Трамп Йемендегі әскери кампанияны қолдауды доғару ұсынысына вето қойды

0

16 сәуірде АҚШ президенті Дональд Трамп Йемен аумағының басым бөлігін бақылауына алып, Иран үкіметі қолдайтын хуситтерге қарсы соғыс жүргізіп жатқан халықаралық коалицияға америкалық әскерилер көрсететін көмекті доғару туралы конгресс қарарына вето қойды.

АҚШ президенті әкімшілігінің мәлімедесінде «мұндай қарарды қабылдаудың қажеті жоқ» деп жазылған. Ақ үй «конгресс президентті атқарушы билік ие айрықша құзыреттен айыруға тырысып жатыр» деп санайды.

Сауд Арабиясы жетекшілік ететін коалиция 2015 жылы хуситтерге қарсы бастаған әскери кампания құрбандарының саны өскенін айтқан АҚШ конгресі аумақтағы америкалық әскерилердің елден кетуін сұрап, коалицияны қолдаудың кез келген түрін доғаруды талап еткен.

Алайда Трамп «АҚШ қолдауы коалицияға мүше елдер аумағында тұратын 80 мың америкалық азаматтың хуситтердің Йеменге жасайтын шабуылынан қорғап тұр» деді.

«Йемен тұрғындары бомбаға емес, гуманитарлық көмекке мұқтаж» деді қарарды ұсынғандардың бірі, демократ-сенатор Берни Сандерс.

Басылымдар «қарарды қолдайтындар президент ветосының күшін жою үшін жеткілікті дауыс жинай алмайды» деп жазады. Президент Трамп қызметіне кіріскен екі жарым жылдан астам уақыт ішінде конгресс қарарларына екінші рет вето қойып отыр. Жыл басында ол Мексика шекарасындағы төтенше жағдай режимін алып тастау туралы ұсынысқа вето қойған.

Араб мемлекеттері арасындағы ең кедей ел — Йеменде Сауд Арабиясы жақтайтын үкімет әскері мен Иран қолдайтын хусит көтерілісшілері төрт жылдан бері соғысып жатыр. Соғыс басталғалы он мыңнан аса адам қаза тапқан. Ел экономикасы әбден тоқырап, миллиондаған адам аштықтың аз-ақ алдында тұр.

Azattyq