Әбдінағым КӨШЕР ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ

0

 

 

«…Әуелі әзіл-сықақ әңгімелер турасында айтайық. Шымкенттік талапкер Әбдінағым Көшеровтың әзіл-сықақ әңгіме жазуға икемі бар. Оның «Сөйтсе» атты әзіл-әңгімесі сәтті шыққан. «Түсімді түгел айтып берейін. Футболдан әлем чемпионаты ма, әлде ауыл чемпионаты ма, есімде жоқ, әйтеуір бір жарыс қызу жүріп жатқан. Шабуылшы шып-шып терлеп, доп қуалап келеді. Әне қақпаға да жақындады. Мәссаған, қақпасы қайда? Сөйтсе… шабуылды күте-күте қақпашының қарны ашқан болуы керек, қақпаны құлыптап, өзі асханаға кетіп қалыпты. Шабуылшы қарсыластар қақпасына доп салу үшін үш сағаттай күтіп қалды…»

Әзіл әңгімеден ықшамдап үзінді келтіріп отырмыз. Автордың негізгі айтар ойы – кейбір қырсыздардың еңбекке енжар қарап, еңбек тәртібін бұрмалайтындығы, сөйтіп жұмыстан ерте кетіп қалу кемшіліктері юмор тілімен әжуаланады…»

Мұхтар Шерімов. «Қақпанның» хатшысы, «Оңтүстік Қазақстан» газеті. №63(14115),жұма, 30март, 1984 жыл.

 

 

«Әбдінағым Көшеров мектепті Созақтың сары даласында бітірген. Бір басында жеті өнері бар. Мысалы, ол дарынды суретші. Осы өзіміздің облыстың айнасы – «Оңтүстік Қазақстан» газетіне сонау баяғы жылдарда «Қазығұрт сарыны» деген суретімен елге танылды. Әсіресе Қазығұрт ауданына мәшһүр, оған себеп сол ауданның (Ленин ауданы) бір сұлуына үйленіп алған.

Өте дарынды публицист. Ол он сегіз жасынан бастап-ақ республикалық «Лениншіл жас», облыстық «Оңтүстік Қазақстан», аудандық «Молшылық үшін» газеттерінде мақалаларымен көрініп, жұрттың көзін өзіне әбден үйретіп алды.

Шымкент педагогика институтында оқып, Қарағанды мемлекеттік университетін 1979 жылы тәмәмдап, «Қаржышы және несие беруші» деген мамандық алып шыққан. Ал енді, «Қаржы, несие берушілердің» әдебиетпен үш емес, он рет қайнаса да сорпасы қосылмайды емес пе?! Бұл жағы бәрімізге аян. Бірақ Әбдінағым сол мақалға әдейі қарсы ма қайдам, газет-журналдарда қалам шошаңдатуын қоя алмай жүр. Тіпті «Жалын» журналы 1984 жылы Әбдінағым туралы: «Тазшаға тартқан өтірігі, Қожекеңе тартқан өнері, Алдарға тартқан өлермендігі байқалады екен бұл баланың», деп жазды.

Әбдінағым Көшеров құрылыс, транспорт, тұрғын үйді пайдалану, қаржы жүйелерінде жұмыс істеді. Қазір бүкіл Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Салық инспекциясының Бас салық инспекторы.

Мамандығы басқа болса да әдебиетпен айналысып жүрген әуесқойларды таныстыру біздің міндетіміз. Сондықтан «Жібек жолы» баспа фирмасы осы бір әзілкеш жігітті көпшілік қауымды тағы бір қырынан таныстыра отырып, кітабын жарыққа шығарды. Ескертетіні сол, жинақтағы бірді-екілі әңгімелері бұрын республикалық газет-журналдарда жарық көргені болмаса, олардың басым көпшілігі мен хикасы сол кездегі «техникалық себептерге» байланысты ешқайда жарияланбаған.»

«Жібек жолы» баспасы және Республика Жазушылар одағының

Оңтүстік Қазақстан облыстық бөлімшесі.1993ж

 

«Жібек жолы» баспасынан 1993 жылы Әбдінағым Көшеровтың «Бірі кем дүние» атты сатиралық повесть пен әңгімелер жинағы кітап болып шыққан. Бұл жерде айта кететін жәйт, Әбдінағым қазақ жазушыларының ішіндегі сатира жаноынан повесть жазғандардың ілуде біреуі ғана десек қателеспейміз.

«Өнерді үйрен де – жирен» демекші, бізді Әбдінағымның әдебиеттің әртүрлі салаларынан қалам тартатыны да қуантады. Бұл өзінің еңбек жолында әртүрлі мамандықтарды мен жұмыс түрлерін игергеніндей, жақында қазақтың біртуар ұлы, ХІХ-ғасырда Қоқан басқыншыларына қарсы күрескен жаужүрек батыр, жалынды ақын бабамыз Мәделіқожа Жүсіпқожаұлы туралы тарихи романның бірінші кітабын жазып бітірді.

