметіне араласуға құқығыз жоқ. Десе де, қауіпсіздікті күшейту үшін тиісті мекемелерге хат жолдайтын боламыз, – дейді ауыл әкімі Досбол Төлеу.
Қайғылы оқиға байланысты темір жол полициясы тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
Арнайы Stan.kz үшін
Ерболат Асылбеков
stan.kz