Әйелдер ісі жөніндегі ұлттық комиссияның жаңа мүшесі тағайындалды
Астана, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының жаңа мүшесі болып Қарагөз Сүлейменова тағайындалды.
Коммия отырысында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Елбасы Жолдауындағы міндеттерді орындау маңызды екенін атап өтті.
«Ұлттық комиссиясының осы жылдағы соңғы отырысын өткізіп отырмыз. «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты биылғы Жолдауда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуға тиіс деп атап өткен», — деді ол отырыста.
Осы орайда Мемлекеттік хатшы президенттің жастар мәселесіне баса назар аударуды тапсырғанын жеткізді.
«Мемлекет басшысы алдағы жылды жастар жылы деп жариялауды ұсынды. Аталған бастамалар жастар арасындағы отбасы құндылықтарын нығайтуға бағытталған. Осының барлығы ұлттық комиссияның ауқымды міндеттерінің бірі болып саналады», — деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Кейін ол ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының жаңа мүшесін таныстырды.
«Сіздерге ұлттық комиссияның жаңа мүшесін таныстырамын. Ол – Қарагөз Сүлейменова. Ол – Қазақстан еңбек сіңірген қайраткері, телевизия саласында балалар әйелдер мәселесімен шұғылданады», — деп түйіндеді сөзін Мемлекеттік хатшы.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Ұқсас сілтемелер:
Дереккөз: BAQ.KZ