Газетіміздің бүгінгі және алдағы нөмірлерінде осы «Мәделі» романының Кенесары хан Қасымұлы туралы тарауларының кейбір тұстарын оның биыл аталып өтілмекші болып отырған туылғанына 200 жыл толуы мерекесіне арнап жариялап отырмыз…»

«Оңтүстік Қазақстан» газеті,

№45 (17361), сенбі, 13 сәуір, 2002жыл

 

«Мәделі» роман-эпопеясының бірінші томы – «Маұғлы ханзадасы» оқырмандарды ә дегеннен ойландыратыны кітаптың аталуы. Басында біздер де түсінбедік. Қолжазбаны оқып шыққаннан соң ғана кітап осылай аталуға ылайықты екеніне түсінгендей болдық. Себебі – Ұлы тарихты мына кітап бойынша ақтарып көрер болсақ «ма» сөзі көне түркі немесе сақ тілінен осы кезге дейін шамалы өзгеріске ұшыраған қазақтың «мәуіті-көкшіл» (анығында «мәуіті» – «қызғыш-көк, немесе фиолетовый», бұл бояу шеңгелдің қарамығынан алынады, нағыз қазақы бояу, ал «қырмызы» – қызғылтым көк, яғни «розовый») деген сөзінің мағынасын ұқтырады. Қазіргі түркі тілдес халықтардың көбісі көк түсті «мауы» дейді.

Автор бұл көркем шығармада осы сөзді ғылыми әдіспен емес, «маұғлы» кейінгі «Көктіңұлы» деген сөз екенін кітап кейіпкерлерінің сөзімен дәлелдейді. Тіпті осы «ма» түбірі «массагеттердің» – («ма»+«сақ») бұрынғы «көк сақтар» немесе кейінгі көктүріктер екенін және Шығыстың «Маугли» ертегісі қазіргі түркі тілдес халықтардың қасқыр асырап алған бабалары туралы екендігін, Маугли шын мәніндегі өзіміздің көктүрік немесе солардың қазіргі тікелей жұрнағы «Көктіңұлы» екенін айтады. (Себебі орта ғасырды Моғолстан әскерлері Үндістанды жаулап алып Ұлы Моғол империясын орнатып, үндінің көп бөлігін ислам дініне кіргізді. «Маугли» ертегісі Үндістанда Көктіңұлы ғұламаларының айтуымен пайда болды. Сосын тағы айта кетерлігі Моғол сөзі бұрмаланған, шыны Мағұл немесе Маұғлы. Себебі Моғолстан мемлекеті Көк Орда хандығының негізінде пайда болған) Біздің алысты жатқан көне тарихымыз көп өзгеріске қшырамайтыны заңдылық деп білсек, онда қазіргі Мажарстан да сол бағзы жер іздеп Европаға кеткен көктүріктерден қалған қазіргі бауырларымыз, яғни бұндағы «ма» – көк болса, «ажар» – бет әлпет, сонда мажар дегені «көктүсті» деген ұғым болса керек…

Қолжазбаны оқығанымызда, біз бұл кітаптың мынадай бағыт-бағдарларын байқадық, яғни көркем шығармалылығымен қоса тарихилығы, ғылымилығы, сол уақыттағы елдегі экономикалық жағдайдың айқын көрсетілуі, ұлттық әдет-ғұрып, этнографиялық танымдылығы, отансүйгіштік тәрбиелілігі, патритизммен бірге күш-қуат бірлігі, солармен қатар махаббат лирикасы да бар…

Кітапта айтылған уақиғаларға арнап иллюстрациялық суреттерді автордың өзі салыпты.

Әбдінағым Көшеров бұл жерде жазушылығымен қоса, дарынды суретші екенін де көрсетіпті. Мысалы осы кітаптың соңғы беттеріндегі суретке қараңызшы. Сонда Мәделі қасында бұхаралық жолдастарымен әкесі Жүсіпқожаны Бұхарадан шығарып салып тұр. Он тоғыздағы жігіт – Мәделі әлі жастығынан ба, әлде батылы жетпей, ауылда қалған Таһминаның хал-жағдайын әкесінен сұрай алмай, әдеп сақтап, пұшайман жағдайда тұрғанын көресіз. «…Туған елдің аясын сағынғаннан ба, әйтеуір, Көкбестінің кісінеуінде зарлы үнді қимастық бар…» деп, кітап аяқталады. Мына сурет соны көз алдыңа келтіреді. Мына екі мұңлықтың туған елін сағына, көкжиекке қадала қарап, ұзап бара жатқан отандастарының сңынан құйғыта шаба жөнелгілері-ақ келіп тұр ғой!…

Кітапта тілдің көне ерекшеліктері де кездесіп қалады. Уақиға шашыраңқы емес, қолдан жонылғандай жұмыр. Қызғылықты және сенімді…»

«Ғасыр-Ш» баспасы. 2003ж.

 

 

«Ғасыр-Ш» баспасынан қалыңдығы екі еліден астам, түрлі-түсті болып әсем безендірілген кітап жарық көрді. Өз оқырмандарына енді ғана жол тартқан «Мәделі» роман-эпопеясының бұл бірінші кітабының аты – «Маұғлы ханзадасы» деп аталынады. Авторы Оңтүстік өңіріне белгілі қаламгер Әбдінағым Көшеров.

ХІХ ғасырдағы ұлттық тұлғалардың айтулыларының бірі, Қоқан хандығына қарсы азаттық күресінің қайраткері Мәделіқожа Жүсіпқожаұлының қолобасшылық және отауызды, орақ тілді ақын екендігін бұрын еміс-еміс ғана білетін оқырман, бұл кітапты оқу барысында тарихи бай деректерге қанығып, батыр, ақын баба жайында мол мағлумат алары хақ.

«Мәделі» атты бірнеше кітаптан тұратын эпикалық шығарманың бірінші кітабы автордың бұл іске батылдықпен, үлкен ізденіспен қол ұрғандығын бірден аңғартады. Тілі бай, тарихи даталары барынша нақтыланған, тілдің көне ерекшеліктері орнымен қолданылған бұл тарихи жәдігерлік туындыны қолға алған жан өкінбейді. Танысыңыз – алдыңызда Әбдінағым жазушының «Маұғлы ханзадасы»

С. Бек. «Ақиқат-истина» газеті,

№27 (192), сәрсенбі, 16.07.2003жыл.

