Баспасөз еркіндігі рейтингінде Қазақстан бір саты төмендеді
«Шекарасыз тілшілер» халықаралық журналистер құқығын қорғау ұйымы Дүниежүзілік баспасөз еркіндігі индексін жариялады. Рейтинг бойынша, Қазақстан 180 елдің арасында 158-орын алып, бір жыл ішінде бір саты төмендеген.
«Шекарасыз тілшілер» жазуынша, Қазақстанда «билік ауысып жатқанда орнаған екіұштылық соңғы жылдары режимнің қорқынышы мен мықтап ұстап тұрған жерін жіберіп алмауға деген ұмтылысын күшейтіп жіберген». Ұйым «2013 жылы елде негізгі оппозициялық газеттер жабылды, қалғандары заң қысымынан соң тарап жатыр» деп жазады. «Тіпті сәл ғана сынай жазатын басылымдардың өзі биліктің қырына ұшырайды» дейді құқық қорғау ұйымы.
«Шекарасыз тілшілер» ақпаратынша, Қазақстанда «полиция журналистерді жиі ұстайды, интернет қатаң бақылауда», ал блогерлерді «абақтыға не психиатрлық мекемелерге қамайды».
Есепке қарағанда, сөз бостандығын шектеу бойынша постсоветтік елдер мен Түркия «алда тұр». «Одаққа мүше болған елдердің үштен екісі индекстегі 150-позициядан төменде, ал олардың жалпы көрсеткіші Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка деңгейіне дейін түсіп кеткен» деп жазады ұйым.
2018 жылы әлемде, ұйым дерегінше, журналистерге деген өшпенділік артқан. «Өшпенділікті таратуға лауазымды саясаткерлердің өздері күш салады. Авторитарлық режимдер де солардан үлгі алады. Бұл — демократияға төнген қауіп» дейді ұйым.
Нұр-Сұлтан Қазақстанда «тәуелсіз БАҚ пен журналистерге қысым бар, сөз бостандығы шектеледі» деген мәлімдемелерді бірнеше рет жоққа шығарған.