 

«Жазушы Әбдінағым Көшеровтың «Ей, перзентім, біліп алғын!» деп аталатын ғибратнама жинағына пікір.

Әбдінағым Көшеровтың шығармалары көпшіліктің көңілінен шыққан. Ол туралы жергілікті баспасөздерде талай жазылды да. Өзінің стилі бар, айтары бар, тек өзіне ғана тән қолтаңбасы бар жазушының бұл қолжазбасы бұрынғы өткен, қазіргі қазақ оқырмандарына оншалықты таныс та емес ғұламалардың өсиетнамаларынан үзінділер келтіре отырып, шығыс ғұламаларының ізімен жазылыпты. Ақылдан гөрі ақша билеген қоғамға мұндай кітаптар ауадай қажет екені өзінен-өзі түсінікті. Қолжазба бірсыдырғы, қарапайым тілмен жазылған. Оқырманын мезі ететін басы артық ақылгөйсу, қызымырлану да жоққа тән. Бар салмақты оқырманның өзіне салып қойып, айтарын айтып шығатын қолжазба, шын мәнісінде шығыстық үлгідегі ғибратнама болып шыққан. Қолжазба егер кітап болып шыға қалса, есі бар оқырманның іздеп жүріп оқитын дүниесіне айналғалы тұр. Себебі бұрынғы өткен Дана Хикар, Әзіреті Әлі, Кейқауыс, Қожа Ахмет Йассауи, Абай секілді кісілердің ғибратнамаларын бүгінгі көзқараспен салыстыра отырып, аталмыш ғұламалардың жазбалары бүгінгі күні де қоғамға ауадай қажет екенін, тіпті әрбір отбасы үшін таптырмайтын дүние екенін сезінесіз. Мұнда өмір сүрудің заңдылықтары, тіршіліктің тылсымға толы құпиялары ашыла түседі. Қолжазбаны оқыған біздер бұл дүние қазіргі қазақ қоғамына аса қажетті шығарма деп түйдік.

Қолжазба Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалына келіп түскен сәттен бастап, мұны бірнеше қаламгерлер қарап шықты. Бұл туралы арнайы мәжілісіміздің хаттамасына да бұл қолжазбаның аса зәру дүние екені айтылды.

Анарбек Оңғарұлының қолдауымен шыққалы отырған осы қолжазба да біздің рухани қазынамызға қосылатын сүбелі дүние болмақшы.

Қолжазба авторы Әбдінағым Көшеровке сәттілік тілеп, жазар көбейсін дегіміз келеді.»

Әбділда Аймақ, Халықаралық Физули атындағы

сыйлықтың лауреаты, ҚР мәдениет қайраткері,

Қазақстан Жазушылар одағы Оңтүстік Қазақстан

 облыстық филиалының директоры

 

 

«Қарымды қаламгер, қайталанбас қолжазба»

Тәңір берген талантын өз шығармашылығының мехнаты мен рахатына қатар жұмсап жүргендердің бірі – жазушы Әбдінағым Көшеров десек, жалаң айтқандығымыз болмас, сірә.

Ол «Бірі кем дүние» атты сатиралық повесть пен әңгімелер жинағының, «Маұғлы ханзадасы», «Дүрбелең» сынды тарихи-көркем романдардың авторы. Публистикалық шығармалары мен сатиралық мақалалары мерзімді баспасөз беттерінде үзбей жарияланып келеді. Жақында ол өз оқырмандарын  тағы бір тың туындысының жарыққа шығуымен қуантып отыр. «Ей, перзентім, біліп алғын!..» деп аталатын қолжазбаның өскелең ұрпаққа айтар өсиеті мол деп ұқтық, еңбекті ерінбей оқып шыққаннан соң. Шынында да солай.

Әр дәуірдің адамы әрқилы өседі. Біздің кезеңнің жастары, жасыратыны жоқ байлықты – бір ғана ақша мен мансап деп ұғынған тұсқа тура келді де, материалдық жағдайды жақсарту мақсаты ғана болып қалды. Ал рух мәселесі, рухани дүниеге ұмтылу жайы кейінгі орынға шегерілді. Сондықтан да мұндай қолжазбаның дүниеге келуін қоғамның өзі сұранып тұрғандай. Туынды алдымен күллі жаратылыс иесі – бір Алланы тануға, жастарды өнер-білімге ұмтылуға, жаман әдеттен аулақ болуға, жақсы жар мен айнымас дос таңдай білуге үйретуді мақсат еткен. Сондай-ақ жігіттік дәуреннің қадіріне жете білуді, қарттық кезеңнің зейнеті мол шақ екенін, нәпсі мен тәпсінің ара-жігін ұқтырады. Еңбекте Дана Хикар, Әзіреті Әлі, Кейқауыс, Қожа Ахмет Яссауи, Ибраһим (Абай) сынды ғұламалардың ғибратқа толы өсиетнамаларынан үзінділер молынан пайдаланылған. Қолжазбаның тұла бойынан болашақ ұрпақ тәрбиесіне қажетті, танымдық, тәлімдік әсері мол, мәнді де мағыналы жәйіттер жиі кездеседі. Бұл жазушышың толайым ойының толастамағанын, керісінше дарын қуатының оған әлі талай тыным таптырмайтынын аңғартса керек, әсте. Қалай десек те Ә. Көшеров кездейсоқ жазушы емес екенін дәлелдеп үлгерген қаламгер…

Б. Сапарханұлы. «Шымкент келбеті» газеті.

№28 (881), 13 шілде, 2007 жыл 

 

 

«БҰЛ ӘН БҰРЫНҒЫ ӘННЕН ӨЗГЕРЕК…»

Шырайлы Шымкентке арналған әндер аз емес. Өлең де. Әсем қаламызға кө-ө-өптеп ән арнасақ артықтық етпейді, әрине. Солардың ішінен шоқтығы биік боп жақында тағы бір әннің тұсауы кесілді. Дұрысы гимннің. Шымкент қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткізілген «Шымкент қаласы туралы ән» республикалық байқауында «Шымкентім – гүл қалам» атты ән бас жүлдені жеңіп алды. Әннің сөзін жазған – Әбдінағым Көшер, сазын жазған Құралай Сәтмұханбет. Сазды да назды әндерімен көптің көңілінен шығып жүрген сазгер Құралай Сәтмұханбеттің әні гран-приді иеленуін заңды құбылыс деп бағалағандар жетерлік. Өйткені әннің әуені өлең сөзімен өріле жымдасып, дара дараланып тұрғаны да бек шындық. Ал, мәтінін жаған Әбдінағым Көшер есімі әнсүйер қауымға тосын естілгені рас. Осы уақытқа дейін оқырманға «Маұғлы ханзадасы», «Ей, перзкнтім, біліп алғын!..», «Бірі кем дүние» атты кітаптарымен белгілі жазушының өлең жазатыны талайларды таң-тамаша еткен. Қос жанрға қалам тартып жүрген тума таланттың бұл өнері көпшілікті сүйсіндіріп тастады. Бұл байқауда өлең өлкесінде өзіндік өрнегі бар небір нарқасқалар мен марқасқалар бақ сынады. Тарланбоздардың арасынан суырылып, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығу да оңайға соққан жоқ. Бірақ, «Шымкентім – гүл қалам» атты әннің мәтініне мән берген адамға қаламыздың бүгінгі әсем келбеті өлең тармақтарынан өріп шыға келетінін байқау қиын емес. Оны ұғуға тек, көңілдің көзі, зерденің зейіні болса жетіп жатыр. Көркем тілмен көмкеріліп, әсем әуенмен әспеттелген ән шымкенттіктердің талғам биігінен шыға білді. Мұны байқау барысында көрермендердің ыстық ықыласынан-ақ аңғару қиын емес еді. Байқауда бақ сынаған 20-дан астам әннің тарланбозын танып білу әділқазылар арасында да оңайға соққан жоқ. Талғамы мен талабы таразы басын теңестірген Оңтүстіктей киелі өңірдің жұрты да асыл мен жасықтың ара жігін ажырата біледі. Ертеңгі күні Шымқаланың гимніне айналар әннің тап оты киелі сахнада тұсауы кесіліп, әділ бағасын алары да бек сенімділік білдіріп, қошеметтерін аямады. Алқалы додаға түскен әндердің арасында бүгінгі жастардың сүйіп тыңдайтын айқайы мен шуы басымдары да болды. Көзі ашық, көңілі ояу көрермен құлақ түндырар мұндай әндерге қошемет көрсеткен жоқ. Ұлттық нақышы басым, көңіл пернесін дөп басатын «Шымкентім – гүл қалам» әні орындалғанда күптігей көңілдері қоңылтақсып отырған көрермен «е, бәсе!» десіп қалды. Бас бәйгені қанжығасына байлаған ақын бұл жөнінде: «Туған жеріне, тұрғылықты қаласына кез-келген адамның ықыласы алабөтен ыстық болады ғой. Әу бастан-ақ Шымқалама керемет өлең арнасам деген мақсатым болған. Прозамен айналысып жүргендіктен, өлеңдерімді жасырып, жарыққа шығаруға құлқым болмай жүрген. Енді кәсіби емес, әуесқой ақын ретінде өлең жаздым. Прозада да, поэзия саласында да шығармашылық жөнінде кеңесіп тұратын ұстаздарым бар. Бірі – Мархабат Байғұт, енді бірі Әбілда Аймақ. Әбілдаға өлеңімді бір көрсетіп алмақ болып едім, іссапарға шығып кетіпті.Сайлау науқаны ғой. Хабарласқанымда: «Өлеңдеріңді оқығам, Жақсы. Сен тіке композиторға бар» деді. Белгілі композитор Құралай Сәтмұханбетке алып барғанымда ол кісіге ұнады. Бірақ кейбір шумақтарына өзгеріс ендіруімді сұранды. Алдыңғы жазған өлеңім таза патриотизмге құрылған еді. Құралай маған «таза патриотизмнен гөрі ішінде лирика болуы керек, себебі ұраншылдық бұрынғы кеңестік заманға тән сияқты болып көрінеді. Сондықтан бүгінгі демократиялы қоғамда өсіп келе жатқан жастар патриотизмнен гөрі лирикаға бейім» деді. Рухани ұстазым Мархабат Байғұт та біраз ұйқастарды өзгертсең қалай болады деп ақыл қосты. Құралайдың шығарған әуені маған қатты ұнады» дейді.

Әрине, жүректен шықпаған дүние жүрекке кірмейді. Бұл жағынан ақын да, сазгер де биік белестен көріне білді. Рухыңды биіктетіп, жан дүниеңді баурап алатын ән дүниеге келді. Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек… Ендеше талғамы биік көпшілікке ұнары сөзсіз.

Гүлжан Жұмашқызы. «Евразия-kz» газеті

№44 (151), 2 қараша, 2007 жыл.

 

«Әбдінағым Көшердің мамандығы экономист, бірақ оны шымкенттік оқырмандар сатирик-жазушы, журналист ретінде біледі.

Оның 2003 жылы «Ғасыр-Ш» баспасынан «Маұғлы ханзадасы» атты тарихи-көркем романы жарық көрді. Биыл Әбекең сол эпикалық шығарманың «Қоқан қырғыны» деген атпен жалғасын жазып бітірді. Бұл кітап орыс және Қоқан басқыншыларына қарсы қазақ халқының 1837-1842 жылдар аралығындағы азаттық күресін баяндайды. Жазушы бұған дейін бізге белгісіз болып келген, ақындардың жырларында ғана жазылған оқиғалар негізінде ХІХ ғасырдың ортасында өткен оқиғаларды сөз етеді. Көркем туындының жас ұрпақ тәрбиесіне қосар үлесі де аз емес…»

«Оңтүстік Қазақстан» газеті.

 №131 (18344), 23 тамыз, 2007 жыл.

 

ҚАЗАҚ ТАРИХЫНА ТАҒЫ БІР ТУЫНДЫ ҚОСЫЛДЫ

Жақында қолыма «Үш батыр» аталатын жаңа роман түсті. Кітап бұрындары жарық көрген «Маұғлы ханзадасы» және «Дүрбелең» романдарының жалғасы. Қызықты уақиғаларға толы. Кейбірі тарихта белгілі болғанымен , тың жағдияттар да жеткілікті.

Әбдінағым Көшеровтың «Үш батыр» атты жаңа романының жарық көруі Қазақ хандығының 550-жылдық мерекесімен тұспа-тұс келді. Мұнда тарихи уақиғалар суреттеледі. Абылай хан өлгеннен соң Қоқан бектігі, Бұхар әмірлігі, Ресей патшалығы және Хиуа хандығы Қазақ жерін талапайға түсіре бастайды. Сол кезде Бұхар әмірлігі Сырдың бергі бетіне өтіп, Шымкент пен Түркістанды өзіне қаратқан екен.

Ал қоқандықтар 1808 жылы Шымкентті, 1814-жылы Түркістанды өздеріне қаратқан. Жызақ келісімі бойынша Сырдың оң жағалауы Бадамға дейін және Шардара мен Қосжарсуат Бұхара қарамағында қалады. Оның себебі Жызақ бұрын Бұхараға қарасты Көктіңұлы хандығының орталығы еді. Оның Абылай хан тірі кезіндегі ханы Рүстем деген кісі болған. Кейін Жая хан болады. Ол бір тиянақсыз болғандықтан оны Бұхар әмірі Жызақтан шығарып жіберіп, Далаға айдайды. Жая хан әмірдің жарлығымен Қосжарсуатта Орда тігеді. Кейін ол тақтан кеткеннен соң, әмір Көктіңұлына Жүсіпқожаны хан тағайындаған. Мына үшінші томда осы хандықтың қалай жойылып кеткені туралы баяндалады. Жазушы баяндауында сенімді шыққан.

Мәделінің Кенесары көтерілісіне қатысқаны, қырғыз еліне барғанында шығарған өлеңдерін кезінде «Жұлдыз» жұрналында Бақтыажар Әбілдаұлы жариялағанды. Оны ол академик В.В. Радловтың 1870-жылда шыққан он томдық еңбегінен алған екен. Осыған қарап отырып, І. Есенберлиннің «Қаһар» романындағы Кенесарының оң қолы Сайдақ қожа осы Мәделінің прототипі екеніне көз жеткіземіз. Себебі Сайдақ қожаның да, Мәделіқожаның да фамилиялары Жүсіп ұлы болып жазылған. Екеуі де Бұхарадан келіп қосылған.

Екеуі де Кенесарыны оқ-дәрімен, зеңбірекпен жабдықтайды. Оның үстіне Мәделі Кене ханның туған қарындасы – Қалипаға үйленген. Одан өрбіген ұрпақтар қазір Шымкент пен Ақбұлақта тұрып жатыр.

Мені таң қалдырғаны – Кенесары ханның кесілген басы туралы уақиға болды. Кітапта көрсетілген нұсқа сенімді. Себебі, Эрмитаждағы Кенесары ханның бас сүйегі жалған болуы мүмкін. Кенесары денесімен бірге еліміздің оңтүстігінде арулап қойылған. Сол кездегі намысы мықты қазақтар өз ханнының басын жат қолына тастамай, ел ішіне әкеліп, сонда да жаудың каһарынан секем алып, мүрдені ешкім білмейтін орынға жерлеген. Ал Омбыға кеткен бас бөтен. Романда оқырмандар ойламаған осындай уақиғалар көп. Мұның өзі оқырмандарды тарта түседі.

Әрине, көркем шығармада жазушы түрлі тәсілге баруы мүмкін. Дегенмен, ұлт намысын, ер намысын ойлаған қаламгер осындай қадамға барып отыр. Ьұны түсінуге болады.

Қазақ тарихы туралы жазғандар көп емес. Сондықтан Ә. Көшеровтың осынау туындысын қазақ тарихына қосылған үлкен олжа деп білгеніміз жөн.

2016 жылы қазақтың үлкен ақыны Мәделіқожаның туылғанына 200 жыл толады. Бұл еңбек ақынның мерейтойына жасалған ылайықты тарту деп білеміз

Ілияс Мақаев, А, Асқаров атындағы

 №71 ОМЛ директоры

 «Оңтүстік Қазақстан» газеті,

№29-30 (20057) 20 ақпан, 2016 жыл.

 

 

 

ӘБДІНАҒЫМ КӨШЕРОВТЫҢ

«ДҮРБЕЛЕҢ» РОМАНЫН ОҚЫҒАНДА

Кітаптың алғашқы тарауы Бұхара әмірі Насыролланың Мәделіні Қазақ Тұранындағы Құмкентке елшілікке жұмсауынан басталады. «Тасшкентте қоқандықтар қазақтарға қастандық жасауы мүмкін» деген сыбыс бар, ол рас па, өтірік пе белгісіз, лажы болса Қасым әулетінің сол дуанға қатыспауларын өтін. Бірақ қастандық хақында оларға ташық айтпа, себебі ол нақты емес. Біз «қастандық жасалады» деп, бірақ ол жасалмай қалса, біз қазақтардың алдында өтірікші болып, абыройымыздан айырылып қаламыз, әрі олардың дуанға келмегендері біздің себебімізден екенін Қоқан біліп қойса ондағы жүрген біздің елшілерімізге зияндары тиюлері мүмкін. Қалай дегенмен де сақ қимылдап, екі жаққа да жақсы көрінгейсің. Қасым төренің аман қалу-қалмауы сенің қолыңда…» дегенінен, сол кезде, яғни ХІХ ғасырда қазақтармен кімнің жау, кімнің дос екендігі өзінен өзі көрініп тұр. «Қасым төре» деп тұрғаны Абылай ханның баласы – Ресей өкіметінің реформасына қарсы келген Қасым сұлтанның, хандық жүйені сақтап қалу жолында Қоқан хандығымен бірігу әрекеті болғандығы белгілі. Қасымның балалары – Саржан, Есенкелдіні бірнеше нөкерлерімен Ташкент билеушісі алдап алдап шақырып алып, у беріп өлтірткені тарихи шындық. Бұн Әбдінағым Көшеров осы «Дүрбелеңінде» сенімді баяндайды. Бұл көрініс тарихи кітаптардың төресі – Іляс Есенберліннің «Көшпенділер» трилогиясының үшінші кітабы «Қаһарында» да дәлелденген. Бірақ та «Дүрбелеңде» уақиға тіпті басқаша өрбиді. Өте тың оқиғалар. Кенесарыны Ташкенттің зынданынан Мәделіқожаның құтқаратын эпизодтары сенімді суреттелген. Кенесарының туған қарындасы – Қалипаның Мәделіқожаға қалыңмалсыз тиетіне де осы уақиғадағы ерліктер себеп болса керек. (Бұл Майлықожа жырларында да бар) Шындығында Әбдінағым романға сол замандағы ақын-жыраулардың толғаулары мен жырларын арқау етіп алған. Себебі романдағы негізгі уақиғалардың барлығы дерлігіне, тарау мен тақырып басында сол заманғы ақындардың жырларынан үзінді келтіріп отырады. Оқиғалар романда да, жырда да ауытқымайды. Романда көркем беріледі және уақиғалар үзіліп қалмайды, бірін-бірі жалғап, оқырманға түсінікті болып отырады. Яғни Әбдінағым романды жазар алдынды Мәделіқожаның өмірбаянын тарихи тұрғыда да, ғылыми тұрғыда да әбден зерттеп алған сияқты.

Кітапта баяндалатын Ташкент, Түркістан, Шымкент және өзге аймақтары Қоқан хандығының қол астына өткен  1810 жылдан Қазақ Елінің оңтүстік өлкесі 1867 жылғы Ресей империясының Түркістан генерал-губернаторлығы құрылғанға дейін қоқандықтар: Ақмешіт, Жаңақорған, Күмісқорған, Шымқорған, Шолаққорған, Созақ және т.б. бекіністерді салып және жөндеп үлгерген болатын. Бұл кезеңде Хиуа мен Бұхара Қоқанға қарағанда әлсіздей болды да, онымен тайталасқа түсе алмады. Ондағы халықтың зары Мәделінің (1816-1888) өзінің шығармашылығында да кездеседі.

Қаламгер Әбдінағым аталмыш кітабында ежелден келе жатқан ұлттық құндылыққа, ата-баба салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарды сақтауға, ана тіліміздің негізі тілдік қорының сақталмауы, олардың бұзылу себептерін ашық айтып отырады. Мәселен Абылай ханның немересі, Қасым сұлтанның қызы Қалипамен Мәделі сөз байласарда Мәделіге шарт қоюы. Ауыз әдебиетінің үлгілері жыр-дастандар, ертегі, аңыз әңгімелерде текті қызды алуда, қыздың жігіттерге үш шарт қоюы кездеседі.

Тектіліктің көрінісі «Дүрбелеңде» бура (қос өркешті түйенің еркегі) мен үлектің (жалғыз өркешті түйенің еркегі) арасындағы шайқасты «Келе ішінде бір нақсүйер малға таласқандай» (13-бет) деп, айшықтап өтеді. Оралхан Бөкей шың басындағы тау текелерінің күйекке таласып сүзісуін, Мұхтар Мағауин жайлаудағы үйірге таласқан айғырлардың шайнасуын жеткізе суреттеуі қазақтың тектілікке келгенде басқа халықтардан озық екендігі табиғатынан көрсетіп тұрса керек.

Қорыта айтқанда «Дүрбелең» романын оқығанда оның сәтті жазылған дүние екеніне көз жеткіздік.

Оразалиев Сейдалы, М.Әуезов атындағы ОҚМУ Гуманитарлық институтының аға ғылыми қызметкері, доцент

 «Оңтүстік РАБАТ» газеті,

№20 (297), 18 мамыр, сәрсенбі, 2016 жыл.

 

САҒЫМДАНҒАН, САҒЫНДЫРҒАН – СОЗАҚ ДАЛАСЫ

Әбдінағым Көшер Созақ даласында өсіп, сонда орта білім алды. Мамандығы бойынша әдебиетші емес. Ол Алланың берген таланты арқасында жастайынан-ақ прозалық шығармаларға, яғни көркем әңгіме жазуға құмар-ақ болатын.

Әбдінағым оқушы кезінен сатираға құмар еді. Мектепте қабырға газетінің редакторы болды. Содан студент кезде де, жоғарғы оқуды бітіріп келгеннен соң да сатира әлемінде өзінің шығармаларымен танылды.

«Қазақ әдебиеті», «Оңтүстік Қазақстан» сияқты қазақ газеттерінде «Қызыл етік», «Әнбикенің әлегі», «Пәштуәннің тойында», «Жеңгейдің бұйрықтары» және т.б. әзіл әңгімелері жарық көрді. Ол казақтың ең атақты сатириктері Оспанхан Әбубәкіров, Көпен Әмірбековтермен арқа-жарқа әңгімелесіп, қатысып тұрды.  Енді сонау бір жетпісінші жылдары, кеңес өкіметі кезінде сатиралық әңгімелерімен облысымызға, қалаберді республикамызға танымал бола бастаған жерлес жазушымыздың шығармашылығы жайлы аз-кем әңгіме өрбітіп көрелік.

1993 жылы «Бірі кем дүние» деген сатиралық повесті мен әңгімелер жинағы жарық көрді. Кітап уақиғалары біздің оңтүстікке тән. Негізгі уақиғалар Созақ өңірінде өтеді. Оның себебі Әбдінағым жастық, жігіттік кезін Созақ даласында өткізген. «Бірі кем дүние» жинағындағы повесте Шолаққорғандағы өзі білім алған пансионат туралы жазады. Ал кітапқа енгізілген басқа әзіл әңгімелер Созақ даласындағы Жуантөбе елді мекенінде өрбиді.

Әбдінағым Республикалық ақындар фестивалінде бас жүлдені және лауреат атағын иеленген. Біз оның Созақ өңірі туралы сағынышты өлеңдері хақында кішкене ғана мөлтек сыр айтпақшымыз. Ең әуелі оның еліне деген сағынышын білдіретін «О, қасиетті Созағым!» деген өлеңін толық келтірейік:

О, қасиетті өскен жер, далам – Созағым!

Сағынып сені, ұмтыла құшақ созамын.

Тарих ғой куә, алады бастау өзіңнен,

Хандарым – Ұлы – Жәнібек – Керей – Қазағым.

Болып па едің, сен Созақ деген ауданда?

Даласы көркем бұлбұлды бақша-баудан да.

Тынысың кеңіп, көңілің күндей ашылар,

«Одаман бұлақ», – асудан әрі ауғанда.

Даласы қиян, сілемді асқар таулары,

Етегі гүлді, жайнаған бақша-баулары

Сағынып келсең, шашыңнан сипап, аймалар

Арқадан ескен, керімсал самал-саумалы

О, білім алған – Шу, Тасты, Шолаққорғаным!

Жақсылық беріп, жаманнан талай қорғадың.

Жастығым өткен, Шу бойы – елді мекендер!

Сағыныш толы, сәлемдерімді жолдадым.

…Ойхой-ой, шіркін, айналып қайта, келсе тез.

Күттірмей мені, алдымнан шықса сол бір кез!?

Айрылмас едім, жібермес едім, арман-ай!

Оралар ма екен, қызығы нағыз, мол бір кез?

Созақтық көрсе, «бәрін айтпай, бірін айт!»

Айтары маған: «ауылға жаным, барып қайт!»

Шаршадым жүдә, қалалық ауыр тірліктен,

Осы еді қалқам, білгіңіз келсе, біздің жайт…

Міне елге деген сағыныш. Қайбір адамның аяғына оралған күйкі тірлік кімді де болса еркіне жібермейді. Тура осы жағдай оның «Бірі кем дүние» атты кітабында былай келтіріледі: «Мына бір ескі қолсөмкедей, тауықханаға жарамайтын мыжырайған кепе сонау-у бір кезде зәулім де кең, сәулетті болатын. Әр нәрсе заманына сәйкес. Қайбір дүниелік болмасын өз уақытында ғана дәуірлейді. Ол кезде осы Шошақтаудағы (Шолаққорғандағы) үйлердің барлығы осындай жәпірейген тамдар болғандықтан ба, оның мұндай пәс, ажарсыз, кішкентай екенін пансионат балалары сезбепті-ау! Оларға бұл үйдің соншалықты жайлылығы әлгі қораштықтарын тіпті байқатпайды екен. Енді қараса сол Шошақтау (Шолаққорған) бойынша ең еңселі, ажарлы, мықты, көрікті үй деп жүрген пасионат орналасқан жай, қазіргі көк тіреген, бірнеше қабатты биік, әшекейлі, ауқымды ғимараттармен салыстыра қарағанда жүдә жүдеу. Тек ғана шиқылдауық көк есіктен кіріп-шығып жүрген, құлақтары қалқиған бірді-екілі балаларды көріп, сонау-у өткен жылдардағы балалығы есіне түскендей ме, сол балалық шаққа томағалы бүркіттей ұмтыла, қопаңдай ұша жөнелгісі келіп, бірақ көтеріле алмай, дегбірсіздене, қипақтай, сабырсыздана, жаңағы жәпірейген үйге қиыла қарап, қимастай толғанды. Кеудеде сағыныш бар. Сол кездерде қадіріне түсіне алмаған талай жақсылықтар, уақыт өткен сайын құмарыңды арттырып, аңсата беретіні несі екен?» Бұл жазушының балалық шағын өткізген Шолаққорғандағы пансионатқа сағынышы болуы керек.

Созақ даласының қыздарының сұлу екендігіне ешкімнің таласы болмас. Әбдінағымның сол сұлулардың біріне арнап, 2006 жылы «Шымкент келбеті» газетінде жарияланған «Қайдасың «Шу-дария» сұлуы…? өлеңінінен үзінділер оқиық:

Гүліндей қырдың,

Қызындай үрдің,

Кездестім саған, сұлуым!

Нұрланды өмір,

Жарасты көңіл,

Арнадым сезім жылуын.

Тоғайы Шудың

Арасы нудың

Жасырды бізді, жырақтай

Оңаша болып,

Қуаныш толып,

Көзіміз жанды шырақтай

…Көргенде сені,

Қуантып мені,

Шіркін-ай, көңіл тасыр ма?!

Сағыныш сезім,

Бұлдырай көзім,

Жанарға тұнар жасым да!

…Ән-жырым едің,

Аяулым менің!

Қайда сол күндер қымбат тым?!

Іздеумен көңіл,

Өтер ме өмір,

Көрінші бір сәт, сымбаттым!

…Сағынып жазған,

Жауапсыз қалған,

Сарғайды беті, хаттың да.

Өтті ғой уақыт,

Өмірлік бақыт,

Басқадан әлде, таптың ба?!…

Пах, шіркін махаббат! Ақын сағынышын осылай білдіреді. Әбдінағымның өлеңдерінің көбісі отансүйгіштікке достыққа арналған. Оның Созақ өңіріне арнаған үш өлеңінен қысқаша үзінділер келтірейік. Ол «Сыныптастарыма» деген өлеңінде:

Жастық шақта «кім көрінген» дос еді,

Көңіл шіркін соларменен хош еді,

Ықыласты, арсын-күрсін аңқылдақ,

Мынау жалған дос болмаса бос еді.

Жан ләззәтін доссыз қалай аласың!?

Жазады ол жанның, тәннің жарасын.

Жастық өтті, ал достарым бұл күнде,

Алшақ кетіп, алыстап-ақ барасың!

Жанға шуақ сәуле шашып, қарасып,

Жастық шақта жүруші ек, жарасып.

Құмсағаттың ағып жатқан құмындай

Достарым-ау, неге азайып барасың!?

…Шаршағандай ұзақ уақыт сырласып,

Жұлдыздардай жылжып кеткен қыр асып,

Алтын ұя – ортамыздан жырақтай,

Қайда жүрсің, кімге жүрсің сыр ашып!?

…Дос болсаң да бауырыңмен, жастықта,

Жас келгенде көңіл кетті жаттыққа.

Айтқан Абай, бұдан ғасыр ертерек:

«Елу бесте сенер адам таптық па!?»

– деп, достықты жырласа, «Көңіл елге асығар» деген өлеңін өскен жеріне арнайды:

 

Шалқар көлдей айдынды Шудария өзені,

Тереңінде шортандай, көңіл шіркін жүзеді.

Сезім де-сел толықсып, толқи құмға жеткенде,

Шашыраған моншағын бұлқи судан үзеді.

 

Талықсып бір талғанда, сағыныштың өзегі

Киік-көңіл киелі дала шарлап кезеді.

Албырт шақтың думаны қайта еске түскенде,

Күпті көңіл ашқарақ қасқырша ұлып, безеді.

 

Жуантөбе, Тасты, Шу, көңілдің жай-мекені.

Рас ғой бұлар қимас бір, жұмақ мекен екені.

Таза көңіл, сағына, аңсар елін зарыға,

Арып жүрген даланың, секілді ақ бөкені.

 

Ал «Құмкенттөбе» деген өлеңінен үзіндісінде:

 

 

Неше мың өткен жылдарды басынан-кәрі асырып,

Ықылым-көне беттерін, қойнына тығып, жасырып.

Көрсетіп тарих көзіңе, ежелгі талай ғасырлық.,

Құмкенттөбе сұлап жатыр, киелі

…Едігедей ұланы, Ноғайлыға хан болған,

«Қырымның қырық батыры» Құмкент-шәрінен топталған.

Солардан қазір жәдігер, біреуі де жоқ қалған,

Құмкенттөбе сұлап жатыр киелі.

…Жанашыр біреу бар болып, намысы оттай қайнаса,

«Төбеге» жасап қамқорлық, халыққа келсе пайдасы

Үмітпен күтіп уақытты, басқаша қандай айласы?

«Тарихи-төбе» сұлап жатыр киелі.

Кел, басымызды иелік!

– деп, елдегі елеусіз қалып бара жатқан тарихи жәдігерлерге жанашырлық танытады. Оқырманды тарихи төбені қорғауға шақырады. Әне жерлесіміз Әбдінағым Көшеровтың жазушылық, ақындық өнері туралы, оның ішінде өзінің жастық шағы өткен Созағы туралы азғантай ғана мөлтек сырымыз осы.

Мекенбай Атабайұлы. «Әділет» газеті,

 №29-30,19.08.2016 жыл.